Талдықорған: +41°C
$ 472.34
€ 541.25
₽ 6.01
  • Комплаенс қызметі
  • Сыбайлас жемқорлық картограммасы
Advertisement
  • БАСТЫ БЕТ
  • ЖАҢАЛЫҚТАР
    • Алтын қол
    • Ардың ісі
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Дін мен дәстүр
    • Екі тізгін
    • Жансарай
    • Жас қалам
    • Ізгілік ізі
    • Күлтөбе
    • Күндерек
    • Құқық-заң
    • Мереке айшығы
    • Мінбер
    • Он саусақ
    • Руханият
    • Саясат
    • Таным-таразы
    • Түпсана
    • Ұлт ұяты
    • Экономика
    • Алтын қол
    • Ардың ісі
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Дін мен дәстүр
    • Екі тізгін
    • Жансарай
    • Жас қалам
    • Ізгілік ізі
    • Күлтөбе
    • Күндерек
    • Құқық-заң
    • Мереке айшығы
    • Мінбер
    • Он саусақ
    • Руханият
    • Саясат
    • Таным-таразы
    • Түпсана
    • Ұлт ұяты
    • Экономика
  • АРНАЙЫ ЖОБА
  • БАЙЛАНЫС
  • ЖАРНАМА
  • ГАЗЕТКЕ ЖАЗЫЛУ
жазу
No Result
View All Result
Writy.
  • БАСТЫ БЕТ
  • ЖАҢАЛЫҚТАР
    • Алтын қол
    • Ардың ісі
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Дін мен дәстүр
    • Екі тізгін
    • Жансарай
    • Жас қалам
    • Ізгілік ізі
    • Күлтөбе
    • Күндерек
    • Құқық-заң
    • Мереке айшығы
    • Мінбер
    • Он саусақ
    • Руханият
    • Саясат
    • Таным-таразы
    • Түпсана
    • Ұлт ұяты
    • Экономика
    • Алтын қол
    • Ардың ісі
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Дін мен дәстүр
    • Екі тізгін
    • Жансарай
    • Жас қалам
    • Ізгілік ізі
    • Күлтөбе
    • Күндерек
    • Құқық-заң
    • Мереке айшығы
    • Мінбер
    • Он саусақ
    • Руханият
    • Саясат
    • Таным-таразы
    • Түпсана
    • Ұлт ұяты
    • Экономика
  • АРНАЙЫ ЖОБА
  • БАЙЛАНЫС
  • ЖАРНАМА
  • ГАЗЕТКЕ ЖАЗЫЛУ
No Result
View All Result
No Result
View All Result
Басты бет ЖАҢАЛЫҚТАР КҮЛТӨБЕ

БАҚАЙ ЕСЕП

01.10.2021
КҮЛТӨБЕ
БАҚАЙ ЕСЕП
WhatsAppTelegramFacebook

Қарап жүрмей ауадан ақша жасаудың ұтымды жолын іздеп, оны іске асырудың айла-шарғысын үйренген пысық жігіт арада көп уақыт өтпей-ақ қомақты қаржының көзін тапты. Алыпсатарлықтың тізгінін мықтап қолға алып, қилы-қилы тәсілдерін қиналмай меңгеріп алған Жұманға енді ауылы ұзап кеткен білімнің де аса қажеті болмай қалды. Бір жерден алып, екінші жерге салып ұрып апарып, өткізіп жүріп біраз нәпақа жинап алды. 

Сол кезден бастап жас жігіттің кеудесіне бір желік бітіп, бүкіл дүниенің кілті өз қолында тұрғандай екпіндеп жүретін болды. Жастайынан сүйіп қосылған жан-жары, жалдамалы үйінде кішкене қызын әлдилеп отырған ауылдың қарапайым қызы Айгүлмен санаспақ түгіл, тіпті, көзіне де ілмейтін болды. Күндіз шарқұрып, сауда-саттықпен айналысса, кешқұрым түнгі клуб, мейрамхананың алқызыл сансыз оттары жымыңдай шақырып, қызық-думан қуып кеткенін өзі де байқамай қалды. Ондағы жүздерін алқызыл опа-далаппен бояп алатын жеңіл жүрісті қыздар жігіттің көзіне ертегідегі есті  алар  сұлулардай  көрінді.  «Міне,  өмір  деген осы», – деп Жұман көңіліне түйіп қойды. 

Бәрін айтпай-ақ сөзсіз түсінген әйелі Айгүл түннің бір уағында қызып алып оралатын күйеуіне: «Мұның не?»  десе болды ол дүрсе қоя беріп, бетінен алып, төсіне шауып, тілдеп тастауға шейін баратынды шығарды. Көз жасын сығып Айгүл қашанғы шыдасын? Кішкене қызын көтеріп, ауылда тұратын ата-анасының үйіне кетті. Сол кеткеннен мол кетті, оның соңынан іздеп бару Жұманның санасына кіріп те шықпады. Тіпті: «Ол әйел менің енді теңім бе?» деген бір жағымсыз күдікті көңіліне ұялатты. 

