Кеген ауданындағы Бөлексаз ауылында Ұлбосын атты ұлттық тағам жасаудың шебері тұрады. Әсіресе, ірімшік жасауды сүйікті кәсібіне айналдырғанына 40 жыл болыпты. Жалғызбасты қарт ананың қолынан шыққан ірімшік арысы Ресейдің, берісі Қазақстанның түкпір-түкпірін аралап кетіпті. Алматы қаласында, Жетісу жерінде, аудан аумағында жыл сайын сұраныспен ірімшік алып тұратындар жетіп-артылады.
Жас шағында 100 литрге дейін жаңа сауылған майлы сүтті сатып алып, ірімшік, құрт, май, маңыз жасаумен айналысқан. Биыл жетпіс жасқа келген ана қазіргі таңда 30 литрге дейін сүт алып, дәмді өнімдерін шығаруда. Бұл оңай шаруа емес. Көп отын кетеді. Күн сайын қазан қайнатып, сүт пісіріп, ірімшік жасау, айран ұйытып, құрт дайындау, сүттің бір бөлігінен май мен маңыз әзірлеу қажыр мен қайратты, шыдамдылықты, ерен еңбекті қажет етеді.
Әр тағамды толыққанды жасаудың уақыты бар. Жасынан малды ауылдың бейнеті мол тірлігімен өскен, сол бір күн мен түнге созылып жататын тынымсыз шаруаның қазанында қайнап есейген Ұлбосын ана жүрегі қалаған ісін тастаған жоқ. Ел-жұртының сүт тағамдарына деген ыстық ықыласын көріп, алғысын арқалап жүрген сайын көңілі көтеріліп, әр күнгі сүйікті ісіне деген құлшынысы одан бетер арта түседі.
Бөлексаз ауылы тұрғындарының, сүт тағамдарын алып тұратын барша ағайынның құрметіне бөленген Ұлбосын Әутәліпқызы 1951 жылы дүниеге келген. Қарапайым малшы болған Әутәліптей әкесін, Күлшахандай анасын ұмытқан емес. 1972 жылы Жылысай ауылының тұрғыны Дүйсебекпен отау құрды. Аталған ауылдың Шыбышы шағын елді мекеніндегі фермада еңбек етті. 1987 жылдан бері қарай Бөлексаз ауылында тұрып келеді. Жұбайы ертерек дүние салыпты. Ұлжалғас атты қызы мен Нұрданбек атты ұлын бағып-қағып, қанаттандырған. Отбасылы, қала жақта тұрады. Олардан Әсел, Әсет, Әдемі атты немерелері, Динара, Бейбіт, Жансая атты жиендері бар.
– Ірімшік жасауды кішкентай кезімде анамнан үйрендім. Келе-келе үлкендердің ісінен білгенімді толықтырдым. Кепе қозының ұлтабарына сауылған сүтті құйып, керегеге іліп қояды. «Мәйек» деп аталатын бұл ұйытқыны ірімшік қайнататын қазанның ішіне салып, құлағына байлап қояды. Сүтті жеті сағат асықпай қайнатып, бір күн тынықтырып, керекті тағамды әзірлейсің. Жаңа сауылған майлы сүттің бір бөлігінен ірімшік, екіншісінен айран ұйытып, дәмді құрт, үшінші бөлігінен май мен маңыз дайындаймын. Менің құмалақтай-құмалақтай құрттарым да сұранысқа ие, – дейді Ұлбосын ана.
Сапалы ірімшік, дәмді құрт жасаудың жайын, бабын білетін ананың ақ дастарқаны сүт тағамдарына толы. Осынау күнделікті сүйікті кәсібімен де ырысын арттырып, берекесін кіргізіп келеді. Кезінде сүт тағамдарымен тапқан қаражатына баласына бірнеше көлік сатып алып беріпті. Құлын-тай, бұзау-тана сатып алған кездері де болған. Мұның бәрі асыл ананың бойына біткен еңбекқорлығының, мұқалмас қажыр-қайратының, өз ісіне шынай берілген табандылығының арқасы.
– Ауылдық әкімдіктегі Серік Құныпияев бастаған азаматтарға алғысымды айтамын. Күн сайын қасымнан табылатын әлеуметтік қызметкер Мөлдір Жұмабаева да тумаса да туған қызымдай болып кетті. Жақында ғана бәрі үйімді ақтап берді. Ауылдық әкімдіктегі азаматтар жап-жақсы отын түсіріп берді, – дейді Ұлбосын ана риза көңілімен.
Пейілі кең, ниеті ақ, жан дүниесі аналық, адамгершілік асыл қасиетке толы анаға біз де әлемдегі бар жақсылықты тіледік!
Қанат БІРЖАНСАЛ





