Байқайсыз ба? Байқап тұрып бас шайқайсыз ба? Талай киноға арқау болған зомби деген бәле шын өмірде бар екен. Бір емес, мыңнан екен саны оның. «Эврика» деп жаңалық ашқан Ньютонға түк қатысымыз жоқ. Оның үстіне біз айтқан зомби да жаңалық емес. Кәне, көрсет дейтініңіз дайын тұр. Үйдегі жастарға қараңызшы. Не істеп, не қойып отыр? Қасқайып кітап оқып отырмағаны белгілі. Есесіне қалтафонға телміруде. Құдды дүрмек-дүниенің мәнін сол құрылғыдан тапқандай. Міне, сізге тірі мысал.
Адамның жануардан айырмашылығы санасында. Кісінің бастаушысы – санасы. Бірақ, сол сана дегенді әбден улап жатырмыз. Себеп неде? Қалтафонға құмарлықта. Ғалымдар жиі дабыл қағады. Оның да өз жөні бар. Смартфоннан шыққан көзге көрінбейтін толқындар қауіпті дерттердің ошағы екен. Қауіпті десе де өшіккендей сол дүниеден бас көтермейміз. Құдды мінгестіргендей отырамыз. Жаратқан аманат еткен денсаулыққа зиян келтіріп жатқанымызды түйсінеміз бе?
Мәселен, Астана қаласында қалтасында тұрған телефон жарылып, оқушы ауыр хәлде ауруханаға түскен. Дәл сол секілді жағдай Қаскелеңде Дарья Сотникова есімді арумен де қайталанды. Байланыс құрылғысын қуаттап, жастығының астына қойып жатқан. Содан телефоны жарылып, жанары жарық әлемнің сұлулығын көру мүмкіндігінен айырылған.
Санамалай берсек мысал да, тәмсіл де жетеді. Қауіп барын айтса да ескертуге елең қылмаймыз. Балалар арасында көз ауруы белең алуда. Оған да себеп – телефон. Баланың қажеттілігін өтеуді жұрт бұрыс түсініп жүргендей. «Балалар тыныш болсын», «Жөнсіз жыламасын» деген желеумен ата-ана үйде жүргенде ұялыны ұстата қояды. Не істеп, не қойып жатқанына алаң қылған жұрт жоқ. Қайбір жылы балалардың өміріне қауіп төндірер «Көк кит» («Синий кит») деген ойын шықты. Жасөспірімдерге әлеуметтік желі арқылы түрлі шарттар орындатты. Абырой болғанда елімізден ешкім қаза таппады. Осы ойын шектелді. Доғарылды. Бірақ, әлдебіреулердің осындай арам ойын экранның арғы бетінде отырып іске асырмасына кім кепіл? Сондықтан балаларды қалтафонның құлы қылмас үшін қам керек. Данышпан Абай: «Адамның бір қызығы бала деген» дейді. Хакім сөзін түзесек өкпелей қоймас, «Адамның бар қызығы бала деген». Ал сол қызығымыздың өмірі үшін күресу қажет.
Әуелі балаға уақыт бөлу керек. Көп жас ата-ананың қолы бос еместігі, уақыттың тапшы болуы қорғаны іспетті. Сан соқпас үшін өз қажеттілігіне жұмсар уақытты балаға арнаған абзал.
Баланы смартфоннан мүлдем ажыратуға да болмайды. Уақыт талабы – жаңа технология. Өз дәуірлестерінен кешеуілдемес үшін мүмкіндік жасалуы тиіс. Бірақ, шектеу болған құп.
Үшіншіден, баланың телефонда нені көріп, қандай ойын ойнап жүргенін бақылаған абзал. Әдетте интернетте ақпарат көп, бірақ оның бәрі шынайы болмайды. Бала деген – сұрақ. Сол кеудесіндегі туындаған сан сауалға жауапты жалған ақпаратпен толтырмасын.
Қалтафонға телмірген заманда одан ажырап өмір сүру мүмкін емес. Тек оның құлы болмауға қарекет еткен абзал. Артық және шектен тыс пайдалану кез келген дүниені қауіпті етеді.
Жұлдыз ҚОЖАХМЕТОВА,
ЖУ-дің студенті