Ауылда қала жаққа қарап алаңдап жүрген Айгүлдің естуінше, күйеуі жаңа кеңсе ашып, енді алып-сату аумағын кеңейтіп, көрші елдерден көліктің бөлшектерін тасумен айналысады екен. Қарамағына пәленбай адамды жұмысқа алып, кәсіпкерлігін дөңгеленте бастапты. Айгүл бір-екі рет хабарласып, қаржылай көмек сұраса, шарапқа қызып деліріп алған Жұман аузына не келсе соны айтып, балағаттап тастайды. Күнкөрісі қиындаған жас келіншек амалсыз алиментке арыз берді. Мұны білген Жұман енді одан әрі сырттай өштесіп алды. Ұялы телефонымен хабарласып, Айгүлмен ажырасатынын айтты. Тек айтып қана қоймай, ол дереу сот орнына арыз беріп, шешімін жүзеге асырды. Әу бастан жаманшылық жадында болмаған Айгүл іргесін аулақ салған күйеуінің жиған дүние-мүлкіне таласу ойына да келмей, тағдырына мойынсұнып қала берді. Ол енді күнкөріс тіршілігі үшін бір кезде алған мамандығы бойынша бастауыш сыныпқа сабақ беретін болып, ауылдағы мектепке орналасты.

Ежелден діні жуас Айгүл жақтан ешбір қауіп-қатер болмайтынын түсінген Жұман өзінің қаладағы қызықты өмірін жалғастырып, еркіндікке енді қолы жеткендей, барлық ойға алған жоспарын іске асыруға белсене кірісті. Сондай күндердің бірінде әріптесі Василий әлдеқандай бір әдемі сары қызды ертіп әкеліп, таныстырып: 
– Менің туысым, Света ғой, колледж бітіріп еді. Енді жұмыс таппай отыр. Ең құрығанда қабылдау бөліміңе қызметке ал, шай-кофеңді қайнатып береді, – деп қолқа салғаны. Бұл ұсыныс Жұманның көңіліне қона кетті. Шынында келіп-кетіп жатқан адам баршылық. Барлығы сапырылысып рұқсат сұрамай мазалап кіре береді. «Мынау табылған ақыл екен» деп дереу орыстың қызын жұмысқа алды.
Жасы жиырманың ар жақ, бер жағындағы орыс қызы пысық болып шықты. Қызметтік бөлмелерді тәртіпке келтіріп, қысқа көйлек-көншегін киіп, боянып-таранып жігіттің алдында күнде сылаңдап жүретін болды. Қылымсыған қыздың көзі күлімсіреп, жігіттің айтқанын екі етпей алдында зыр жүгірді. Бұдан артық жігітке не керек? Дереу қызды икемдеп алды.
 Кабинетінің есігін жауып алып, жас қызбен шарап ішіп әңгімелесіп, сырласып еді, қыз да осыны күтіп жүргендей құшағына құлай кеткені. Ешбір сұрақ та жоқ, талап та жоқ. Света жайдары мінезді бір ғажап қыз болып шықты. Енді Жұман түнгі қыдырысын тоқтатып, жанында отырған жас қызбен әуейі бола бастады. Анда-санда қолына қомақты қаржы беріп, сұлу қызды мәз қылып қояды. 
Баласының бөгде ұлттың қызымен әуейі болып жүргені туралы хабар жата ма, дереу ауылға жетті. Мұны естіген анасы бір күні қалаға келіп, жанжал ұйымдастырған-ды.
– Балам, мұның қалай? Өзіміздің көңілімізден шыққан Айгүлмен ажырасып кетіпсің, мына әйел орыс та емес, еврейдің қызы екен ғой. Сенің байлығыңа қызығып, оңай олжа көздегені айдан анық, – деген анасының сөзін елемей:
– Қойшы, апа! Бұл қызға кім үйленейін деп тұр? Әншейін уақыт өткізіп жүрмін деп алдап-сулап шығарып салды. 
Бірақ жағдай Жұман айтқандай болмай шықты. Света оңай қыз емес екен, күнбе-күн қылымсып, жігіттің басын айналдырып жүріп, кездесіп, көңіл көтеруге ыңғайлы үш бөлмелі пәтердің кілтін алды. Енді ол құндыз тон киіп, қызметтік көлікпен көлкілдеп жүретін болды. Бұрынғыдай емес, Жұманның біраз бизнесінің тетігі осы сүйіктісінің қолына көшті. Жігіттің жолдас-жорасы оны мойындап, кездесулерге, той-томалаққа екеуін бірге шақыра бастады.
Күндер жылжып өтіп жатты. Бір күні Светасы бода-бода болып жылап келіп тұр.
– Жумик, екіқабат болып қалдым. Анам мені енді өлтіреді, – деп зар еңірейді. Қанша көңіл көтеріп, қыдырып жүрсе де жігіт бұған дайын емес еді. Қатты сасып қалды. «Ауылдағы анасына, басқа туған-туыстарына не деймін?» деп дағдырып, ақыры ойланып-ойланып Светамен заңды некеге тұруды ұйғарды. Мұны естіген анасы талып түсті. Туыстары бастарын шайқап, күйінгендерін жасырмады. 

