Қапал ауылы, Ғали Орманов атындағы орта мектепте балалардың «Тамшыбұлақ» демалыс және сауықтыру орталығы ашылды. Онда ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, көпбалалы және аз қамтылған отбасылардың балаларына демалыс ұйымдастырылады. Лагерьде 330 бала тегін демалады. Маусым 6 кезеңге бөлінген. Әр кезеңде 55 баладан тынығады.
Балалардың демалыс уақытын тиімді ұйымдастыру үшін саламатты өмір салты, өлкетану және туризм, азаматтық, патриоттық және құқықтық тәрбие, ата-баба мұрасын сақтау, дәріптеу жүргізілмекші. «Біз бақытты балдырған» бағытында әртүрлі іс-шараның куәсі болады. Өлкетану бағыты бойынша Қапал ауылында орналасқан Ақын Сара мемориалды мұражайына және Ғали Орманов мұражайына саяхат жасап, экскурсия жүргізіледі.
Лагерьдің күнделікті жұмысы ертеңгілік дене шынықтыру жаттығумен басталып, қызықты, көңілді ойындармен жалғаспақ. Сонымен қатар, балалар арнайы салынған бассейнге түсіп, күнге қыздырынады. Әр күні бекітілген жоспарға сәйкес «Тамшыбұлақ» тұма суынан ем қабылдап, бес уақыт тамақтанады. Балалардың қауіпсіздігі үшін медициналық пункт жұмыс істейді.
Сондай-ақ, балалар лагерьде демалумен қатар компьютерді меңгеріп, электронды оқулықтарды қолданып, ғаламтор желісіне қосылып, ақпараттық ой-өрісін дамытумен қатар демалушыларға арналған түрлі әдеби кітаптармен жабдықталған кітапханада қызықты ертегілер оқиды.
Ербол Сымханов
Ақсу ауданы





