Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы мен «Талдықорған көркейту» ЖШС «Kazakhstan Eco Development» ЖШС атты Корей компаниясымен өзара әріптестік туралы келісімге келді. Бұл келісімшарт қалдықтардың қоршаған ортаға тигізетін кері әсерін азайтуға бағытталған.
Қоқыс газынан электр энергиясын өндіру арқылы парниктік газдар шығарылымдарын қысқарту жөніндегі халықаралық инвестициялық жобаны іске асыру мақсатындағы құжатқа облыстық басқарма басшысы Айдос Бекетаев, «Kazakhstan Eco Development» ЖШС директоры Бэ Санг Хен және «Талдықорған көркейту» ЖШС директоры Владимир Қауысбеков қол қойды.
Келісімнің мақсаты – тұрмыстық қатты қалдықтарды қайта өңдеуді дамытуды және полигонда қалдықтарды көму кезінде пайда болатын қоқыс газынан электр энергиясын өндіруді көздейді. Әріптестік жыл соңына дейін жарамды және аймақтағы экологиялық жағдайды жақсартуға бағытталған маңызды шараларды қамтиды.
Полигонға қызмет көрсететін аумақты «Талдықорған көркейту» ЖШС ұсынады, ал «Kazakhstan Eco Development» ЖШС нысан құрылысын өз есебінен жүргізеді.
Шетелдік компанияның осындай жобаларды іске асырудағы тәжірибесі мол. Олар ендігі кезекте аймақтағы ауаға тарайтын зиянды газдардың мөлшерін азайту жөніндегі міндетті табысты іске асыру үшін қажетті ресурстарды қабылдауға дайын.
Қажет АНДАС