– Ол еврейіңді көзіме көрсетпе, мына жақтағы ел-жұртқа не дейміз? Қарабет болдым-ау! Бір қазақтың қызы құрып қалды ма? – деп анасы қатты налыды. 

Ал тығырықтан шығар басқа жол көрмеген, басы мықтап шырмалған жігіт анасының сөзін далаға тастап, Светаның жетегіне еріп жүре берді. Ол да ұпайы түгел қыз екен, өзінің пәтеріне шешесін кіргізіп, Жұманның жаңадан салған екі қабатты үйіне ешкім қолқаламаса да көшіп алды. Енді ол үйге жігіттің туыстары аяқ баспайтын болды. Керісінше Светаның қаптаған жегжат-туыстары Жұманның үйінің босағасынан күнде табылатынды шығарды. Біреуі қызмет, екіншісі қаржы сұрап, ал үшіншісі жай қонып, ішіп-жеуге келе беретін. Света ай күніне жетіп, қыз туды, сәбиін шетелдің бір аты шулы ақылы клиникасында өмірге әкелді. 

Алғашқы әйелінен туған қара қызға қуанып та көрмеген Жұманға «сужаңа» жас әйелі басқа талап қойды. Ол тіпті түнде тұрып, бала күтісетін болды. Қаржылары жетерлік болғандықтан бала күтуші, үй шаруасына әйелдер жалдады. Біраз өз-өзіне келген Света әппақ көлігіне мініп, көлкілдеп киім-кешек дүкендері мен сән салондарынан күн ұзақ шықпайтын болды. Ол ерекше күтімнің арқасында күннен-күнге сұлуланып, ажарланып кетті. Қызметінен шаршап-шалдығып келген күйеуін аймалап, асты-үстіне түсіп, мазасын алатын. Мұны көрген үйіне келіп-кетіп жүрген қыздың шешесінің:
– Қызым,  артық  қыламын  деп, тыртық қылып алма, – деп ескерткен сөзіне: 
– Мама, мен қайткен күнде де мына байлыққа ие болатын мұрагер ұлды өмірге әкелуім керек, – деп жауап берді. Айы оңынан туып, Света бірер жыл өтпей жатып, шекесі торсықтай ұл туды. Жұманның төбесі көкке екі елі жетпей қалды. Тағы да шетелде әйелін босандырып, жолдас-жорасына байлығын шашып ұлан-асыр той жасады. Ұлы бір жасқа жетер-жетпестен жатып әйелі Света тағы да бір қолқа салғаны:
– Мына басымыздағы үйді маған сыйға тарт, – деді айдың күннің аманында. Бұл ұсыныс жігіттің төбесінен жай түсіргендей болды. Бірақ, жаманшылық ойлауға батылы бармады. Қанша дегенімен екі баласының анасы ғой. Иә, ақшақұмар екені рас. Ішкі есебі де түгел. Бәрін сезіп жүр.
– Оның не керегі бар? – деп таңғалған күйеуіне Света:
– Керек, күні ертең бірінші әйеліңнен туған қызың ержетеді. Анаң тірі отыр, бауырың бар, менімен таласуы мүмкін, – деп жайбарақат жауап берген-ді.
– Қой, қай-қайдағыны айтпа деген күйеуіне әйелі дүрсе қоя беріп:
– Сенің туыстарыңды білемін. Мені жақтырмайды, атарға оқтары жоқ. Балаларың және менің алдағы тыныш өміріміз үшін үйді атыма аударып бересің,– деп жүзі сазарып отырып алды. 
Алғашында күн шуақтай, жұмсақ мінезімен белгілі әйелін жігіт енді танымай қалды. Күннен-күнге өзгеріп, әміршіл мінезін жиі-жиі көрсетіп, жоқ жерден жанжал шығаратын болды. Өсіп қалған, көздері мөлдіреген екі баласына мейірленіп сала беретін жігіт әйелінің айтқанына көніп  әрі араларына сызат түспес үшін хан сарайындай үйін әйелінің атына аударды. Енді тыныш өмір сүретін шығармыз деген ойы көп ұзамай көкке ұшты. Қылқылдап жүріп, шетелдік банктерде жатқан қаржысына да Света иелік ету сенімхатына қол жеткізді. 

 Компаниясында ақ дегені алғыс, қара дегені қарғыс болатын Жұманның әйелінен қызметтестері мен әріптестері енді іш тарта бастады. Ана бір жылдары сүмірейіп, күнін көре алмай келген сары қыз енді бүкіл дүние-мүлікке ғана емес, Жұманды бір шетке қағып тастап, компанияны өзі басқаратын болып, екінші қолтаңба жасатты. 

