Мынау жарық дүниеде адамның бірінші байлығы денсаулық екені ақиқат. Адам ауруы асқынып, дерті дендеп, дауа іздегенде ақ желеңді жандарға жүгінері анық. Мен де өзімнің жаныма сая болған, қиналған кезде басымды көтеруге себепші болған ақ халатты абзал жандардың жақсылығын айтып, ризашылығымды білдіргім келіп отыр.
Бұл маман иелерінің еңбегі барлық адамзат үшін сауабы мол іс. Уақытпен санаспай, отбасына, туған-туысына көңіл бөле алмаса да өз істеріне берілгенін дәлелдеп, адам жанына арашашы болуға, қайткен күнде де жалпы қиналған жанның бәріне көмек қолын созып, әр сәт сайын олардың өмірі үшін күресуді өздеріне міндет етіп алғанын қарашы! Осының өзінен-ақ олардың ізгі жан екенін қалай байқамаймыз. Әшейінде сау жүргеніңде қатардағы қызметшілердің бірі сияқты аса бір назар аудармаймыз-ау. Ал кейде денсаулық сақшыларының көмегіне мұқтаж болып алдына келген кезде олардың шынайы қызметінің куәсі болып, жақсылығын көріп, оларға қарыздар болып, алғыс айтқың келіп тұрады. Осындай ізгі көңілін білдіргісі келетін адам қаншама?! Мен де сондай адамның бірі ғанамын. Осы ауруханада емделу барысында мен таң атқаннан кеш батқанға дейін күн, түн демей дамылсыз жүгіре еңбек еткен медицина қызметкерлерінің қиын жұмысын көрдім, ұғындым. Олар елімізде төтенше жағдай жарияланып, індет басталғалы бүкіл әлем халқының үрейін алып, сан мыңдаған тағдырды жалмаған осынау алапат дерттен емдеу үшін ауруханадан үйлеріне қайтпай, жұмыс орнында апталап, айлап қызмет етіп жүр.
Осы ауруханада емделіп жатқан әр емделуші сіздердің ыстық ықылас пен аялы алақандарыңыздың жылуын сезінеді. Себебі, сіздер олардың өмірге деген құштарлығын арттырып, мейірімділік пен адамгершіліктеріңізбен халыққа қалтқысыз еңбек етудесіздер. Сіздердің қажырлы еңбектеріңіздің арқасында қаншама адам аяққа тұрып, туған-туысымен қауышты, қаншама науқастың сауығып кетуіне жәрдем бердіңіздер.
Халық даналығы «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» – дейді. Осындай алғысқа лайық жандар, халықтың денсаулығын сақтау, нығайту жолында аянбай адал еңбек етіп жүрген Талдықорған қаласындағы облыстық жұқпалы аурулар ауруханасының бас дәрігері Біржан Оспанов, дәрігердің орынбасары Анжелика Ким, бас инфекционист Ю. Эккель, бас және емдеуші дәрігер Гүлзира Каурамбекова, бөлімше дәрігері Мейрам Евсеева, Жақсылық Мүсірәлі, Ғалымжан Асылханов, «Н» блогының Роза, Дана, Сәуле, Айжан, Ботагөз, Шолпан атты медбикелеріне, кіші қызметкерлерге және барша медицина мамандарына өз атымнан зор алғысымды білдіремін.
Қарусыз майданда өзгенің жанын алып қалам деп ешбір қиындыққа қарамай, қауіп пен қатердің арасында басын бәйгеге тігіп, кәсіби борышын абыроймен атқарып жүрген сіздердің еңбектеріңіз өлшеусіз. Әрқайсымыздың деніміздің сау болып, жарқын өмір сүруіміз үшін тынымсыз еңбек етіп, аянбай тер төккен өз ісінің майталманы, елдің алғысын арқалаған барша ақ халатты абзал жандарға асқақ абырой, биік бедел, ел игілігі үшін атқарған еңбектеріңіздің ақталуын тілей отырып, халықтың алғысын арқалаумен кәсіби тұрғыда биік шыңдарды бағындыруларыңызға, денсаулықтарыңыз мықты болып, күш-қуаттарыңыздың арта түсуіне тілек қосамын.
Дәрігерлер, сіздерге мың алғыс!
Алла разы болсын сіздерге!
Марат МӘЛТЕКБАСОВ,
педагогика ғылымдарының докторы, профессор,
Ақсу ауданының, Талдықорған қаласының Құрметті азаматы





