Қазақ мемлекетінің іргесінің сөгілмеуі, шаңырағының шайқалмауы үшін батыр бабаларымыз күндіз-түні тыным таппай, ерлікке толы күн кешті. Сондай ерлердің бірі де бірегейі – Сатай батыр.
Қазақ Кеңес энциклопедиясының 11-ші томында Сатай батыр туралы тарихи дерек тұжырымдалған. Одан артық кеңейтіп жазуға сол кездегі қызыл империяның цензурасы жібермеді. Энциклопедияның 373-бетінде: «Ұлы жүздің ханы Жолбарыс (1720-1740 ж) өзі билеген Ұлы жүздің Қодар би, Төле билерімен, Сатай, Хангелді, Бөлек сынды батырларының және өзінің атынан жазылған хатын 1733 жылы Ресей императоры Анна Ивановнаға тапсырды» – делінген. Жоңғар шеңгелінен қазақ елін түбегейлі босатуды ойлаған бабаларымыз хатты қазіргі Алакөл ауданындағы Лепсі ауылындағы орыс-казак бекетінен аттандырғаны тарихи шындық. Хатты алған әйел патша Ұлы жүз ханы Жолбарыс пен оның билері мен батырларына жауап жазады. Онда: «1734 жылы 20-шы сәуірде император Анна Ивановна Ұлы жүзді Ресейдің қол астына қабылдау жөніндегі грамотаға қол қойды» делінген.
Ресеймен достық қарым-қатынас жазбаша түрде бекітілген соң Қазақ елінің хандары мен батырлары жоңғарға қарсы күрес жүргізіп, жерді басқыншылардан арылтуға шұғыл кірісті. Сондай ұрыстардың басы-қасында жүрген Сатай батыр Жолбарыс хан мен Төле би бабамыздың ақыл-кеңесін басшылыққа алып, ел бірлігін бұрынғыдан да нығайта түсті.
Белгілі тарихшы Зарқын Тайшыбай 2011 жылы «Ел-шежіре» баспасынан басылып шыққан «Қазақтың ханы – Абылай» деген екі томдық кітабында: «Сатай батыр Аққабақұлы Панфилов ауданының Сарыбел мекенінде дүниеге келген. Жетісу өлкесін жоңғар басқыншыларынан азат етуге қатысқан батыр. Тегі Суан руынан шыққан, Ұлы жүз» деп жазады. Әйгілі әнші, ақын Кенен Әзірбаев: «Суаннан Сатай батыр шыққан» деп жырлаған. Мұндай дәлелдерді көптеп келтіруге болады. Патша көңілді оқырманға Сатай батырдың нақты дәлелмен бекітілген үш даналығы туралы баяндамақпын.
Алтынкөл
Жетісу мен Шығыс Қазақстан аймағын жоңғардан тазартуға қатысып, жеңіске қол жеткізген Сатай батыр жер қайысқан қолмен кері қайтқанда Қытаймен шегаралас Қорғас өзенін жағалай төмендеп, Іле өзенін бетке алып жүреді. Ондағы ойы Қазақ елінің шегарасының аумағын зерделеу еді. Ел іргесі берік болса, халық та тыныш өмір кешеді емес пе?! Қалың қол Жоңғар Алатауының ортасындағы Қазанкөл деген таудағы су айдынына жетеді. Оны көрген батыр қазанға ұқсаған көлдің о шеті мен бұ шетіне көз әрең жететініне, жиегі қарағаймен көмкерілген көлдің тұнықтығы мен тереңдігіне қатты таңырқайды.
Қазанкөлден төмен қарай сарқырай аққан Қорғас өзенін жағалай Іле өзеніне бет алған қалың әскер екі күннен соң Іле өзенінен жиырма шақырымдай қашықтықта жатқан құмды аймақтың ортасындағы Дүпшінкөл мен Гункөл деген екі көлдің жағасына жетіп түнейді.
Моңғолша «Дүпшінкөл» деген атау қазақша «тынықкөл», «Гункөл» – «тереңкөл» деген мағына береді. Әскер түнеп шыққан күннен бастап, Сатай батыр бүкіл елге ауызша жарлық бергізіп, Гункөлді «Алтынкөл» деп атауды тапсырады. Бұның сыры мынада еді:
Қазақ жер-су атауын нақты айғақпен қояды. Жүйесі елдің шежіресіне, тарихына негізделген аңыз-әңгімесі қоса айтылады. Пенжім ауылынан он шақырымда жатқан құмды алқаптың қақ ортасына жасырынғандай орналасқан тұп-тұнық Алтынкөл мен Дүпшінкөлге жан-жағынан құйылып жатқан өзен де, бұлақ та жоқ. Құмның ортасындағы екі көл қалай пайда болған? Суы неге тартылып кетпейді? Жақын жердегі Қорғас өзеніне дейін он шақырымдай қашықтық бар. Ел аузындағы аңызға қарағанда қос көл мен Қорғас өзені жер астымен байланысады. Әйтпесе құм қоршаған екі көл тартылып кетер еді. Аңыз да болса шындық осы.