Арада біраз уақыт өтпей кәрілік иектеген ауылдағы анасы қатты ауырып жатыр деген жігітке хабар жетті. Ауылдағы ағайынның шама-шарқын білетін Жұман құстай ұшып барып, екі иінінен тыныс ала алмай жатқан анасын дәрігерлерге қаратамын деп қалаға алып келді. Мұны күтпеген Света үйіне келген мыжырайған қара кемпірді көргенде шошып кетті. Аузы-басын жыбырлатып әрең амандасып, өсіп қалған ұл-қызын өз бөлмесіне қарай жетелеп кіргізіп, есігін жауып қойды.
– Неменеге мына кісіні алып келдің? Жұқпалы ауру шығар, балаларға жұқтырса қайтеміз? – деп өзімен-өзі келіспей жасалған шаруаға жүзі сұрланып, күйеуіне ызғарлы үнмен сыбырлап үлгерді.
– Қой, қайдағыны айтпай! Ауылдан шықпайтын апамда жұқпалы ауру қайдан болсын? Дәрігерлермен келістім, ертең ауруханаға жатқызамын, – деп Жұманның қабағы түйіліп кетті. Света да, балалары да бөлмелерінен шықпаған соң жігіт амалсыз анасына өзі төсегін салып, шайын қайнатып берді. Мұны көрген анасы біраз нәрсені түсініп, жұмған аузын ашпады. Ертеңіне анасын өз қолымен киіндірген жігіт жеңіл көлігіне отырғызып, ауруханаға алып кетті. 
Тәулік бойы бөлмесінен шығып бой көрсетпеген Света күйеуі мен енесі кете салысымен үй тазалайтын әйелді дереу шақыртып, кемпір жатқан бөлмедегі төсек-орнын далаға шығарып тастап, арнайы дезинфекциялық қоспалармен бүкіл даңғарадай үйін тазалатты. Түсте тамақ ішуге келген Жұманға да оң қабағын танытқан жоқ.

– Анамды жатқыздым, жай әншейін суық тиген екен, – деп Жұман әйелінің алдында ақталғандай болды. Жігіттің анасы он шақты күн ауруханада жатып, емделген кезде орыс келіні бірде-бір рет ол жаққа ат ізін салған жоқ.
– Света, мұның дұрыс емес, ол күйеуіңнің анасы, – деген шешесінің сөзіне:
– Мама, не айтып тұрсың оның қалін сұрап барсам, үйіме келіп, көсіліп он күн жатып алуы мүмкін. Сол жаман кемпірдің тамағын жасап, қолына су құйып жүремін бе? Ол кемпірді үйіме кіргізсем соңынан шулап туған-туыстары келеді, мен қазақтарды білемін ғой, – деп қарсылық білдірді.
– Әрине, өзің біл. Алайда бөгде ұлттың азаматына тұрмысқа шыққаныңды есіңнен шығарма, – деп шешесі амалсыз күрсінді. 
– Мама, не айтып отырсың? Мен Жумкаға күйеуге шықпасам ана Қордайдағы қайыршы ауылда табан тоздырып киерге киім, ішерге тамақ таппай жүрер едік қой. Енді қарашы мен тура «королева» емеспін бе? Жумка мен тұрғанда анасын қайтсін, туған-туыстарын да табалдырығымнан аттатпаймын. Аулақ жүрсін, өңшең кедей-кепшіктің түрін де көргім келмейді, – деп масаттана жауап берген.
– Осылай жасағаның дұрыс шығар, қарағым. Мен тегі айтамын да «Жұман сенің жаман пиғылыңды біліп қояды ма?» деп жатырмын ғой, – деп шешесі жуып-шайған.

Шынында кемпір бұл үйге қайтып оралған жоқ, ұлы ауруханадан дәрі-дәрмегін алып беріп, қалтасына азын-аулық тиын-тебенін салып, қызметтік көлікпен шалғайдағы ауылына қайтарды. Бұдан кейін Жұманның үйінде бұл жағдайға оралған ешкім болған жоқ. 
Света болса өзіне жасалған күтімнің арқасында күннен-күнге жасарып, сылаңдап одан әрі ажарлана түсті. Барған жиын-тойларында жанында отырған қысық көзді, төбедегі шашы түсіп сирей бастаған күйеуіне көз қиығын салуға ерінгендей болып, ортаға шығып алып биін билеп, қарқ-қарқ күліп шаттыққа толы өмірін жалғастыра берді. Жас әйелдің бұл қылығы жігіттің жолдас-жорасына ерсі көрінсе де, оттай ыстық әйелінің құшағынан шыға алмайтын Жұман ләм деп аузын аша алмайтын.

