Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың отандық телеарнаға берген сұхбатын көріп, оны мұқият тыңдап шықтым. Президенттің әр сөзі көкейімізге қонды. Жауабын таба алмай, екіұдай пікірде болып жүрген халық көп нәрсеге көз жеткізді деп ойлаймын. Ең бастысы біз әділетті қоғам құруға, жаңа Қазақстанда өмір сүруге қадам басқалы отырмыз. ҚР Президенті соның бірқатар дәлелдері мен дәйектеріне тоқталды.
«Қаңтар қасіреті» қоғамда орын алған көптеген кемшіліктердің бетін ашты. Енді республика халқын, оларды қайта жаңғырту мен жаңарту үрдістері күтіп тұр. Мемлекет басшысы осы туралы кеңінен толғанды. Экономиканы қалай дамыту, саяси реформаға қалай қадам басу жайларын да ұмыт қалдырмады. Халықаралық қауымдастықпен арадағы байланыстардың мазмұнды болуына тоқталды. Көрші мемлекеттерге көзқарасымыздың дұрыс болуы керектігін сөз етті.
Менің ойымша, енді өтірік мақтангершіліктен құтылып, нақты істерді алға бастыратын кезеңге келдік. Оған әрбір қазақстандық өз тарапынан жеке үлес қосуға ұмтылуы керек. Сонда ғана мемлекетіміздің іргесі нығайып, болашағы жарқын болады. Қазақ олигархтарының қандай болуы керектігін Қасым-Жомарт Кемелұлы ашып көрсетті. Бір сөзбен айтқанда, сұхбатта өмірдің өзекті мәселелерді жан-жақты әңгімеледі.
«Мәжілісте бірнеше мықты партия болуға тиісті. Олар, тіпті, Үкіметті құруда да тіл табыса білуі керек. Бізге осындай өзгерістермен бірге саяси мәдениет деңгейін көтеріп, саяси тұлғаларды тәрбиелеу қажет. Популизмнен арылу керек. Германияға қараңыздаршы, партиялар ауысып тұрады. Барлығы мәдени түрде өзгереді. Партиялар Үкіметтегі лауазымды қызметтерге өз өкілдерін ұсынады. Меніңше, уақыт өте біз осыған келеміз. Ал мұның бәрі мен Президент болып тұрғанда орындалғанын қалаймын», — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сұхбаттан аңғарғанымыз, бәрі айқын мазмұнда көрсетілді. Оның таяу арада жүзеге асатынына үмітіміз зор. Өйткені, Президент сөзі бәрімізді осындай сенімдерге жетелейді.
Динара СЕРІКБАЕВА,
«Жеті қазына» құсбегілер мұражайының директоры
Еңбекшіқазақ ауданы
Алматы облысы





