Тәуелсіздіктің 30 жылдық мерейтойына орай облыстық жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен «Ел болашағы – жастар» атты қалалық пікірсайыс турнирі ұйымдастырылды.
Турнирдің мақсаты – жастардың белсенді азаматтық қөзқарасын, көшбасшылық қасиеттерін, ғылыми-зерттеу мен ұйымдастырушылық дағдыларын дамыту және саяси-зияткерлік белсенділіктерін арттыру.
Сайысқа 12 команда қатысты. Әр команда қазіргі таңда өзекті болып отырған тақырыптарды қызу талқыға салып, шешу жолдарын ұсынды.
Пікірсайыста вакциналау мәселесі көтерілді. Жастар індетке қарсы екпе салдыртудың ұтымды тұстарын айтып, «вакцина алмаған адамдар үйден шықса айыппұл салынғаны дұрыс па, бұрыс па?» деген тақырыпта пікірталасты.
Келесі өзекті тақырыптың бірі – «көкек» аналардың сәбилі болуына тыйым салу мәселесі. Оның көтерілуіне елімізде балалар үйінің көбеюі себеп болды.
Пікірсайыста жас буын өкілдері осы жағдайларға байланысты көзқарастарын білдірді. Оны бірі қолдаса, енді бірі мүлде келіспеді. Тіпті өз көзқарастарын өзгертіп жатқандар да болды. Демек, пікірсайыстың арқасында жастарымыз үлкен өмірге қадам басуға дайындық жасады, ересектерше сөйлеп, ой қорытты.
Ойынға төрешілік еткен Алматы облысының пікірсайыс үйлестірушісі, “Дебаттық қозғалыс” үйірмесінің жетекшісі Дамир Уәлиханов: «Турнир жоғары деңгейде өтті. Командалар өз көзқарастарын айтып, тақырыптарды толық аша білді. Қазіргі эпидемиологиялық ахуалға орай пікірсайысшылар бұрынғыдай бірін-бірі көріп бетпе-бет келмей, дебатқа қашықтан қатысса да қызу пікірталас тудыра білді», – деп баға берді.
Жастар арасындағы қалалық пікірсайыс қорытындысы бойынша 1 орынды “Тек алға”, 2 орынды “Гера”, 3 орынды “Дуэт” командалары иеленді. Іңкәр Мейірхан “Үздік спикер”, Айназ Оралбек “Сөз шебері” атанды.
Айгерім ЕСІМХАН
Талдықорған қаласы