Осылайша өмір жалғасып жатты. Бір күні аяқ астынан Жұманның ауылдағы жалғыз бауыры жол апатынан қайтыс болды деген суық хабар жетті. Жігіт ағасы қатты қамығып, алыс жолға жиналды. Шиеттей төрт баласы бар бауырының жағдайы белгілі екенін ойлап, кассадан қолма-қол қомақты қаржы алғызған. Сол-ақ екен арада көп уақыт өтпей-ақ күйеуінің барлық іс-әрекетін қатаң бақылайтын жүзі әлем-тапырақ Света жұлынып қызметтік бөлмесіне жетіп келіпті.
– Не, қазаға соншама қаржы шашудың не қажеті бар? Менен неге рұқсат сұрамайсың? – деп тепсініп тұр. Туған бауыры өмірден көшіп, күйініп отырған жігіт ағасы шыдамай кетті.
– Ақшада не шаруаң бар? Өзім тапқан табысым емес пе? Бауырымды жерлеу – менің мойнымда, біздің салт-ғұрып осындай, –деп орнынан ашуланып атып тұрған.
– Жоқ, миленький, менің рұқсатымсыз бір тиын да алмайсың. Бар екен деп бүкіл туған-туысыңа ақша шашқызбаймын, – деп Света да көкбеттеніп жер тепкіледі.
– Иә, сенің жайың белгілі болды. Маған емес байлығыма күйеуге шыққан екенсің, – деп ойында іркіліп жүрген сөзін Жұман ашумен айтып салды.
– Ну и что, мүмкін, солай шығар. Бірақ бәрін кеш түсіндің. Менімен ажырассаң, байлығыңның барлығын сыпырып алып, жалаңаш күйіңде көшеге айдап жіберемін, – деп күні кешегі мүләйімсіген әйелінің жүзінен қаны шығып бедірейіп қарап тұр.
– Сонда қалай? – деп аузына сөз түспеген Жұман таңғалып. 
– Солай, Жумка, үй менің атымда, пәтер менің атымда компаниядан жинап-терген шетелдегі қаржыңды өзің берген сенімхатпен анамның атына аударып тастағанмын. Мына компанияңның бүкіл акциясы да менікі, сенде түк жоқ, – деп мысқылдап қарап тұр.
Естіген сөзінен Жұманның басы айналып, көзі қарауытып кетті. Дәл солай. Жанында жиырылып жылан жатқанын білмепті. Қалайша қалтқысыз сенген? Неге арбауына түсті? Бақай есеппен байлық үшін қойнына кіріп, екі баланы да белгілі себеппен мұрагер ретінде дүниеге әкелгенін енді ұқты. Ұқты да, ләм деместен есіктен шығып жүре берді. Сол кеткеннен ауылына жол тартып, ел-жұрт болып қаза болған бауырын жерлеп, бала-шағасын жұбатып, бейітін тұрғызып, он шақты күннен кейін бір-ақ оралды. Оралған жоқ, құр сүлдері қайтты. Осы уақыт ішінде бір кездегі етженді жігіттің жағы түсіп, көзі шүңірейіп, солып қалды.
 Алыс жолдан шаршап-шалдығып келген күйеуіне қараған Света жоқ, қолындағы ұялы байланыс жүйесімен әлдекіммен сөйлесіп үйді басына көшіріп, қарқ-қарқ күлумен болды. Жұман жуынып-шайынып төсегіне құлай кетіп, көздерін жұмды. Қай жерден ағаттық жіберді? Неге бұлай болды? Ойнақтап жүріп, от басқан деген осы ма? Санасын сан түрлі ой торлап жатып, көзі ілініп кеткен екен. Түсінде алғашқы әйелі Айгүлді көрді. Қызын жетектеп алып, өзіне алыстан қарап тұр. Селк етіп оянып кетсе, жүрек түсі қатты шаншып жатыр екен. Орнынан әрең тұрып, ұялы телефонына қолы әрең жетті. «Жедел жәрдемде» көп күттірген жоқ, келіп, жігіт ағасының қан қысымын өлшеп, дереу ауруханаға алып кетті. Олардың дабырынан оянған Света шынымен абдырап қалды ғой деймін.
– Не болды? Не болды? – деп келген медбикеге жалбарына қарады.
– Инфаркт алды ма деп ойлаймыз, – деп медбике қыз машинаға отырып жатып.
 Жұманға жағдайы ауыр болған соң дереу жүрегіне операция жасалды. Бұл уақытта Светада өз кінәсін білді ме, жаны қалмай дәрігерлерге жүгіріп есі шықты. Күйеуінің жолдас-жорасымен хабарласып, ақыл-кеңес сұрап мазаларын алды. Әйтеуір, күйеуінің жаны аман қалды. Біраз күн ауруханада жатып емделген соң ол үйіне оралды. Бірақ Жұманның қабағына тұнған мұң-кірбең тарқамады. Бұрынғыдай емес жүзі салыңқы, көздерінің нұры өшіп қалған, көңіл-күйі жоқ. Мұны байқаған Света жаны қалмай, Жұманды асты-үстіне түсіп күтіп бәйек болды. Компанияның жұмысын өз қолына алып, шапқылаудан бір тынбады. Осының бәріне енжарлық танытқан жігіт ағасы күн ұзақ ләм демей жатып алатын.
Жұманның бұл халі ауылдағы ағайындарға жеткен жоқ. Әйтпесе барлығы түйе-тайлағымен шауып келетіні айдан анық. Оларды Света көрсе жыландай жиырылып қабылдамасын білетін Жұман ағайындарының алдында ұятқа қалмау жағын ойлады. Өзі бірдеңке сезді ме, анасы бір күні телефон шалып: 
– Жарығым, халің жақсы ма? – деді етжүрегі елжіреп. Жігіт ағасының көзіне жас үйірілді. Анасының ақылын құлағына ілмегенін ойласа қатты қамығады. 
