Абай облысы Ақсуат ауданында Ырғызбай Досқанаұлы атындағы халықаралық өнер және спорт фестивалі өтті. Фестиваль аясында болған 140 шақырымды құрайтын ұлы бәйгеде жетісулық Мұрат Күлтековтің «Бақторы» аты мәреге бірінші келді.
Шашасынан шаң ұштырып, желмен жарысқан сәйгүліктер таң бозынан Көкпекті ауылынан шығып, Тарбағатай даласымен Екпінді елді мекеніне дейінгі аралықта жарысты. Жетісулық жеңімпаздың тұлпары 140 шақырымды 6 сағат 15 минутта шауып өтті. Бұл тек жылда ұйымдастырылатын Ақсуаттағы бәйгенің ғана емес, осы қашықтықтағы жалпы жарыстардағы рекордтық көрсеткіш. Бұған дейінгі үздік көрсеткіш 7 сағат, 12 минут болатын. Ат үстіндегі шабандоз – Хавай Даргербек.
Жалпы аталған бәйгеге еліміздің әр аймағынан 112 қылқұйрықты жануар қатысты. Бұл да қатысушылар саны жағынан өзіндік рекорд. Бұдан бөлек дүбірлі дода аясында тай, топ және аламан бәйге ұйымдастырылды. Жеңімпаздарға автокөлік, жүлдегерлерге ақшалай сыйақы табысталды. Естеріңізге сала кетейік, Жетісу облысының сәйгүліктері осымен екінші рет 140 шақырымдық қашықтықта жеңімпаз атанып отыр. Алғаш ұйымдастырылған додада Рүстем Досжановтың «Қызжирен» атты тұлпары бәйгелі болған еді. Жасай бер, Жетісудың жүйріктері!





