Кейбіреулер үшін әдеттегідей көрінетін нәрсе басқаларға таңғаларлық және түсініксіз болуы мүмкін. Басқа ұлт өкілдерінің әдет-ғұрыптары туралы да, салт-дәстүрлері жайлы да осыны айтуға болады. Бүгін біз филиппиндіктердің кейбір ұлттық әдеттері туралы айтпақпыз. Олардың кейбіреулері тек таңғалдырып қоймай, сонымен қатар адам бойына қорқыныш ұялататыны жөнінде әңгіме өрбітпекпіз.
Жалпы Филиппин 7107 аралы бар, тұрғындары 100-ден аса тілде сөйлейтін мемлекет. Ал тілді айтпағанда қаншама этнос өкілі тұратыны бір Құдайға аян.
Бұл елде сәлемдесу рәсімі жас ерекшеліктерге байланысты әрқилы. Мысалы, жас жігіт үлкен кісіні көрген кезде басын изеп, оң қолымен үлкен кісінің оң қолын ұстайды. Кейін саусағының ұшын оның маңдайына тигізеді де «мано по» деп айтады. «Мано» – қол, «по» – құрмет деген мағына береді.
Филиппинде өлген адам денесін аулада немесе өздері тұрып жатқан үй астына жерлейді. Бұл бәрінде болмаса да кейбір отбасыларда қалыптасқан қызық әрі біртүрлі ұстаным. Мәйітке байланысты тағы бір ерекше факт: Сагада провинциясында денені жерлемей, тау жоталарына іліп қояды. Адамдар мәйіт қаншалықты жоғары орналасса, оның Құдай алдындағы дәрежесі де соншалықты жоғары болып есептеледі деп ойлайды. Әрі жер түбіндегідей адам денесі қорланбайды деген түсінік те қалыптасқан. Кейбіреулері тіпті тірі күнінде өз табыттарын дайындайды екен. Сондай-ақ, өлгеннен кейін дене ыдырап кетпесін деп арнайы ерітіндімен өңдейді. Бұл, әрине, ежелден келе жатқан дәстүр болғандықтан мұны ұстанатындардың да саны азайған. Алайда арасында таудан жаңа табыттарды байқауға болады.
Филиппин мұхит жағалауындағы мемлекет болғандықтан онда теңіз тағамдары, сонымен қатар шошқа еті өте танымал. Басқа Азия елдерінен артықшылығы, филиппиндер тағамға пальма майын қосады. Сондықтан, дайындаған тағамдары өте құнарлы болып келеді. Олар көбіне кокос, ет және көкөністер қосып тамақ жасайды. Ол «guinatan» деп аталады. Дәл осы тағамды олардың ұлттық тағамы деп айтуға болады. Сонымен қоса филиппиндіктер күніне 4 мезгіл міндетті түрде күріш жейді. Олар үшін күріш біздегі нан сияқты.
Бұл елдің тұрғындары кешігуді жақсы көреді. Яғни, олармен кездесу жайлы келіссеңіз, 1 сағаттан кейін өзіңіз де асықпай келе берсеңіз болады. Әрі оларға асығып жүруге болмайды, ал кешіккені үшін ренжуге тіпті болмайды.
Биналонан қаласында «өсек тарату» заңмен тыйым салынған. Қала басшыларының сөзінше, ғайбаттау әртүрлі ұрыс-керіске себеп болады. Сол үшін жаман сөз айтуға кеткен уақытты жақсы іске жұмсау қажет. Заңды бұзғандар 200 песодан (16 586 теңге) басталатын айыппұл төлейді немесе қоғамдық жұмыстарға тартылады.
Біз үшін таңсық, жат болып көрінген нәрселер олардың күнделікті өмірдегі қалыптасқан тіршілігі. Әр елдің ұстанымы өздігінше ерекше екені рас.
Айғаным АЙТМҰХАН