– Апа, өзің қалайсың? – деді толқығанын білдірмей.
– Мен жақсымын. Айгүл мен қызың Жадыра келіп-кетіп тұрады. Қызың бесінші сыныпта оқиды ғой, өзі сондай ақылды, мейірімді, «Апа, сені сағындым» деп бетімнен сүйеді. Айгүлім келіп үйімді тазалап, тамағымды пісіріп, дәрі-дәрмегімді әкеліп береді. Кеше көйлек-көншегімді жуып, аулаға жайып кетті. Ертең тағы келемін деді, өзі бір алтын ғой, – деп ойында дәнеңе жоқ апасы тоқтамай сөйлеп жатыр. Көзіне ыстық жас ұялаған жігіт ағасы жылап жібермес үшін өзін әрең ұстады. 
– Апа, аман бол, – деп байланысын үзіп жіберген. Сол күні түнде Жұман екінші рет инфаркт алды. Бұл жолы жігіт ағасын дәрігерлер құтқара алмады. Мұндай боларын күтпеген Света мен шешесі бода-бода болып жылап жүріп, ауылға хабар берді. Үлкен қалада жерлеу үшін жер мәселесі өте қиын екенін білмепті. Біраз таныстарына шықса алыс жақтағы мұсылмандар бейітін айтады. Күні ертең балаларымен барып тұратын жақын маңнан орын сұраса олар таппады. Ақырында әлгі туысқаны Василий: «Қалаға жақын орыс бейітінде орын бар», – деген жауап әкелді.
– Мейлі, жердің барлығы бірдей емес пе? Сол жерге жерлейік, –деп екі көзі жылаудан бұлаудай болып, есі шыққан Света келісе кетті. Ертеңіне ауылдан асығыс шыққан қаралы топ қалаға жетті. Оларды есік көзінде тұрып жоқтау айтып ешкім қарсы алған жоқ. Сексенге шығып қалған анасы мен алыс-жақын туыстары, оларға ере келген Айгүл қызымен екеуі өгіздей өкіре жылап, ауланы басына көтерді. Әр бұрышта сықсыңдап жылап жүрген Светаға көңіл аударған ешкім болған жоқ. Жұманның бүкіл жолдас-жоралары келіп, ауылдағы ағайындарымен көрісіп, біраз шерлерін басты.
– Так они кричат как будто мы убили, – деп Света қазаға жиналғандарды жақтырыңқырамай күңкілдеп еді, шешесі қызына иек қағып, ауызыңды жап деп ишарат білдірді. Светаның біраз араласатын құрбылары да бастарына қара орамалдарын тағып, бір шетте дастарқан жайып жатты.
Ауылдағы ағайын біраз мұң-шерін басқанша Айгүл үйге кіріп кеткен еді, бір кезде ол ойбай салып, қайта шықты.
– Жұманды орыстың табытына салып қойыпты. Мейрам суы да берілмепті, бұл не деген сұмдық, мұсылманның баласы емес пе? – деген сөзін естіген анасы есінен танып, талып түсті. Қалған ағайын өз құлағына өздері сенбей тобымен ішке ұмтылды. Шынында Жұманды киіндіріп, табытқа салып қойыпты.
– Ой, тоба-ай, мынау не сұмдық?! – деп бәрі іркіліп жағаларын ұстады. Топ ішіндегі үлкені Кәмен ата таяғымен жерді салып қалып:
– Тоқтаңдар! Бауыржан, қайдасың? Мешіттен дереу молданы алып кел, ақыретін де ұмытпа. Ал қане үш жігіт дәреттеріңді алып, сүйекке түсуге дайындалыңдар, уақыт өткізбеңдер, – деп қаһарлы даусымен әмір етті. Барлығы дереу ауыз ашпай келісе кетті. 
Айгүлдің көңілінде тағы бір күмән туды ма, бір шетте тұрған орыс әйеліне жақындап келіп:
– Где будете хоронить? – деп еді ол иығын қиқаң еткізіп:
– На кладбище, – деді. 
– На каком? – деп екі көзі жылағаннан қызарып кеткен Айгүл қайыра сұрады.
– Бұл үш миллион халқы бар қала ғой. Жерлейтін жер тапшы, орыс моласынан бір орын әрең таптық, – деді ар жақтан біреу.
– Не? – деп енді Айгүл талып түсті. Қаралы жұрт тағы улап-шулап жылап ала жөнелді. 
– Зачем они возмучаются? Земля есть земля, – деп Света ақтала бастап еді:
– Жап аузыңды, қаншық! Қазақ ешқашан да орыс болмайды, – деп біреу айғай салды.
Мән-жайды ұққан ауылдың үлкені Кәмен ата:
– Бауыржан, ауылға хабарлас. Жұманға әкесі мен бауырының жанынан орын дайындасын. Ертең жуындырып, осыннан жаназасын шығарып алып жүреміз. Туған жеріне апарып жерлейміз, – деп бұйрық берді. Мұны естіген жігіттің анасы:
– Рахмет, ағайындар, адасқан ұлым еліне қайтсын. Ең құрығанда жаназасы шығарылып, жаны жай табатын болды, – деп зар еңіреді. 
Таң атар атпастан жолға шыққан қаралы көлік ауыл жаққа бет алды. Ағайын жұрттың бірде біреуі Светаға жүр деген жоқ.
– Мен бармаймын ба? – деп ол сықсыңдап жылап еді бір қазақтың жігіті:
– Мұсылман заңы бойынша әйелдер жерлеуге қатыстырылмайды, – деп жауап берді.
– Что за дикость? – деп күйеуінен айырылғанын жаңа білгендей Света жылап қоя берді.
– Енді не істейсің? Олар дұрыс айтады. Әр ұлттың өз салты бар, – деп бір құрбысы оны иығынан құшақтады.

