Дүниеге бала алып келіп, ана атану – әйел өміріндегі ең жауапты шақ. Бұл кезеңде аналарға барынша қолдау көрсетіп, бала күтімімен айналасуына арнайы демалыс беріледі. Себебі, ол қызметтен кеткендіктен, жұмыс орны жалақы төлемейді. Мемлекет тарапынан әлеуметтік жәрдемақыны ғана алады. «Декретке» де дайындалып шығып, миллион теңге алуға болатынынан көбі бейхабар. Бүгінгі тақырыбымыз осы болмақ.
Сәбидің дүниеге келуі айтарлықтай қаржылық шығындарды талап етеді. Сол себептен, нәрестеге дұрыс күтім жасау үшін әкесі немесе анасы декреттік демалыс алады. Осы орайда, ҚР Еңбек кодексінде әлеуметтік демалысты тағайындаудың арнайы ережелері мен заңдары бекітілген. Ол жерде елімізде бала күтіміне байланысты демалысты үш топқа бөліп қарастыруымызға болатындығы жазылған.
Оның біріншісі – жүктілікке және босануға байланысты демалыс. Бұл демалыс түрі 126 күнді құрайды. Босанғанға дейінгі 70 және босанғаннан кейін 56 күнтізбелік күн қосылады. Тағы да ескеретіні – қиын босанған, екі және одан көп бала туған жағдайда 56 емес, 70 күндік демалыс беріледі.
Екіншісі – жаңа туған сәбиді асырап алған жұмыс істейтін жандарға арналған демалыс. Асырап алушы ата-ананың бірі 56 күнтізбелік күн мөлшерінде демалыс ала алады. Бұл жерде асырап алған сәбиге қатысты барлық құжаттар заңды түрде рәсімделгеннен кейін рұқсат етілетінін ескерген жөн. Үшіншісі – сәби үш жасқа толғанға дейін жалақы сақталмайтын демалыс.
Бұны не үшін жазып отыр деп ойлап қалуларыңыз мүмкін. Бұл «декреттік» демалысты есептеу кезінде қажет болады. Мысалы, демалыстың бірінші және екінші түрінде сіз мемлекет тарапынан жәрдемақы алатыныңызға сенімді боласыз. Орташа айлық жалақы төленіп, жұмыс орны сақталады. Ал үшінші демалыс түрінде жұмыс орны сақталғанымен, бала күтіміне байланысты жәрдемақыны 1 жасқа толғанша ғана ала алады.
Бала күтіміне байланысты ата-ананың бірі шығатын демалыс түрін анықтап алдық. Енді, қолыңызға қанша қаражат алатынын есептеп көрелік. Инстаграм әлеуметтік желісінде көпшілікке @dauletten атауымен таныс қаржыгер Дәулет Төлейтайұлының мысалымен айтайық. Яғни, жұмыс істейтін Бәтима мен жұмыс істемейтін Лариса әпке мысалында. Ескеретіні, декреттік төлем екеуіне де беріледі. Бірақ қандай мөлшерде?
Жұмыс істемейтін Лариса әпкеміз Заңмен бекітілген 38 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) есебінде қаражат алады. Биыл еліміздегі 1 АЕК мөлшері 2 778 теңгеге тең. Сөйтіп, 38 АЕК-ті 2 778 теңгеге көбейткенде 105 564 теңгені шығады. Бұл – бала туған кезде мемлекеттен берілетін бір реттік жәрдемақы сомасы. Егер Лариса әпке төртінші, бесінші және одан да көп баланы дүниеге әкелсе, онда 63 АЕК мөлшерінде «родовой» алады. Яғни, көбейтінді 175 мың 14 теңгені құрайды. Бұған қосымша бала 1 жасқа толғанға дейін 5,76 АЕК (5,76 АЕК х 2778 теңге=16001,28 теңге) қана ақша алып өтеді.
