Қаратал ауданының Үштөбе қаласы мен Көкдала шағын ауданында «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасы аясында рейдтік іс-шара ұйымдастырылды, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Экологиялық акция барысында арнайы құрылған мобильді топ абаттандыру қағидаларының сақталуын жіті тексерді. Мониторинг барысында заңсыз қоқыс үйінділері мен құрылыс қалдықтарының рұқсат етілмеген жерге төгілгені анықталды. Табиғатқа зиян келтірген жеке тұлғаларға Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасы аясында түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Құқық бұзушылықтарға жол берген азаматтарға ескерту жасалып, әкімшілік айыппұлдар салынды. Аталған шаралардың басты мұраты – елді мекендердің санитарлық жағдайын жақсарту, қоршаған ортаны таза ұстау және қоқыс үйінділерінің алдын алу. Аудан аумағындағы тазалықты қамтамасыз ету бағытындағы мұндай рейдтер алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасады.
Табиғат – біздің ортақ байлығымыз. Әрбір азамат өз ауласы мен көшесінің тазалығына жауапкершілікпен қарауы қажет. Экологиялық мәдениетті қалыптастыру арқылы ғана таза әрі жайлы ортаны сақтап қала аламыз. «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясындағы игі бастамалар өңіріміздегі экологиялық ахуалды жақсартуға үлкен септігін тигізеді.





