Сарқан ауданына ресми сапармен келген облыс әкімі Бейбіт Исабаев алдымен жергілікті тұрғындарды қабылдап, халықты алаңдатқан мәселелер жайын тыңдады, деп хабарлайды 7su.kz желілік басылымы.
Алдағы жылы аса ауқымды жоба – Балқаш көлінің жағалауын инфрақұрылыммен қамтамасыз ету жұмыстары басталмақ. Аталған жоба бойынша көл жағалауының 16 шақырымы инженерлік коммуникациялармен қамтылмақ. Құрылысқа қажетті қаржы республикалық бюджеттен бөлінетін болады.
Сөз орайы келгенде Бейбіт Өксікбайұлы Балқаш көліне дейінгі жолдың толық жөнделіп бітуі алдағы жылдың қыркүйек айына жоспарланып отырғанын атап өтті. Жағалауға инженерлік коммуникациялар салу жөніндегі жұмыстар да сол кезде басталмақ. Мұның өзі болашақта өңір туризмін дамытуға айтарлықтай серпін бермек. Өткен жылдың өзінде ғана көл жағалауындағы 18 нысанда 17,5 мың адамның демалғанын ескерсек, ондай мүмкіндіктің мол екені айқындала түседі.
Осы жерде облыс әкімі «Балқаш көлінің жағалауында балаларға арналған жақсы бір оңалту орталығын салсақ деген де жоспарымыз бар. Инженерлік коммуникациялар тартқан кезде оны қай жерге салатынымызды ойластыруымыз керек», – деген жарқын жоспарымен де бөлісті.





