Жайлы қоғам, баршаға қолайлы орта қалыптастыру мемлекеттің басым саясаты. Оның негізінде әрбір қазақстандықтың өмір сүру сапасы артуы тиіс. Мемлекет басшысының әрбір билік сатысына артқан міндеті – осы.
Жетісу өңірінде еліміздің жүйелі саясатын жүзеге асыруда ауыз толтырып айтар қарекет бар. «Баршаға тең мүмкіндік» тудыру мақсатында тұрғындардың көгілдір отынға қолжетімділігі арта түсуде. Мәселен, Ескелді ауданындағы еңбектен тау тұрғызған тұлғалар ауылы саналатын Н.Алдабергенов елді мекенінің тұрғындары апта соңында көгілдір отынға қол жеткізді.
Салтанатты шараға аудан әкімі Елдос Ахметов, облыстық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Данияр Ысқақов, мердігер компания өкілдері және ауыл тұрғындары қатысты. Аудан басшысы өз сөзінде халықты құттықтап, тұрғындардың әлеуметтік жағдайын оңтайландыру мақсатында атқарылатын жұмыстарды айтып қуантты.
– Әрбір тұрғынның қолайлы ортада өмір сүруіне жағдай жасау үшін қарымды қарекет етудеміз. Мемлекет басшысының тапсырмасына орай халықтың салауатты өмір сүруі үшін таза ауызсу, қолжетімді медициналық қызмет, сапалы жол, тағысын тағыларды жүзеге асырып келеміз. Аудандағы тұрғыны көп ауыл саналатын батыр бабамыздың атын арқалаған елді мекен жұрты ендігі ретте көгілдір отынның игілігін көрмек. Жоспарға сай ауылда ауызсу мәселесі де жуырда шешімін табады, – деді аудан әкімі.
Қазір Алдабергенов ауылында 6200-ге жуық абонент бар. Осынша тұрғынның тұрмыс тауқыметі жеңілдейді деген сөз. Бұл үшін ауқымды жұмыс атқарылды. Бюджеттен 756,5 млн. теңге қаралып, 107 шақырым желі тартылды. Аталмыш жұмыстарды «Компания ГазСтрой» ЖШС жүргізді.
Көгілдір отынның игілігін алғашқылардың бірі болып Марат Бекеновтың отбасы көруде. Аудан әкімі осы шаңырақта болып, қуаныш иелерін құттықтады.
– Көп жылдан бері күткен қуанышымыз ғой. Ендігі ретте көмір тасып, от жағудан арылдық. Осындай жайлылықты туындатқан атқамінерлерге алғыс білдіреміз. Бастысы, әрбір қазақстандық осындай игі дүниелерге қол жеткізе берсін, – деді Марат Бекенов.
Айта кететін жайт, аудандағы 33 елді мекеннің 21-і газдандыруға жатады. Қазір ауданда 5 елді мекенге көгілдір отын жеткен. Сонымен қатар, 11 елді мекенді газдандыру жұмыстары жүргізілуде. 3 елді мекенге жобалық- сметалық құжаттама әзірленуде. Кезең-кезең бойынша жүзеге асырылып жатқан жұмыстар нәтижесінде 2025 жылдың соңына дейін ауданның 41 мың тұрғыны бар 21 елді мекені табиғи газға қол жеткізеді.
Дастанбек САДЫҚ





