Алматы облысы бөлінбей тұрған шағында 12 мың гектарға дейін күріш егіліп, диқандар да, тұтынушылар да Үштөбе мен Балқаштың күріш өнімдеріне қарық болып жататын. Алайда, кейінгі жылдары аймақтағы күріш алқабының көлемі азайып, дақылды егумен айналысатын шаруашылықтардың алдынан талай қиындық кес-кестей бастады.
Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының есебінше өткен жылы Алматы облысы бойынша 8171 гектар жерге күріш егіліп, қамбаланды. Оның 7400 гектары Балқаш, қалғаны Қаратал ауданына тиесілі болды. Биыл аталған дақыл алқабы 7750 гектарға қысқарды.
Күріш дақылына деген тұтынушылардың сұранысы артқан сайын егіс алқабының аумағы азайып, базардағы күріш бағасы қымбаттай түсті. Қазір Талдықорған базарынан келісі 100-150 теңгеден сатылатын жергілікті күрішті таба алмайсыз. Осылай жалғаса берсе, бірнеше жылдан соң күріш тісімізге емес, түсімізге кіруі әбден мүмкін.
Күріш алқабы азаюының ең басты себебі – су тапшылығы. Расында, кейінгі жылдардағы құрғақшылық, өзен-сулардың азаюы суды көп талап ететін дақылды өсіретіндерге қиын тиді. Тіпті, көктемде еккен алқаптың тең жарымынан бір түйір дән жинай алмағандар да кездесті. Осылай шығынға белшесінен батқан диқандар күріш егуге батылы бармайтын деңгейге жетті. Осыған орай, 2020 жылы Ауылшаруашылығы министрлігі облыс әкімдерімен бірлесе суды көп қажет ететін дақылдарды егетін алқаптардың үлесін азайту туралы және жоғары рентабельді дақыл алқаптарын ұлғайту жайлы меморандумға қол қойды.
Дегенмен, бұл тығырықтан шығар жол емес еді. Бүгінде біз қиындықтың салдарымен күресіп, себебін назардан тыс қалдырдық. Су тапшылығын туындатқан бірінші себеп – өзен арналарының мейлінше бүлінуі. Кейінгі жылдары аймақтағы құрылыс саласының дамуымен ілесе өзен арналарындағы құмшағылды бизнеске айналдыратындар көбейді. Соның кесірінен Қаратал ауданындағы күріш алқабын суландыратын Қаратал, Көксу өзендерінің суы жерге сіңіп, діттеген жеріне жетпей, су тапшылығы туындады. Сондықтан бірінші кезекте өзен арналарының бойындағы карьерлерді бақылауға алып, арнадан құмшағыл алатын заңсыздыққа тосқауыл қою керек. Сонымен қатар, күріш алқабына су жеткізетін каналдарды бетондауды қолға алған жөн.
Екінші себеп – күріш өсірумен айналысатын шаруашылықтар мен диқандарды қолдаудың аздығы. Мысалы, бүгінде бір гектар алқаптағы күрішті күтіп, баптау барысында тұқым, тыңайтқыш, техникаға жұмсалатын шығын алынған өнімді сатқаннан кейін түскен қаржыдан асып кетеді. Есесіне, күріштің қызығын диқандар емес, алыпсатар делдалдар көруде. Ал шаруаның қамын ойлап жүрген «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы сияқты үйлестіруші, «Қазагрофинанс» сияқты қаржы ұйымдары және нарықты бақылап отыратын мекемелер ауылдағы ағайынның жан-айқайын тыңдап отыр деп айта алмаймыз. Оған шаруасы шатқаяқтап тұрған шаруашылықтардың қатарының артып келе жатқаны дәлел болады. Қысқасы, ауылшаруашылығына бөлінген қыруар қаржы басқа мақсатқа жұмсалуда.
Осындайда күрішті мол өндіретін Қытай, Жапония, Корея елдерінің тәжірибесі еске түседі. Ол елдерде күріш өсірумен тұрақты айналысатын шаруашылықтарға тұқым, тыңайтқыш тегін үлестірілсе, техника ұзақ мерзімге төмен пайызбен жалға беріледі. Күріш атызына су жеткізетін каналдарды бірінші кезекте бетондап тастайды. Ал күзде өнім мемлекет тарапынан сатып алынып, сосын жыл бойы тұрақты бағада тұтынушыларға саудалайды немесе жоғары бағада шетелдерге экспорттайды. Осы арқылы ішкі нарығын реттеп отырады. Сондықтан біз су жетпейді дегенді сылтауратып, күріш алқабының көлемін азайта бергенше, оның көлемін кеңейтуге пайдалы шараларды ойластырғанымыз жөн.
Қажет АНДАС
Жетісу облысы





