Іле өзенінің екі жағалауындағы ағайынның арасын жалғап жатқан Қонаев көпірінен өткен сайын Бейсетай Дәуренбеков ағамыздың жарқын бейнесі ойыма оралады. Дәл осы тұста, осыдан тура жарты ғасыр бұрын жасалынған теңдессіз ерлік жалғыз Қазақ елінің ғана емес, сол кездегі бүкіл Одақ тұрғындарын сүйіндірген еді. Қайық аударылып кетіп өзеннің мұздай суына қарық болған 15 балдырғанның 12-сін құтқарып қалу расында адам таң қалатындай ғажайып ерлік болатын.
Сол күні, яғни 1972 жылдың 18 желтоқсаны күні адамның өңменінен өтетіндей суық жел соғып, қар аралас жаңбыр жауып тұрды. Дегенмен Іленің арғы бетіндегі Үшжарма ауылына қайықпен қатынап оқитын балаларды шығарып салып тұрған, басқа да шаруаларымен жиналып қалған ақжарлық тұрғындардың көңілінде ешқандай күдік жоқ еді. Күдік қайық орнынан қалт-құлт етіп ауыр қозғалғанда барып туындаған. Тағы біраздан соң қайық аударылып, бала біткен суға құлағанда нағыз дүрбелең басталды.Жағадағы бір топ адам, олардың арасында аудандық деңгейде қызмет істеп жүрген белгілі адамдар, тіпті суға құлаған балалардың әжептәуір есейіп қалған ағасы да бар, абдырап қалады. Сол кезде шаруашылықта жүргізуші болып жұмыс істеп жүрген Бейсетай Дәуренбеков киімін де толық шешіп үлгерместен мұздай суға қойып кетеді. Суға бата қоймаған қайықты қайта төңкеріп, қапелімде қолына ілінген балаларды соған отырғызады. Кейбір бала деп барғаны олардың сырт киімі, не сөмкесі болып шығады… Су бетінде басқа ешкімнің қалмағанына көзі жеткеннен кейін барып қайықты жағаға сүйреп шығады.
Бұл кезде 34 жастағы алып денелі азаматтың күш-қайраты да сарқылған еді. «Жағаға шыққан кезде дүние аппақ болып төңкеріліп жүре берді. Есімнен танып қалыппын», – деген еді Бейсетай аға кейіндері еске алғанда.
Ерен ерлік жайында Одақтың бүкіл газеттері жарыса жазды. Сол кездегі басты газет саналатын «Правда» газетінде «Подвиг» деген мақала жарық көрді. Грузиядан пікір білдірген полковник шеніндегі әскери қызметкер мұндай адамға тірі кезінде алтыннан ескерткіш қою керек деген пікір білдірді. Балқаштық ақын Нұрсапа Аманжолов «Ерлікке ескерткіш» атты поэма жазып, газеттерге жариялады. «Артектік» пионерлер «Ақша жинап денсаулығыңызды қаратайық» деген ыстық ықыластарын білдірді.
Алайда мәскеулік басшылар алыс ауылдағы қазақтың қайсар азаматына жоғары атақты қимады. Ерен ерлік «Құрмет белгісі» орденімен ғана бағаланды. Бұған суға кеткен үш баланың біреуінің орыс қызы болғаны да әсер етіп кетті ме деп ойлаймыз. Қалай дегенмен де ажалмен арыстанша айқасқан ағамыздың балаларды құтқарған кезде ешқайсының көзіне қарамағандығы айдан анық емес пе? Анықтама үшін ағамыз құтқарған 12 баланың ішінде төрт бірдей ұлттың – қазақ пен орыс, украин мен чешен ұлтының балдырғандары болғандығын бөліп айта кетейік.
Арада көп жыл өткен соң, 1996 жылдың күзінде Алматы облыстық «Жетісу» газеті «Бейбіт күннің батыры» атты бір беттік көлемді мақала жариялап, ерлік тарихын қайта жаңғыртты. Содан кейінгі кезеңде туған өңірі «Балқаш ауданының Құрметті азаматы» атандырып, батыр атындағы турнирлер, кездесулер ұйымдастырып, ағамыздың абыройын асырды. Бұл орайдағы әңгімені республикалық газеттер мен телеарналар іліп әкетіп, Бейсетай Дәуренбековтей ерен ерлік иесіне «Халық Қаһарманы» атағын беру керек деген орынды мәселе көтерді.
Осы жерде Күрті, Балқаш өңірі тұрғындарының Бейсетай ағамызды көзінің тірісінде-ақ «Герой» деп құрметтегенін, басқаша атамағанын да атай кетейік. Ол кісіге көзінің тірісінде батыр атағын беру керек деген балқаштық журналистер Марат Қашқынбаев пен Зарыққан Есілбаевтардың жарғақ құлақтары жастыққа тимеді. Ортақ іске халық депутаттары араласып, ең жоғары деңгейде мәселе көтерді. Әйтсе де батыр ағамыз бұл атаққа тірлігінде қол жеткізе алмай 2018 жылдың 3 қазанында жүрек кінәратынан көз жұмды. «Әне-міне болып қалады…» деген әңгіме де ақкөңіл ағамыздың жүрегіне салмақ түсіріп жіберді ме, кім білген?..
«Иә, ерлікті жасамаудан бағаламау әлдеқайда қауіпті» дегендей, бейбіт кезеңде жасалынған осынау ерен ерлікке әлі де болса өз дәрежесінде баға беруге болады ғой деп ойлаймыз. Өз өмірін қатерге тігіп 12 бірдей баланы құтқарып қалған, аудан, өңір тұрғындары арасында көзінің тірісінде-ақ «Герой» атанған Бейсетай Дәуренбековке өмірден өткеннен кейін болса да «Халық Қаһарманы» атағы берілсе, батырдың рухы риза болар еді ғой.
Нүсіпбай ӘБДІРАХЫМ,
Қазақстанның
Құрметті журналисі
Жетісу облысы





