Ұрпағымыз рухты болсын десек, өз батырларымызды үлгі етуге тиіспіз. Қазақтың озық ойлы, мақсатшыл, жүректі азаматтарының ғибратты ғұмырын жастарға әрқашан үлгі етіліп отыруымыз керек.
Бұл жөнінде ақсулық ақын Ілияс Жансүгіров «Өз елі өз ерлерін ескермесе, ел тегі қайдан алсын кемеңгерді» деп жырлаған. Сол жыр Құлагері Ілияс жарық дүние есігін ашқан құнарлы топырақтан қазақтың талай саңлағы шыққан. Соның бірі – Жұмаділ Әубәкіров. Ол Ақсу ауданынына қарасты Арасан ауылының тумасы. Отан қорғаудағы ерлігі үшін кеудесіне «Қызыл Ту», «Қызыл Жұлдыз» ордендерін жарқырата таққан. Өз заманында, әскери оқу оқып, № 100 атқыштар бригадасының әскери комиссары атанып, капитан шенін иеленген. Ол кезде мұндай дәрежеге жеткендер саусақпен санарлық еді. Жұмаділ Әубәкіров 32 жасында Великие Луки түбінде ерлікпен қаза тапқан. Әттеген-ай дейсің. Одан да ұзақ өмір сүргенде қазақтың қандай болатынын әлі де дәлелдер еді. Бірақ, өмір жолы оның нағыз көрсетеді.
Қазақстан жауынгерлерінің басын қосқан 100-атқыштар бригадасы Алматы қаласында құрылған. Сол жерде Мәншүк Мәметова, Әзілхан Нұршайықов сынды батырларымыз Жұмаділ Әубәкіровтің тәлім-тәрбиесін алған. Мергендік пен отансүйгіштік қасиетті бойына сіңірген. Әскери тәртіпті сол кісіден үйренген. 1940 жылы 16 қарашада: «…В том что ему поручается и оказать помощь в работе местным комитетом ГПК г. Туркестан, Кызыл-Орда, Аральское море» деген куәлік берілген. Яғни, жерлесіміз мемлекет ісіне араласқан. Маңызды шараларды шешуге құқылы лауазымды тұлға болған. Жұмаділ Әубәкіров Алматы қаласының бюджетін бекіту жайындағы 1940-1941 жылғы комиссияның құрамына кірген. Яғни, халық қалаулысы мандатын иеленген.
1942 жылы 7 шілдеде әскери комиссариаттың оқытушылары мен түлектері соғысқа алынады. Сол кезде әрқайсысын әр батальонға бөлінеді. Мәншүк Мәметованы 3-атқыштар батальонына, саяси жетекші Жұмаділ Әубәкіровті 100-дербес атқыштар бригадасының 4-атқыштар батальонына жібереді. Жүректі жігіт жеті эшалонды басқарып, соғысқа аттанған. Сол жылдары Молодой Туд шайқасында ерекше ерлік көрсеткені үшін капитан Жұмаділ Әубәкіров жауынгерлік «Қызыл Ту» орденімен марапатталады. Әзілхан Нұршайықов командирінің болмыс-бітімі, алғырлығы, әскер ойынын жақсы үйреткені жайлы естелік кітаптарда жазды. Айтып қана қоймай, Алматы облысының бұрынғы әкімі Серік Үмбетовке Ақсу ауданына қарасты Суықсай ауылындағы орта мектепті Жұмаділ Әубәкіровтің есімімен атау жайлы: «Дүние жүзіндегі көптеген мектеп пен қала, алаңдар Гагарин есімімен аталатынын ескерсек, бұл білім шаңырағының атын осы жердің тумасы, соғыс ардагері, батальон командирі, атқыштар бригадасының әскери комиссары болған, жастайынан ер мінезімен танылып, «Қызыл Жұлдыз» орденінің иегері атанған азаматқа берілсе», – деген мәтінде хат та жазған. Бірақ хат жауапсыз қалып, аталмыш орта мектеп әлі күнге дейін «Юрий Гагарин» деп аталады.
Білім шаңырағын қазақтың біртуар азаматы, Әзілхан Нұршайықов пен Мәншүк Мәметованы әскер өміріне үйреткен Жұмаділ Әубәкіровтің атымен атаса, жерлестеріміз бөркін аспанға атып қуанатыны сөзсіз. Бұл кісі жайлы Әзілхан Нұршайықов өзінің «Боздақтар» деген кітабында жан-жақты жазады. Жас ұрпақ та сол кісінің ерлік ісін оқып-біліп, бойға сіңірер еді. Айтар ойымның тобықтай түйіні, ауыл азаматтарының атынан Суықсайдағы орта мектептің атын өзіміздің жерлесіміз, ерлігі көпке үлгі Жұмаділ Әубәкіровтің атымен атаса деген ұсынысым бар. Ілияс ақын айтқандай өз ерлерімізді ардақтап, есімін асқақтатайық, ағайын!
Нұршайым РАХАТАЕВА,
Жұмаділ Әубәкіровтің келіні