                * * * 

Марқұм болған Жұманның жас әйелі көп қайғыра қойған жоқ. Бәрін дұрыс жасапты. Дүние-мүлік, қаржыға, компаниясына жігіттің қызын өсіріп отырған бірінші әйелі де, алыс-жақын інілері де таласа қойған жоқ. Арада алты ай өтпей жатып-ақ Света көзін тауып қалған мүліктің барлығын өзіне заңды түрде аударып алды. Ол қазақтардың «бүлінгеннен бүлдіргі алма» деген мақалынан бейхабар еді. 

Мол байлыққа ие болған Света бір күні өз-өзінен бақытты болып, жұмысына келсе бүкіл ел дүрлігіп әңгіме айтып жатыр екен.
– Не болды? – деп елең ете қалса:
– Света, естідің бе? Кипрдегі банктерге салынған қаржының барлығын иелері ала алмайтын болыпты. Үкіметі солай шешіпті, –дейді. Әйел өз құлағына өзі сенбей жын ұрып кете жаздады. Жалма-жан смартфонын алса дәл солай. Жұманның барлық жиған-терген қаржысы Кипрдегі банктерде күйіп кетіпті. Долданған әйел өз шашын өзі жұлып жылап отыра кетті.

Дәл қазір компаниясының да күйеуі өмірден көшкеннен бері бұрынғыдан табысы шамалы болып, шетелдегі қаржыға сеніп жүрген Светаның көзінен ыстық жас тарамдап ақты. Не істерін білмеді. Шынында Светаның барлық өрескел қылықтарынан хабардар көптеген жолдас-жоралары алыс-берісті тоқтатып, теріс айналып кеткен еді. Енді Света тығырықтан шығар басқа жол іздеді. Сол күндері бір кезде таныса салған, кейін құрбысына айналған Альфия деген әйел:
– Сенің ұлтың еврей емес пе, Израильға неге қоныс аудармайсың? – деп ұсыныс айтты. Ол жаққа көшкен отбасыларының барлығы жақсы өмір сүреді. Ұл-қызыңа жақсы тәлім-тәрбие бересің, білім алады.
– Иә, бұлардың ұлты қазақ емес пе? – деген әйелдің сөзіне Альфия күліп жіберді.
– Әрине, қазақтарды шегарадан аттатпайды. Бірақ, ұл-қызыңды өзіңнің ұлтыңа, «еврей» деп ауыстыр, – деді. Света ойланып қалды, анасымен ақылдасып еді ол кісі де қостай кетті.
– Енді балаларыңның болашағын ойла, саған қол ұшын беретін мұнда жан баласы жоқ, – деді.
Сонымен Света тамыр-танысын жағалап жүріп, кәмелетке толмаған ұл-қызының аты-жөнін, ұлтын өзгертіп алды. Барлық құжаттарын жинастырып Израильдің консулына барып өткізді. Осыны күтіп тұрғандай өздері үйлерінде жоқта Жұман тастап кеткен екі қабатты үйден аяқ асты өрт шығып, дүние-мүлкі, түгі қалмай өртеніп кетті. Мұны көрген Света еңіреп жылағанда етегі жасқа толып, қомақты ақшаға сатып, ғұмырлыққа жетерлік қаржы алып шетелге кетемін деген ойының күлі көкке ұша бастады. 

Ақыры алған бетінен қайтпай компаниясын сатты, анасының пәтерін пұлдады, әйтеуір, біраз ақша жиналды. Осы уақытта Израильдің консулынан көшуге рұқсат берілгені туралы хабар келді. Қатты қуанған Света орнынан тұрып, билеп кетті. Неғылса да мына елден көшіп, бақытын басқа жақтан іздемекші. Толық тәуелсіздікке қол жеткізбекші болды. 