Қалың қол Гункөлдің құрағы жайқалған жағасына қоныстанады. Батырдың сары тұлпарын суыту үшін ат күтуші тізгінді алтын ердің артқы қасынан асырып, қыл шылбырды жағалаудағы жидеге байлап қояды. Түн жарымында шөлдеген сары тұлпар қайта-қайта ұмтылып, жиде ағашының бұтағын ашасынан айырып кетеді. Тізгіні мойнын керген ат аузы суға жету үшін көлдің тереңіне бойлап, жүре береді. Дәл сол кезде оянып кеткен ат күтуші жігіт су ортасындағы сары тұлпарды көріп, зәре құты қалмай айғайлап жіберіпті. Қатты айғайдан оянып кеткен көпшілік көл ортасында суға көміліп тұрған тұлпардың біртіндеп батып бара жатқанын көреді. Алайда атты құтқаруға еш айла-амал жоқ еді. Әне-міне дегенше сары тұлпар көл суына батып, көзден ғайып болады. Сонда Сатай батыр: «Тұлпарымды көлдің жылымы тартып кетті. Іздемеңдер!» – деп тоқтау салған екен.
Ертеңіне қалың әскер осы маңнан сексен шақырымдай жердегі жаттығу орны – Доланқара дөңіне бет алады. Гункөлден кетерінде Сатай батыр: «Мұнда алтын ерлі атым жылымға сіңіп кеткендіктен моңғолша Гункөл атауы бүгіннен бастап қазақша «Алтынкөл» деп аталсын!» – деп ауызша жарлық беріп, жол-жөнекей кездескен елге хабаршы жібереді. Ол жылдары айтқан сөзі хан бұйрығындай естілетін Сатай батырдың жарлығын халық сөзсіз орындайды. 1738-1745 жылдары орын алған оқиға «Қазақ Совет энциклопедиясы» мен «Қазақ ханы – Абылай» атты екі томдық кітапта анық жазылған. Сондықтан халық Сатайды «қызыр шалған батыр» деп бекер атамаса керек.
2011 жылы ҚХР мен Қазақстан арасын жалғаған теміржол пайдалануға берілгенде Қорғастағы теміржол стансысына жаңа атау беру жөніндегі кеңестің қарауына бес түрлі ат ұсынылады. Солардың ішінде «Алтынкөл» атауы соңынан тіркеледі. Өзге төрт атаудың артында талай-талай мықты мен қаржылы байлар тұрды. Олардың кейбірі алдын ала жеңістен үміттеніп, бірін-бірі құттықтап та жібереді. Комиссияның соңғы, шешуші отырысында теміржол бекеті «Алтынкөл» деп аталады. Мұны Сатай батырдың әулиелігі, көріпкелдігі дер едім. Айтулы тұлғаның артында өшпейтін, уақыт өткен сайын жарқырай түсетін ізі қалады деген осы. Сатай батырдың атауы берілген Алтынкөл бүгінде халықаралық «Алтынкөл» бекетіне айналды.
Доланқара
Қалмақтың «долан» сөзі қазақша жеті деген мағына береді. Қара қазақша сөз. Сонда әлі күнге Доланқара деп аталатын үлкен төбенің қазақша атауы «Жетіқара» болып шығады. Доланқара деген шағын тау жотасы Панфилов ауданындағы «Жаркент арасан» шипажайынан он шақырым қашықтықта орналасқан. Биіктігі мың метрдей болатын биік тау жотасына шықсаңыз айнала түгел көрінеді. Сатай батырдың бүкіл жасағы осы Доланқара төбесі мен соның етегіне орналасқан екен. Төбенің төменгі жағындағы 18 мың гектардай жер жазық. Осы жазықта жауынгерлер қарым-қабілетін шынықтырып, түрлі жаттығулар жасаған. Жасақ басшыларының биік төбеге тіккен жеті шатырына байланысты моңғолдар бұл тауды Доланқара деп атап кеткен екен. Қалың жасақ төбе етегіне тігілген шатырларға тұрақтаған.