Екінші кейіпкеріміз Бәтима болса, кемі екі жыл заңды түрде жұмыс істеп келеді. Яғни, зейнет- ақы қорына табысынан ай сайын ақша салып отырды. Бұл жағдайда бала күтімі бойынша әлеуметтік төлем ай сайын төленеді. Және Бәтиманың жұмыс істегені ескеріліп, сақтандыру жарнасы салынған ай сайынғы жалақысы есептеледі. Жарлық бойынша алатын соманы білу үшін соңғы 24 айдағы (2 жылдағы) жалпы кірісті білу керек. Кірісті 24-ке бөліп, 0,4 коэффициентіне көбейтіледі. Алынған сомадан 10 пайызын зейнетақы жарнасын шегеру керек.
Мысалы, Бәтиманың бірінші жылы жалақысы 180 мыңға тең болды. Бір жылдан соң қызметі жоғарылап, жалақысы 230 мың теңгеге көбейді делік. Оның қолына алатын ай сайынғы «декреттік» төлемін есептесек:
12 ай×180 мың + 12 ай×230 мың = 2 миллион 160 мың + 2 миллион 760 мың = 4 миллион 920 мың теңге. Бұл – Бәтиманың екі жылда тапқан табысы. Енді орта жалақысын табу үшін: 4 миллион 920 мыңды 24 айға бөлеміз = 205 мың теңге. Кейіпкеріміздің жұмыс істеген екі жылындағы орташа жалақысы 205 мың теңгені құрайды. Енді оны 0,4 коэффициентке көбейтсек, 82 мың теңге шығады. Бұдан 10 пайыз мемлекеттік жарна мөлшерін табамыз. Сонда ай сайын 82 мыңның 8 мың 200 теңгесі жарнаға кетеді. Нәтижесінде Бәтима нәресте бір жасқа толғанша ай сайын 72 800 теңге алады.
Ал бала туғанға дейін алатын сомасын табу үшін соңғы 12 айдағы орташа айлық мөлшерін аламыз. Яғни, Бәтиманың бір жылдық орташа табысы 230 мың теңге болады. Оны 230 мыңды 12-ге көбейтіп, 12-ге бөлу арқылы таба аламыз. Соңғы 12 айдағы табысы – 2 миллион 760 мың теңге. Енді «декреттік» төлемді есептейік: 2 миллион 760/12 х 4,2 =. Бұл сомадан зейнетақы қоры ұстайтыны — 10 пайызы (966 мыңның 10 пайызы – 96600 теңге).
Нәтижесінде, Бәтиманың «до родовойы» 966 000 – 96600 = 869 400 теңге. Бұған бірінші бала үшін алатын 105 564 теңгені қоссақ, 974 694 теңге – Бәтиманың жалпы «декретный» сомасы.
Мақаламыздың кіріспесінде «миллион алу мүмкін бе?» деген сауал тастаған едік. Миллионнан асып жығылатын «декретный» алу әбден мүмкін. Тек сіздің табыс мөлшеріңіз 280 мыңнан кем болмаған жағдайда қордан 1 123 000 теңге алуға мүмкіндік бар.
Есепші Әлия Шадированың пікірінше, «декретке» миллионмен шығу үшін арнайы онлайн сабақтарға барудың еш қажеті жоқ. Ең дұрысы, тапқан табысыңды қарапайым есеп-қисапқа салып, ой елегінен өткізу керек.
– Ол қарапайым математика. Ақпарат деген толып тұр іздеген адамға. Ол жерде ешқандай тегін ақша жоқ! Ай сайын ақша салып отыру керек, 250 мыңнан 1 млн. алғыңыз келсе. Ал ақша салмаймын, миллион теңге аламын деген маркетингтік әдіс деп ойлаймын. Отырып-отырып миллион теңге алатын ешқандай амал жоқ! Зейнетақы жарнасын төлеп, салығын төлеп қана миллион теңге алады, – дейді Әлия Әнуарқызы.
Қысқасы, тегін миллионды ешкім бермейді. Ал дәл осы сомманы алу үшін соңғы 12 айдағы айлық табыс 280 мыңнан кем болмауы керек.
