Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында елдегі санитарлық-эпидемиологиялық жағдайдың бүгінгі жай-күйі айтылды. Кейінгі кезде біраз бәсеңсіген коронавирус жұқпасы қайтадан бас көтерді. Бұл жолы елді жұқпаның «дельта-штамм» деп аталатын түрі алаңдатуда.
Аталмыш кесел жұқтырғандардың қатары Алматы қаласы және басқа өңірлерде өсуде. Денсаулық сақтау министрі Алексей Цойдың айтуынша, вирустың репродуктивтік индексі 1,2-ге дейін өскен. Инфекциялық төсек орындар 27%, реанимациялық төсектер 24%-ке толған.
Коронавирустың таралу қарқыны бойынша «қызыл» аймаққа Нұр-Сұлтан, Алматы қалалары және Батыс Қазақстан, Қарағанды облыстары кірді. Бұл орайда Үкімет басшысы жұқпаның алдын алу үшін вакцина салдыруға ерекше көңіл бөлу керектігін ескертті. Бүгінгі таңда 3,3 млн.-ға жуық адам екпенің бірінші компонентін, 2 млн.-ға жуық адам екінші компонентін алған. Премьер-Министр «қызыл» аймақтағы барлық өңірде шектеу шаралары қолданылып, мониторингтік топтардың жұмысы күшейтіліп, төсек орындар көбейтіліп, дәрі-дәрмектер мен медициналық бұйымдардың жеткілікті болуы қамтамасыз етілуі тиіс екенін атап өтті. Денсаулық сақтау министрі мен өңірлердің әкімдерін тыңдаған Асқар Мамин: «Еңбек ұжымдарында, қызмет көрсету және білім беру салаларында міндетті вакциналауды енгізу қажет екені анық байқалып отыр», — деген тұжырым айтты.
Селекторлық жиындағы екінші мәселе мектептердегі қауіпсіздікті сақтау жайына арналды. Үкімет басшысы жауапты министрліктерге жаңа оқу жылының басталуына дейін білім беру ұйымдарын материалдық-техникалық қауіпсіздік құралдарымен, ішкі істер органдарының жедел басқару орталығына шығатын бейнебақылау жүйелерімен, мамандандырылған күзет, турникеттер және «дабыл түймелерімен» қамтамасыз етуді тапсырды. Үкімет басшысы мектептерге тексеріс жүргізу барысында терроризмге қарсы қауіпсіздікті бұзу деректерінің анықталғандығын айтты. Ол Білім, Мәдениет, Денсаулық сақтау, Ішкі істер министрліктеріне 20 шілдеге дейін террористік тұрғыдан осал ведомстволық нысандардың терроризмге қарсы қорғалуын ұйымдастыру жөніндегі нұсқаулықты бекітуді тапсырды.
Үкімет басшысы девиантты мінез-құлықты балалармен жүргізілетін жұмыста мектеп психологтары мен кәмелетке толмағандардың ісі жөніндегі инспекторлар жұмысын үйлестіруді күшейтуді тапсырды.
Селекторлық жиын барысында Асқар Мамин облыс әкімі Амандық Баталовқа сөз берді. Мектептің алдағы оқу жылына дайындығы жайлы сұралды. Облыс басшысы 760 жалпы білім беретін мемлекеттік мектепте (жекеменшік – 17) 428 мың оқушы білім алатынын айтты. Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында барлық 760 мектеп, 186 балабақша және 43 колледж 989 бейнебақылау камераларымен қамтамасыз етілгенін жеткізді. Амандық Ғаббасұлы бұл камералардың жедел басқару орталығына қосылмағанын жасырмады. Осыған байланысты облыста мектептердің қауіпсіздік жүйесін стандартқа сәйкес жаңғырту жайы қолға алына бастағанын айтты. «Ағымдағы жылы облыстық маңызы бар Талдықорған, Текелі және Қапшағай қалаларының 47 мектебінің бейнебақылау жүйесі жаңартылып, полиция департаментінің жедел басқару орталығына шығарылды. Бұл мақсатта облыстық бюджеттен 250 млн. теңге бөлінді», – деді облыс басшысы. Амандық Ғаббас- ұлының айтуынша, жоғарыда аталған мектептерге 187 млн. теңгеге бақылау жүйесі бар турникеттер орнатылады және мектептерді мамандандырылған күзет компаниялары күзететін болады.
Ағымдағы жылы облыс мектептерін 100 пайыз «дабыл түймесімен» қамтамасыз ету үшін бюджеттен 106,4 млн. теңге қаралған. Алдағы 2022 жылдың соңына дейін облыстың қалған 713 мектебінде қауіпсіздік жүйелерінің жаңартылатыны сөз болды. Облыс басшысы балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жұмыстары алдағы уақытта жалғасын тауып, тұрақты бақылауға алынатынын айтты.
Гүлжан ТҰРСЫН





