Тіршілік тамырына қайта қан жүгіріп, дала төсі дүбірге бөленетін мезгіл де келді. Бұл уақытта егіс науқаны басталып, диқандар жұмысқа қызу кіріседі. Көктемгі шаруа жайын білу үшін Жетісу облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұрдәулет Кененбаевты әңгімеге тарттық.
– Нұрдәулет Сағадиұлы, қыс та аяқталды. Төрт түлікті аман алып шығуда қиындық болған жоқ па, жем-шөп қоры жеткілікті ме?
– Бүгінгі таңда мал шаруашылығында 537,1 мың бас ірі қара, 1,7 миллион ұсақ мал, 179 мың жылқы бағылуда. Мал қыстату науқаны ойдағыдай өтті. Төрт түліктің жартысы қыстақта. Оның ішінде ірі қара, қой мен ешкі, жылқы бар. Малшының бәрі тұрғын үй, су, отын қоры және азық-түлікпен толық қамтылды. Қыстауға баратын жолдың жағдайы аудан мен қала әкімдіктерінің тұрақты бақылауында болды. Шөп, пішендеме, сабан, жем, сүрлем, барлығы 2 022,7 мың тонна дайындалды. Қазір осы мал азығы қорының 44%-ы қалды. Өткен жылы асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуды, мал шаруашылығы өнімінің өнімділігі мен сапасын арттыруды субсидиялау бағдарламасы шеңберінде, оның ішінде жемшөп сатып алу құнын арзандатуға 1 650,8 миллион теңге бөлініп, игерілді. Осы бағытта жалпы 2 410,0 миллион теңге сомасына 1,3 мың өтінім резервке қойылды. Бір сөзбен айтқанда, мал қыстатуды өткізу, азықпен қамтамасыз ету, мал төлдету науқанына дайындық, бәрі тұрақты бақылауда.
– Көктем де келді. Өзіңіз білесіз, бұл қарбалас тірліктің басталатын шағы. Дала жұмысына дайындық қалай жүрді?
– Жалпы, ауыл шаруашылығы дақылдарының егіс алқабы биыл 519,1 мың гектарды құрайды. Яғни, бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда біраз жоғары. Қазіргі уақытта аймақта көктемгі егіске дайындық белсенді жүруде. Биылғы өнімге ауыл шаруашылығы дақылдары тұқымдарының қажетті қоры толық қамтылды. Шаруашылықтар ЕҢБЕК ТҮБІ – БЕРЕКЕТ былтырғы сүдігер жыртуға 3,9 мың тонна аммофос салды, сондай-ақ 376 тонна аммиак селитрасын сатып алды. Қазіргі кезде 523 субъект 6,4 мың тонна минералды тыңайтқыш сатып алуға келісімшарт жасады, оның 2,1 мың тоннасы сатып алынды. Сонымен бірге, қоймаларда барлығы 2,5 мың тонна тыңайтқыш бар. Жалпы, минералды тыңайтқыштарды қолдануды 1,4 есеге ұлғайту жоспарда бар.
– Науқанды жүргізуге техника жеткілікті ме? Машина-трактор паркін жаңарту жұмысы жайында айтсаңыз?
– Облыс бойынша барлығы 9694 дана трактор бар. Сонымен бірге сепкіш, соқа, қопсытқыш, тырманың 90%-дан астамы көктемгі дала жұмысына дайын. Оның ішінде жөнделген және жұмысқа жарамдылары бар. Аймақта барлығы 20 962 дана ауыл шаруашылығы техникасы бар. Былтыр 9,4 миллиард теңгеге 546 дана техника сатып алынды. Ауыл шаруашылығы құрылымында техника паркі 2,6%-ға жаңарды.
– Биыл қызылша қанша гектарға егіледі? Қант өндірісін жандандыру бағытында қолға алынып жатқан жұмыс бар шығар?
– Мемлекет басшысының қант қызылшасы егістігін ұлғайту жөніндегі тапсырмасын орындау мақсатында тәтті түбір алқабын 8,1 мың гектарға жеткізу жоспарланып отыр. Қант қызылшасы тұқымының қажетті 11,3 мың себу бірлігінің 9,5 мыңы Көксу қант зауыты арқылы қамтамасыз етіледі. Наурыз айының басында германиялық «KWS», америкалық «BTS», франциялық «Florimond Desprez» компаниялары арқылы қант қызылшасының тұқымы жеткізіледі. Қалған 1,8 мың себу бірлігін шаруашылықтар тікелей сатып алады. Сонымен бірге, Көксу қант зауыты көктемгі егіс жұмысын жүргізу үшін қызылша егетін шаруашылықтарға 700 миллион теңгеге қаржылай қолдау көрсетуді көздеп отыр.
– Егіс науқанына жеңілдетілген бағамен жанар-жағармай беру мәселесіне қатысты ойыңызды білсек?
– Жетісу облысының Ауыл шаруашылығы басқармасы ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігіне көктемгі дала жұмысын сапалы жүргізу үшін мұнай өңдеу зауытының көтерме бағасы бойынша ақпан, наурыз, сәуір, мамыр айларына барлығы 10 332 тонна дизель отынына өтінім жолданып, ҚР Энергетика және ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің Вице министрлері бекіткен кестеге сәйкес аталмыш ресурс бөлінді. Бүгінгі күні «Silk Way Petroleym» ЖШС тасымалдаушы оператор ретінде анықталып, ақпан айына бөлінген 200 тонна дизель отынын алу бойынша «Petrosun» компаниясымен келісім жүргізіп, аталған көлем үшін толық төлем жүргізді. Ақпан айына бөлінген көлем 21 ақпанда мұнай базаларына жеткізілді.
– Әңгімеңізге рахмет!
Айгүл Байбосынова