1820 жылы Ресей Қытаймен арадағы шегараны нығайту үшін жасақтаған әскерін Доланқара төбесіне топтастырған. Бұл жерді Ресейдің жоғары шенді әскери басшылары әскери жаттығу өткізуге қолайлы жер деп таңдаған. Ақ патшаның шенділері алдыңғы ғасырдағы Сатай батырдың жауынгерлері жаттыққан жерді менсінбей, басқа жерді таңдауына болар еді. Бірақ батыр таңдауының өте дұрыстығы патша генералдарын Доланқараға тоқтатты. Арада жүз жыл өткенде, 1918 жылдың көктемінде Жаркент уезіне топтастырылған қызыл әскер жасағы лайықты жер ретінде Доланқараны бірден таңдайды. Сөйтіп, большевиктер шатырларын төбенің етегіне қаздай тізіп, айналасы ашық көрінетін 18 мың гектар жерге қызылдың әскері жаттығу өткізеді. Кейін 1993 жылы Қазақстан Республикасының Қарулы Күшінің сардарлары мен сарбаздары Доланқарада оқу-жаттығу өткізу үшін тұрақтады. Қазір аудан, республика бойынша өтетін кейбір әскери жаттығулар осы аймақта өтіп, танктен бастап барлық қару сынаққа салынады. Бұны әскери жаттығулардың бірнешеуіне журналист ретінде қатысқандықтан айта аламын.
Найзатапқан
Алтынкөлден шығып, батыстағы Доланқараға бір түнеп, ертесі батысқа қарай тағы елу шақырымдай жолды басып өтіп, таяз сайға жеткен Сатай батыр құрамы үш мың жауынгерден тұратын алты топ жасақты басқарып келе жатқан. Қалың қол ұзақ жолдан шаршап та қалып еді. Әсіресе, мінген аттары қаталап, қатты шөлдеген. Күн бесінге таяғанда көкорай шөбі шалқыған сайлы жерге жетеді.
Панфилов ауданының орталығы Жаркент қаласынан батысқа қарай сексен шақырымдай қашықтықта Найзатапқан деп аталатын жер бар. Сатай батырдың жер қайысқан қалың қолы келгенде мұнда су жоқ, шағын сайда жайқалған шалғын шөп қана өсіп тұр екен. Оған дейін шағын сай «Шалғынсай» деп аталыпты. Жайқалған шалғын шөпті әрі сазды топырақты көре салып, көңіліне түйген Сатай батыр атының үстінде тұрып, қолындағы найзасын ойпаңдау жерге ырғап-ырғап кіргізеді. Сонда жерге жарты құлаш бойы кірген найза орнынан су атылып шығады. Қуанған әрі өз ойының дұрыстығына риза болған батыр шағын сайдың бірнеше жерінен су шығарады. Қаталап келген көлігі мен жауынгерлер мөлдір сумен шөл басады. Ертесі Сатай батыр: «Бұл жерді «Найзатапқан» деп атаймыз!» – деп сол маңдағы қазақ ауылдарына шабарман жібереді. Сөйтіп, батырдың айтқанын орындаған жергілікті халық бұрқылдап шыққан мөлдір бастаулардың маңын «Найзатапқан» атап кетіпті. Егер атауы «Найзатабылды» болса халық: «Е, мұнда найза табылған екен ғой» – дер еді. Ал, «Найзатапқан» деп деген атаудың астарынан найзаның өзінен-өзі бірдеңені таба алмайтыны байқалады. Өздігінен қозғалмайтын найзаны әлдекім қолына алып, қозғалту арқылы жерден бірдеңе тапқаны білінеді. Сондықтан Сатай батырдың найзасын жерге шаншып, ырғап-ырғап су шығарғаны бұған дәлел. Қазір де бұл сай Найзатапқан деп аталады.
Қорғас өзенінің жанындағы көлді «Алтынкөл» деп, суы әр жерден атқылаған сайды «Найзатапқан» деп атаған батырдың көріпкелдігін, болжағыштығын байқауға болады. Оннан астам жерден бүлкілдеп шығып жатқан бұлақ көзінің емдік қасиеті өте жоғары. Оған аяқ, бел, асқазаны ауырғандар ерте көктемнен суық күзге дейін келіп, ауруына шипа тауып жатады.
Мен бұл мақаламда Сатай батырдың үш нақты, тарихи айғақты оқиғасына тоқталдым. Бүгінгі біздер, әсіресе, жас ұрпақ қазақ жерінің Қазақ мемлекетіне өзінен-өзі беріле салмағанына тоқталдым. «Қазақ елінің тарихи сызба картасы жоқ» дейтін астамшыл көңілді пенделерге айтарым, біздің шегарамыз әрқашан осындай айбарлы да аруақты бабалардың найзасының ұшымен сонау ғасырлардың өзінде сызылып, айқындалып қойған. Шегарамызды шегендеу кезінде батыр бабаларымыз қан кешіп жүріп, Ұлы Даланы жаудан тазартты, әр шоқысына жаңа атау беріп, жас ұрпаққа қасиетті атамекенді аманат етті.
Садық ЖҰМАБАЙ,
Қазақстан Журналистер одағы Балғабек
Қыдырбекұлы атындағы сыйлығының иегері
Панфилов ауданы





