Ұрпағының жетістікке жетіп, абыройлы болып, елдің ықыласына кенеліп, халықтың алақанында жүруі – кез келген әкенің асқақ арманы. Бұл межені асырып орындағандар да бар, сол жолда еңбектеніп жатқандар да көп. Өмір жолында ғана емес, спорттық мансабында да әке үмітін ақтау жолында аянбай тер төгіп жүргендердің бірі – Исхар Құрбаев.
Әкесі әрі бапкері Мұхамет Нұғыманов бала жастан күрес әліппесімен таныстырып, бүгінде айла-тәсілге мықты, тәжірибесі әр сын сайын толысып келе жатқан бозбаланы қатарға қосты. Алып бәсекеде күш сынасқан құлыны қатарластарынан әлдеқайда епті, білекті көрінді. Жақында ғана Иордания астанасы Амманда өткен жастар арасындағы әлем чемпионатында 55 келіде күрескен қазақ балуаны қарсылас шақ келтірместен тұғыр төрінде тұрды. Финалда әзірбайжан Фарид Садихилиді 5:1 есебімен жеңгеннен кейін қуаныштан кілем үстіне жүгіріп шығып, еліміздің Көк байрағын ұлының үстіне жауып, шаттықтан көзіне жас келген әке бейнесі көрген жанға ерекше сезім сыйлайды. Грек-рим күресінен жастар арасында қазақ балуандары әлем чемпионатында жеңіссіз келе жатқан, 7 жылдан кейін чемпион болған жанның да қуанышында шек жоқ. Осыған дейін Әсет Мәмбетов (2000, 2001), Нұрбақыт Теңізбаев (2003), Артур Үмбетқалиев (2006) және Тамерлан Шадукаев (2016) сынды жастар арасында топжарған санаулы азаматтың қатарына өз есімін жазды.
Исхар осыған дейін ел аузына жиі ілігіп, әлемдік сында жүлде алып жүрді. Мәселен, кадеттер арасында 2018 жылы әлем чемпионатында қола, Азия біріншілігінде күміс алса, 2019 жылы Азия чемпионатында қола медальға ие болды. Әр белесті ретімен бағындырып келе жатқан балуанның жоспары да көп. Жастар арасында әлем чемпионатының алтынын алып елге оралған сәтте әуежайдан қаумалап күтіп алғандар көп болды. Сол сәтте ел тілегі де, балуанның айтқаны да Олимпиада жөнінде болды. Төртжылдықтың басты додасында топ жару – кез келген спортшының арманы.
– Жаттығуларымды үзбеймін, әлі де шыңдалу керек, орын алған қателіктермен жұмыс істеу қажет. Алдағы Олимпиада ойындарына қатысып, ел намысын абыроймен қорғағым келеді. Барша қолдаған жанкүйерлерге, туған-туыс, достарыма алғыс білдіремін. Жаһан жарыстарында ел Туы биік тұрсын, Әнұран әуелей берсін, – дейді чемпион Исхар Құрбаев. Олимпиада уақыты да күн санап жақындап келеді. Парижде өтетін сайысқа бір жылдай уақыт бар. Сол аралықта кейіпкеріміз барын салып кілемде өзін көрсетпек. Бұл істі әкесі де қолдайды, әр қадамын қуаттай түседі. Грек-рим күресінен Нұрбақыт Теңізбаевтан кейін Олимпиадада жүлде алған қазақ балуаны жоқ. Жетісулық балуанның даңқты жолын келесі жетісулық қайталасын деп тілейміз.
Исхар Құрбаевты Алматы әуежайынан да, Талдықорғанның кіреберіс қақпасынан да ерекше ықыласпен күтіп алды. Құттықтаушылар саны көп. Тілек білдірген әр азаматтың ниеті, өзі қолдап келген балуанның Олимпида тұғырында тұруы. Бір меже бағынса, келесі бір биіктің менмұндалап тұратын әдеті. Жастар арасында жарқырап жүрген балуан кілемде кідірместен жеңіске жете берсін.
Серік ҚАНТАЙ