– 280 мыңнан кем болмауы керек деген міндетті талап емес. Әркім табысына қарай қаржы салып отырады және сәйкесінше ақша алады. Мұндағы айтарым, кәсібі бар қыз-келіншектер, демалыс күндері торт пісіріп, пәтерін жалға беріп ақша табатын немесе онлайн дүкені барлар кәсібін заңдастырса деймін. Сонда ғана қосымша жәрдемақы алуға болады. Қазір жүктіліктің алғашқы айларында болсаңыз 4-5 айға салып үлгересіз. Сəйкесінше, одан миллион емес, 400-500 мың теңгедей алуға мүмкіндік бар. Жалған кəсіпкерлікке шақырып тұрғаным жоқ. Тек салықтан қашпай, керісінше, одан пайда көріңіздер деп айтқым келеді, – дейді ол.
Маман пікірінің жарқын мысалы ретінде Көксу ауданының тұрғыны Мақпал Еңсебайды алып қарастырсақ болады. Мақпал тұрмысқа дейін, одан кейін де еш жерде жұмыс жасамаған. Қайын атасының жеке кәсіпкерлігіне жұмыскер ретінде тіркеліп, айлығын 200 мың деп көрсеткен. Сонымен қатар, ай сайын мемлекетке 10 пайызын, яғни, 20 мың теңгені зейнетақы қорына лақтырып отырды. 4-5 ай осы жүйені ай сайын орындап отырған ол босанғаннан кейін қолына 275 мың теңге ақша алады. Оған бірінші баланы туғанда берілетін жәрдемақыны қосыңыз. Шамамен 400 мыңның айналасында мемлекеттен қаражат алды. Жоғарыда айтылған сөздің шын екеніне осы арқылы көз жеткіземіз. Мақпал жұмыс істемей, заңның аясында 100 мың емес, 400 мың алды.
Өзіңізге жеке кәсіпкерлік («ИП») ашу арқылы жүзеге асатын әрекет. Сіздің айлығыңыз аз болса, онда жетіспейтін соманы 280 мыңға толықтырып есептеп, ай сайын зейнетақы қорына 10 пайызын лақтырып отырасыз. Мысалы, сіз 180 мыңды өзіңіздің жұмысыңыздан деп есептеп, қалған 100 мыңды жеке кәсіпкерлігіңізден түсетін пайда деп көрсетсеңіз болады. Ал, дербес кәсіпкерлікті екі жолмен тіркей аласыз.
Біріншісі – халыққа қызмет көрсету орталықтарынан немесе egov.kz сайтынан онлайн түрде ЭЦҚ (ЭЦП) алу арқылы. ЭЦҚ алғаннан кейін, egov.kz сайты арқылы дербес кәсіпкерлікті өзіңіз тіркейсіз. Екінші тәсілі салық басқармасына барып, қағаз күйінде өтініш өткізу арқылы жүзеге асады. Бір күнде тіркеледі. Тек жеке куəлігіңіз қажет.
ДК (дербес кәсіпкерлік) тіркеген кезде үш салық режимінің біреуін таңдайсыз. Нақтыласақ:
1.Жалпыға бірдей салық режимі (табыс салығы 10 пайыз; салық естептігі əр тоқсан сайын тапсырылады).
2.Оңайлатылған салық режимі (табыс салығы 1,5 пайыз, салық есептілігі жарты жыл сайын тапсырылады).
3.Патент негізінде (табыс салығы 1 пайыз; салық есептілігі алдын ала кемінде 1 айға, максимум жылдың соңына дейін тапсырып қоюға болады. Мысалы, сіз бүгін патент негізіндегі ДК тіркесеңіз, жылдың соңына дейінгі салығыңыз бен аударымдарды төлеп қоюға болады).
Заң бойынша 6 айда бір рет жалпы табыстың 1,5 пайызы табыс салығы ретінде төленеді. Бұл жеңілдетілген салық режимі (упрощенка) бойынша жүзеге асады. Ал патент болса, табыс салығы ретінде 1 пайыз төленеді.
Жеке кәсіпкерлік өз атыңызда болған жағдайда, 1 айлық табыс 297 000 теңге болса:
Зейнетақы қорына 29 700 теңге (10 пайыз) және әлеуметтік сақтандандыру қорына 10 395 теңге (3,5 пайыз) мөлешірнде аударым жасайсыз. Табыс салығы: 2970 теңге (1 пайыз патент болған жағдайда) Медициналық сақтандыру бойынша төлем – 2970 теңге (2020 жылға дейін тек жалдамалы жұмысшыларға), ДК иесі төлемейді.
