Солтүстік Қазақстан, Батыс Қазақстан, Павлодар облыстарында төтенше жағдай режимі аяқталды. Ал Алматы облысында террористік шабуылдың «қызыл» деңгейі әлі сақталып тұр. Басқа аймақтарда, атап айтсақ, Нұр-Сұлтан және Шымкент қалаларында, жалпы, 12 облыста жағдай тұрақтала бастаған.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев аталған үш облысқа Төтенше жағдайды енгізу туралы Жарлықтың күшін жойды.
Ұлттық қауіпсіздік комитетінің мәліметінше, Қазақстанның 14 өңірінде жағдай тұрақтанған. Терроризмге қарсы күрес жөніндегі Республикалық жедел штаб Нұр-Сұлтан, Шымкент қалаларының, Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қызылорда, Қостанай, Маңғыстау, Павлодар, Солтүстік Қазақстан және Түркістан облыстарының аумақтарында терроризмге қарсы операцияның аяқталғанын және террористік қауіптің шекті «қызыл» деңгейінің жойылғаны туралы хабарлады.
Бірақ Алматы қаласында, Алматы және Жамбыл облыстарында жаппай тәртіпсіздік кезінде террористік және өзге де қылмыстық әрекетке қатысы бар адамдарды анықтау және ұстау бойынша шаралар әлі жалғасуда. Тиісінше, аталған өңірлерде террористік қауіптің шекті «қызыл» деңгейі сақталып тұр. «Шешімді штаб басшысы – Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Төрағасы Қазақстан Республикасы Президентінің 2013 жылғы 9 тамыздағы «Терроризм актісі қатерінің туындауы туралы ақпарат мониторингінің және халықты хабардар етудің мемлекеттік жүйесінің ұйымдастырылуы мен жұмыс істеуі қағидаларын бекіту туралы» №611 Жарлығының талаптарына сәйкес қабылдады», — делінген ресми хабарламада.
«ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ»





