Талдықорған қаласына келген ҚХР Шыңжаң ұйғыр автономиялық республикасының арнайы делегациясы Жетісу облысымен әріптестік меморандумға қол қойды. Құрметті қонақтарға арналған «дөңгелек үстел» отырысын жүргізген облыс әкімі Бейбіт Исабаев екі елдің арасын біріктірген экономикалық, мәдени, рухани байланыстарды таныстырып, Жетісу жерінің жетістігін алға тартты.
Кездесуде сөз алған ШҰАР Халықтық үкіметі төрағасының орынбасары Сунь Хунмей, ШҰАР Халықтық үкіметі сыртқы істер департаменті директорының орынбасары Чжан Хуачжун, Үрімші кеден бекеті басшысының орынбасары Лань Чженьбинь Ұлы Жібек жолының бойында жатқан Қазақстан мен Қытай елінің ғасырлар бойы қалыптасқан қарым-қатынасының беріктігін, Еуропаға апарар күре жолдың тиімділігін әңгімелеп, екіжақты әріптестіктің тигізер пайдасы мен табысын салмақтады.
Тақырыпқа қатысты баяндама жасаған облыс әкімі Бейбіт Исабаев облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына арналған нақты жобасы мен инвестициялық мүмкіндігін таныстырып, агроөнеркәсіптік кешен, транспорт пен логистика, туризм, баламалы қуат көздері, жерасты қазбалары сынды салаларды дамытудың тиімділігін алға тартты. Оның айтуынша, 2030 жылға дейін жүзеге асуы тиіс инвестициялық жобалардың қатарында құны 1,6 триллион теңге болатын 191 жоба бар. Осы жобаларды жүзеге асыру 9 мың адамды жұмыспен қамтуға мүмкіндік береді. Қазір облыс аумағында ҚХР-дың қатысуымен жалпы құны 358,4 миллиард теңге болатын 3 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. ҚХР-мен сауда-саттық саласындағы әріптестікті нығайтқан Жетісу облысы биыл бірінші жарты жылдықта 720,5 миллион доллардың тауар айналымын өткізген. Соған байланысты транзиттік мүмкіндігі басым аймақ арқылы құрлықаралық «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автокөлік жолының өтуі екі ел арасындағы әріптестікті нығайтуға серпін береді. Сондай-ақ, облыстағы «Қорғас», «Достық» кеден бекеттері арқылы Еуропа елдеріне өтетін жүк тасымалының тиімділігі орасан. Соған орай кеден бекеттері заманауи құрылғылармен жабдықталып, қызмет көрсету сапасын арттырып келеді.
– Екі елдің әріптестігін нығайтуға септігін тигізетін саланың бірі – аграрлық сала, оның ішінде ауылшаруашылық өнімдерін өңдеу ісі дер едім. Сол себепті біз ауылшаруашылық өнімдерін өңдеуге арналған жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік беруге дайынбыз, – деген Бейбіт Өксікбайұлы қажетті тетіктерді жүзеге асыру керегін де ескертті. – Дегенмен, экспортты жеделдету үшін «Достық» кеден бекетінің аумағынан сіздердің сапа стандарттарыңызға сай келетін фито-ветеринарлық зертхана салуды ұсынамын. Бүгін біз кремний, темір, аккумулятордың қорғасынды-қышқылды батареяларын, темір-бетон өнімдерін, мәрмәр ұнтағы мен түйіршігін, құрамажем, арпа уытын, крахмал, балық экспорттауға дайынбыз. Менің айтқандарым мүмкіндігі басым салалардың бір бөлігі ғана. Сондықтан қытай компанияларын аймағымыздың өркендеуіне инвестиция салуға шақырамын. Оған қажетті индустриялық аймақ Талдықорған қаласында тұр.
Өз сөзінде екі елдің арасындағы әріптестікті нығайту шаралары жүре беретінін жеткізген облыс әкімі әлемді жайлаған жұқпалы дерттің таралмауы үшін кеден бекеттеріндегі карантиндік шаралар тоқтамайтынын, ШҰАР мен Жетісу облысының мәдениет күндерін кезектесе өткізу қажеттігін, қос тарапқа туристік бағыттар мен танымдық шаралар жүргізуге болатынын, яғни, барлық бағыттар бойынша әріптестікті нығайтуға ықыласты екенін атап өтті.
Бұдан соң Жетісу жерінде баламалы қуат көздерін өндіретін жобаларды жүзеге асыруға арналған меморандумға ҚР ҰҒА-ның энергетика интеграциясы халықаралық ғылыми орталығының басшысы Ахат Өмірәли мен ҚХР ШҰАР-дағы «ТВЕА» ААҚ Ху Нань қол қойып, әріптестікті құжатпен бекітті. Енді Жетісу жұртшылығы күн нұры мен желден қуат алатын жобалардың қызығын көреді.
«Қорғас – Шығыс қақпасы» арнайы экономикалық аймағы директорының орынбасары Әсет Сейсенбек, «Достық- ТрансТерминал» ЖШС-нің директоры Бауыржан Дүзбаев сөз сөйлеп, әлемдік нарыққа жол тартатын қытай өнімдерін өткізу мен тасымалдаудың тиімділігін таныстырды.
Мәди АЛЖАНБАЙ





