Алматы облысының әкімі Қанат БОЗЫМБАЕВТЫҢ қатысуымен облыстық мәслихаттың кезектен тыс XVІІI сессиясы өтті.
Сессияның күн тәртібінде Үкіметке Алматы облысының шекарасын өзгерту туралы ұсыныс енгізу, барлық деңгейдегі әкімдердің халықпен кездесулерінің 2022 жылға арналған икемді жылдық күнтізбесін келісу туралы мәселелер қаралды. Сол сияқты мәслихаттың 2021 жылғы 14 желтоқсандағы «Алматы облысының 2022-2024 жылдарға арналған облыстық бюджеті туралы» №12-59 шешіміне және 2021 жылғы 23 маусымдағы «Мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобалар бойынша мемлекеттік міндеттемелерді қабылдау туралы» №6-38 шешіміне өзгерістер енгізілді.
Депутаттар жер комиссиясының дербес құрамын бекітті. Осы жиында облыстық мәслихат депутаты Ж.Жөргенбаев Сенат депутаттығына сайлануы себепті мәслихаттың хатшылығынан босатылып, орнына Жарасбаев Дәулет Жамалбекұлының кандидатурасы ұсынылып, депутаттар тарапынан бірауыздан қолдау тапты.
Ж.Жөргенбаевпен қатар облыстық мәслихат депутаттары З.Кузиев пен Б.Әбішевтің өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату туралы шешім қабылданды.
«ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ»