 Ол кезде бақай есепті әйел шетелде де алдында толып жатқан қиыншылықтар күтіп тұрғанын сезген жоқ. Барлық жиған-тергенін ішіп-жеп бітірген соң әлдеқандай байлардың үйінің есігіне жалданып, еденін жуып, күнін көремін-ау деген ой санасына келмеді. Қазақта «кісі елінде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол» деген мақал барын ол қайдан білсін. Бір қазақтың жігітін алдап соқса да, тағдырын алдап кете алмады. 

 Ұл-қызыма білім алып беремін, олар керемет бақытты болады деген арманы да алысқа ұзамады. Жылдар өте келе бөтен елдің тәрбиесіне бейімделген қызы да, ұлы да анасына қарайласпай өз беттерінше күндерін көріп, тастап кетті. Қаланың шетіндегі көне үйде өмір сүрген жасы біразға келген әйелді ауру айналдыра бастады. Өзі жұмыс істеген байдың әйелі де аурушаң қызметшісінен құтылуға тырысты. Мемлекет тарапынан алған азын-аулық қаржысы күн көріске жетпейтін болғандықтан әйел енді күн ұзақ құдайдың үйін жағалайтын болды. Алақан жайып қайыр сұрамаса да сол жерде отырған мүсәпір жандарға келіп-кетіп жатқан шетел туристері әжептеуір садақа тастап кетеді екен. 

Сондай күндердің бірінде шетелдің топ турисі әлгі қасиетті жерге келді. Света олардың өзара сөйлескен тілдерінің қазақша екенін ұқты. Көздеріне жас іркіліп:
– Мен де сендердің елдеріңненмін, – деп айтуға оқталып еді топтың алдында келе жатқан қараторы қызға көзі түсіп, жүрегі дір ете қалды. Көзі алдамапты. Бойжеткен күйеуі Жұманға қатты ұқсайды екен. Қызы ғой. Света енді мойынын салбыратып, басы ауырып, құлағы шыңылдады. Ойында дәнеңе жоқ әлгі көрікті қыз қаз-қатар тұрған мүсәпір жандардың қолына тиын-тебенін үлестіріп жанынан өте берді. Жай өтпей, дос-жаранымен ағылшынша сөйлесіп кетіп бара жатты. 

– Бай қыз екен, долларларды аямай тастап кете берді, – деді жанында тұрған бір әйел қараторы қызға риза болғанын жасырмай. Света қолына қараса 50 долларды өзіне де тастап кеткенін көріп, жылап жіберді. Күйініш өзегін өртеді. Бақай есеппен адамның бақытты болмайтынын жаңа түсінгендей болды. Түсінді де, өкініштен жан әлемінде күн күркіреп, найзағай шағылды.

Нұрила БЕКТЕМІРОВА,
жазушы

Қатысты жаңалықтар

Алакөл жағалауында «Алакөл толқыны» атты фестиваль өтеді

Алакөл жағалауында «Алакөл толқыны» атты фестиваль өтеді

17.07.2026
Қаратал ауданындағы экологиялық рейд

Қаратал ауданындағы экологиялық рейд

17.07.2026
«Семей орманындағы» өрт: қазіргі уақытта не белгілі?

«Семей орманындағы» өрт: қазіргі уақытта не белгілі?

17.07.2026
Елімізде 42 градусқа дейін ыстық болады

47 градусқа дейін ыстық: «Қазгидромет» 15 өңірге ескерту жариялады

17.07.2026
Нәресте күтімі жайлы не білеміз?

Нәресте күтімі жайлы не білеміз?

16.07.2026

«7-su.kz» желілік басылымы

Меншік иесі: ШЖҚ «Жетісу Медиа» МКК

Қазақстан Республикасы, Жетісу облысы, Талдықорған қаласы, Жұмахан Балапанов көшесі 28, 4-қабат. Индекс: 65469

Қабылдау бөлімі: 8 (7282) 40-20-64
Жарнама бөлімі: 8 (7282) 40-20-69

Пошта: jetisu2002@mail.ru

«www.7-su.kz» желілік басылымы Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникация министрлігі Ақпарат комитетінде 2023 жылғы 13 ақпанда тіркеліп, №KZ38VPY00064529 куәлігі берілген.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселелері бойынша сенім телефоны: +7 (777) 388 0990

Facebook Instagram Youtube
  • БАСТЫ БЕТ
  • ЖАҢАЛЫҚТАР
  • БАЙЛАНЫС
  • ЖАРНАМА
  • ГАЗЕТКЕ ЖАЗЫЛУ
  • АРНАЙЫ ЖОБА
© 2011 — 2025 7-su.kz — барлық авторлық құқық заңмен қорғалған.
No Result
View All Result
  • БАСТЫ БЕТ
  • ЖАҢАЛЫҚТАР
  • АРНАЙЫ ЖОБА
  • БАЙЛАНЫС
  • ЖАРНАМА
  • ГАЗЕТКЕ ЖАЗЫЛУ

© 2011 - 2025 7-su.kz - барлық авторлық құқық заңмен қорғалған.