Талдықорғандағы Салтанат сарайында ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі және «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» коммерциялық емес акционерлік қоғамының мұрындық болуымен ұйымдастырылған «Zhas Project» жобасының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті.
Әуелі Алматы және Жетісу облыстарында жүзеге асырылып жатқан әлеуметтік жобалардың көрмесі ұсынылды. Мұнда жеңімпаздар жобаларын таныстырып, алдағы атқарылатын жұмыстарын баяндады. Жалпы, байқауға екі облыстан 682 өтінім келіп түсіпті. 21 адамнан құралған комиссия 63 жобаны үздік деп таныпты. Алматы облысынан 25, Жетісу облысынан 38 жоба грант иегері атанды. Оның ішінде 48 жеңімпаз әлеуметтік осал топтан шыққан.
Салтанатты басқосуда облыс әкімінің орынбасары Рустам Әли сөз алып, жоба жеңімпаздарын құттықтады.
– Еліміздің ертеңі, мемлекетіміздің жарқын болашағы – білімді де білгір жастардың қолында. Олар алдынғы буын ағалардың жолын лайықты жалғастырып, өздерінің сенімді ізбасар екенін дәлелдеуде. Қоғамның қозғаушы күші ретінде озық идеяларымен қаруланып, еліміздің дамып, өркендеуіне барынша үлес қосып келеді. Сондықтан өскелең ұрпақты қолдау мақсатында ұйымдастырылған жоба жастардың өз идеяларын жүзеге асыруға үлкен мүмкіндік береді, – деп ұйымдастырушыларға алғысын айтып, ізгі тілегін білдірді.
Басқосу барысында ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Жастар және отбасы істері комитетінің төрағасы Қайрат Баймульдинов пен «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» коммерциялық емес акционерлік қоғамы басқарма төрағасының орынбасары Еркін Рашидов сөз алып, «Zhas Project» жобасының мақсат-міндеттеріне кеңінен тоқталып, жоба жеңімпаздарына ақ жол тіледі.
«Zhas Project» жобасының жеңімпаздары жастарға үлкен мүмкіндік берген ұйымдастырушыларға алғыс білдірді. «Біз ұсынған «Young tree» жобасы егілген жас ағаштардың 95 пайызына дейін өніп, тамырын жаюға мүмкіндік береді. Мақсатымыз – Талдықорғанда жас ағаштарды тамырландыру үшін биоқұрылымды құру және қаланы абаттандыруға өз үлесімізді қосу. Біз Жетісу облысының 100 тұрғынына көмек көрсетуге дайынбыз», – деді биотыңайтқыш идеясын ойлап тапқан Жігер Берліқожа.
Шара аясында үздік жобалар ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі, «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» коммерциялық емес акционерлік қоғамы және облыс әкімінің Алғыс хаттарымен марапатталды. Сонымен қатар, кәсіпкер М. Жұмабеков пен «жұмыс қолғаптарын өндіру» жобасының орындаушысы Б. Ардабай, Талдықорған политехникалық колледжінің директоры Ш. Нұрғожаев пен «Young tree» биоқондырғы жобасының орындаушысы Ж. Берліқожа өзара келісім орнатып, ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.
Айдар ҚАЛИЕВ,
Жетісу облысы





