Сарқан ауданына ресми сапармен келген облыс әкімі Бейбіт Исабаев алдымен жергілікті тұрғындарды қабылдап, халықты алаңдатқан мәселелер жайын тыңдады, деп хабарлайды 7su.kz желілік басылымы.
Зейнеткер Нұрболған Бұтаев Пограничник пен Көкөзек ауылдарының арасындағы жолға орташа жөндеу қажеттігін айтты. Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Ғалымжан Дәрібаев мәлім еткендей, келер жылы бұл жұмыстың жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленіп, жөндеу жұмыстары басталады.
Сарқан қаласының тұрғыны Галина Шестакова Нұрпейісов көшесіне балалардың спорт алаңын орнату қажеттігін айтты. Аудан әкімі Ғалымжан Маманбаев бұл жайтқа орай: «Мәселе дұрыс көтеріліп отыр. Балалардың басқа баратын жері жоқ. Қара жолдың бойында ойнайды. Сондықтан бұл үшін арнайы жер бөліп қойдық. Алаң салуға 20 млн. теңге жетеді. Жасанды газонмен шағын футбол алаңы салынып, жанына ойын құрылғыларын ортану жоспарланған», – деді. Облыс әкімі Бейбіт Исабаев сөз болып отырған жағдайға орай 2000 адам тұратын, 16 жасқа дейінгі баланың саны 600-ді құрайтын жерлерге балалар спорт алаңын орнату мәселесі шешілетінін баян етті.
Өзекті мәселелер шешімін тапқан қабылдауда Гүлжаухар Денисламова баспана мәселесін көтерді. Ол 2013 жылы бюджеттік ұйымның қызметкері ретінде тұрғын үй кезегіне тұрған. Қазір 46-шы болып тұр. Ал аталмыш санат бойынша мемлекеттік бағдарлама немесе «Отбасы банк» арқылы ғана үй ала алады. «Әйтсе де күйеуі жоқтығы, мүмкіндігі шектеулі бала тәрбиелеп отырғандығы ескеріліп, аз қамтылған отбасы ретінде үй алу мүмкіндігі қарастырылса», – дейді өтініш иесі.
– Толық емес отбасы ретінде санатын ауыстырып, кезегін сақтай алатындай заңгерлік көмек көрсетейік. «Отбасы банкпен» де жұмыс істеу керек. Алғашқы жарна төлей алатын бюджеттік ұйымдардың қызметкерлері бар болса, осында 90 пәтерлі бір үй немесе 60 пәтерлі екі үй салу керек. Мәселеңізді бақылауға аламыз. Бәрі заң аясында шешілуі тиіс, – деді аймақ басшысы Бейбіт Исабаев.





