Ол қазақ сахарасын өзінің туабітті талантын асқақтатып, шабытын шыңдап жазған әсерлі де әуезді әндерімен тербеді. Әр бұтасынан саз қалықтап, әр сайынан ән мамырлаған киелі Жетісуының мөлдір табиғатындай тұмсалыққа ие музыкасы арқылы тыңдарманын сүйсінтті. Рухына дем берді. Тамырына бұла күш құйды. Осылайша саналы ғұмырын саз өнеріне арнаған бірегей перзент Мұратхан Егінбаевтың есімі елімен етене болып кетті.
Біз сөз еткен дауылпаз талант иесі, «Құрмет» орденінің иегері, Жетісу облысының «Құрметті азаматы», белгілі композитор Мұратхан Егінбаевтың шығармашылығына арналған «Сәйгүлік» атты әншілер байқауы жалғасын тауып, ІІ Республикалық дода өз мәресіне жетті.
Аталмыш байқаудың гала-концерті І. Жансүгіров атындағы Мәдениет сарайында өрнек тапты. Онда алғашқы болып Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев сөз алып, сазгердің сырлы әлемі туралы естеліктер тарқатып, арнайы ілтипатын білдірді.
– Егемен ел болғалы қазақтың саз бен сөз өнерінің дамуына үлес қосып, тәуелсіздікті ту еткен өнер адамдары жетерлік. Сондай біртуар жанның бірі – елімізге белгілі композитор Мұратхан Егінбаев ағамыз. Мұратхан аға бүгінде Қазақстан композиторлар одағының мүшесі, Қазақстан Республикасының мәдениетіне еңбегі сіңген қайраткер, «Құрмет» орденінің иегері, облысымызға сыйлы азамат, еңбек ардагері. Бірнеше ән жинақтың авторы. «Жақсының жақсылығын айт нұры тасысын» демекші, композитордың өнер саласында еткен еңбегі мен төккен тері қандай құрметке де лайық. Қаншама жылдар бойы талантты шәкірт тәрбиелеп, ұлағатты ұстаз атанды.
Бүгінгі кештің авторы сазгер Мұратхан Егінбаев мерейлі кеште бізбен бірге, арамызда отыр. Әуенімен тыңдаушының бойына рух беріп, бабалардың есімдері мен ерліктерін әнге қосқан, халықтың асыл мұрасына қылау түсірмей келе жатқан көнекөз композитор бүгінде 80 жастан асты. Деніңізге саулық, отбасыңызға амандық тілеймін, – деп ақ тілегін арнаған облыс әкімі композитордың иығына оқалы шапан жапты.
Қазақтың қасиетті сахарасынан саз аулаған композитор шығармашылығын насихаттап, репертуарындағы маңызды, күрделі шығармаларды орындау мақсатында өткен байқаудың гала-концерті жоғары деңгейде өрнек тапты. Онда оркестр сүймелдеуімен Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген әншілер өнер көрсетті.
Махмұт Тойкенов, Серікжан Әбдінұров, Әли Алпысбаев, Гүлмира Сарина, Абылай Қармысов секілді саз өнерінің саңлақтары, бірегей композиторлар, профессорлар қазылық еткен байқау үш аталым бойынша өрбіген болатын. Гала-концертте жүзден жүйрік шыққан орындаулшылар лайықты марапаттарға ие болды. Атап айтсақ, «Дәстүрлі ән» аталымы бойынша Астана қаласынан келген Баян Жұбанова бас бәйгені еншіледі. «Оркестрдің сүйемелдеуімен ән айту» аталымы бойынша Алматы қаласының атынан сынға түскен Рза Есенгелді, «Эстрада жанрында ән салу» аталымы бойынша астаналық Майра Дәулетбақ бас бәйгені еншіледі. Үш аталым бойынша топ жарған саңлақтар 300 мың теңгелік сертификатқа ие болды. Өз кезегінде жүлделі орыннан көрініп, ынталандыру жүлдесін алғандар да ақшалай сыйлық пен Алғыс хаттан қалыс қалған жоқ.
Асыл СҰЛТАНҒАЗЫ,
Жетісу облысы