Сонда сіз ай сайын қалтаңыздан 43 065 теңге төлеп отырасыз. Енді сіз 12 ай 43 065 теңгеден 516 мың 780 теңгені қалтаңыздан жырып мемлекетке бересіз. Шығынға батамын ғой деп ойлауыңыз да мүмкін. Әсте олай емес. Сөзімізді дәлелдесек: 280 мың көбейту 12 ай = 3 миллион 360 мың. Енді оны 12-ге бөліп, 4,2 коэффициентке көбейтеміз. Тең болады 1 176 000 теңгеге. 10 пайызын (117 600) азайтамыз. «Декретный» мөлшері – 1 058 400 теңге. Бұл сомаға бірінші, екінші, үшінші баланы туғанда берілетін 105 564 қоссақ, 1 163 964 теңге. Сіздің төлеген 516 мың 780 теңгеңізді азайтсақ, үстінен 647 184 теңге пайда көріп тұрсыз. Қосымша 1 жасқа дейін ай сайын алатын 40-100 мың теңгеңіз бар. Сіз ешқандайда минусқа кірмей, семіз плюста боласыз.
Әлия Әнуарқызы декретке жеке кəсіпкерліктен шығайын деп жүрген ханымдарды салық инспекторлары есептеген кезде мұқият болуға шақырды.
– Декретке ДК арқылы шығу жолдарын түсіндіру барысында байқағаным, кейбір салық инспекторлары əлеуметтік сақтандыру қорына жасалатын төлемді жұмысшыға есептегендей есептеп береді екен. Яғни, сіз айлық ретінде көрсетіп отырған табыстан зейнетақы қорына жіберілген соманы алып тастап барып, 3,5 пайызға көбейтеді. Ол дұрыс емес! Жеке кəсіпкер өзі үшін төлегенде, айлығын бірден 3,5 пайызға көбейтеді. Мысалы, 180 мың табысқа 18 мың зейнетақыға төледіңіз. Ал əлеуметтік сақтандыру қорына есептегенде «180 000 – 18 000=162 000» деп 162 мыңнан 3,5 пайыз жібересіз, сонда табысыңыз 180 мың емес, 162 мың болып қалады. Сонда зейнетақы қорына салып отырған ақшаңыз зая кетеді. Сондықтан салық инспекторлары есептеп беріп жатқанда мұқият болыңыз. Олар да адам, олар да қателесуі мүмкін. Тек заңға сүйенеміз, – дейді ол.
– Кәсібіңіз болмаса, ДК-ны ақша алу үшін ғана ашпаңыздар! Басқа адамның кәсіпорнына тіркеліп, өтіп кеткен айлардан зейнетақыға жəне әлеуметтік қорға аударым жібермеңіздер. Барлық төлемді уақытылы жəне ай сайын салыңыздар. Бəрін бірге сала салсаңыздар, ол күмəн тудырады. Басқа біреудің ДК-ына тіркеліп, өтіп кеткен айларға ақша жіберіп, босануға дейін алатын соманы əдейі көбейтіп алғаны үшін Қылмыстық кодекстің 190-бабы («Алаяқтық») бойынша жауапкершілікке тартылады, – деп ескертті маман.
PS: Қарапайым есеп-қисапқа жүгіну арқылы сіз миллионер ана атана аласыз. Әрине, экранның ар жағынан «Жеке кәсіпкерлікті ашқан соң кейінгі жұмысы көп» дейтіндер үшін бұл әсте мүмкін емес. Өйткені олардан: «Жеке кәсіпкерлік ашып, жұмыс жасадыңыз ба?» — деп сұрасаң: «Жоқ, солай естігенмін», – деп қысқа қайырады. Сырттан тон пішпей, ішкі атмосфераға кіріп, барлығын ой-елегінен өткізген абзал. Жеке кәсіпкерлік ашарда түсінбегеніңізді сала мамандарынан сұрап, ақыл-кеңеске жүгінген дұрыс. «Қаржы әліппесінің» бүгінгі қозғаған тақырыбы болашақ аналар үшін тиімді болады деген сенімдеміз.
Еңлік АРЫҚБАЙ
Алматы облысы





