…1956 жылы жер жаннаты Бостандық ауданы мен шөл даланың бір бөлігінің Өзбекстанға берілуінің қалай заңдастырылғанына көз жеткізу үшін Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің екінші сессиясындағы баяндамаларға, пікірлерге толығырақ тоқталғанды жөн көрдік.
Жұмабек Тәшеновтің баяндамасынан:
«…Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Төралқасы Өзбек КСР Жоғарғы Кеңесі Төралқасының өтініші бойынша арнайы комиссия жіберіп, мұқият зерттеп, екі жаққа да тиімді ортақ шешімге келді. Жамбыл және Оңтүстік Қазақстан облыстары ұжымшарларының Бостандық ауданын және көрсетілген жер аумағын Өзбек КСР-ына беру туралы Республика Жоғарғы Кеңесінің қарауына және бекітуіне ұсынады. Бостандық ауданы Өзбек КСР-на берілуі екі республика экономикасының бірлігін, территориялық жақындығын және шаруашылық, мәдени байланыстарының беріктігін көрсетеді. Сондай-ақ, туысқан Өзбек КСР-ы экономикасы мен мәдениетінің одан әрі қарқынды дамуына сеп болды. Сондықтан территориялық және экономикалық тұрғыдан алғанда Бостандық ауданын Өзбек КСР-ына беру орынды шешім деп ойлаймыз. Бостандық ауданы мен 499 мың гектар жер аумағын Өзбек КСР-ына беру қазақ халқының өзбек халқына деген шексіз сенімі мен сүйіспеншілігінің мысалы, елімізде мекендейтін халықтар арасында қалыптасқан туыстық байланыстардың жарқын дәлелі. Мұндай салтанатты сәт тек социалистік шындық және КСРО-дағы бұзылмас ұлттар достығы мен бірлігінің нәтижесінде жүзеге асқалы тұр. Коммунистік партия еліміздегі барлық халықтарды бір-бірімен жер дауын туғызбайтын, басқаның есебінен олжа табуға ұмтылмайтын, барлық мәселені тең өзара сенім мен туысқандыққа негіздеп шешетін біртұтас ортақ үйге топтастырады. Мұндай туысқандық әрекеттің бір жарқын мысалы – ұлы орыс халқының украин халқына Қырым облысын беруі болды. КСРО Конституциясында «Одақтас республикалардың территориялары олардың келісімінсіз өзгертілмейді» деп нақты жазылған. Осы арқылы кеңестік одақтас республикалардың егемендігі Конституцияда көрініс тапқан. Бостандық ауданы мен көрсетілген жер аумағын Қазақ КСР-ның құрамынан алып, Өзбек КСР-ның құрамына беру туралы шешім қабылдау тек қазақ және өзбек халықтарының ғана емес, Кеңес одағының мемлекеттік мүддесіне сай келеді. (Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі депутаттарының ду қол шапалақтары). Біздің республиканың құрамынан Өзбек КСР-ның құрамына Оңтүстік Қазақстан облысының Бостандық ауданы мен көрсетілген жер аумағын беру туралы мәселені Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі депутаттарының қарауына және бекітуіне ұсына отырып, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Төралқасы Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі депутаттары тарапынан бірауыздан қолдау табады деген сенім білдіреді. (Қол шапалақтау)».
Жарыссөзге шыққан депутаттар Н. Оңдасынов, Б. Саркиева және И. Волощук Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Төралқасының төрағасы Жұмабек Тәшеновтің сөзін қолдайды.
Мәжіліске депутат жазушылардан Ғабит Мүсірепов, Сәбит Мұқанов және Дмитрий Снегин қатысады. Жоғарғы Кеңестің төрағасы сөзді Сәбит Мұқановқа береді.
Депутат Сәбит Мұқанов:
«…Қазақта ежелден «Өзбек өз ағам» мәтел бар. Бұл тектен-текке айтылмаған. Оның терең тарихи мәні бар. Тарихи деректер екі халықтың шыққан тегі бір екенін көрсетеді. Оның бір дәлелі – өзбек халқының құрамында кездесетін қазақ рулары. Тағы бір дәлел, 1598 жылдан бастап 150 жыл бойы екі халықтың едәуір бөліктерінің орталығы Ташкент болған бір мемлекетте тұруы, – дей келіп: – Бірақ, біздің сессиямызға туысқан Өзбекстан делегациясы қазақ жерінің бір бөлігін бөліп беруді өтініп, келіп тұрғанда, мен Қазақ Республикасы Жоғарғы Кеңесінің бір депутаты ретінде олардың бұл өтінішін қолдаймын. Өзбек делегациясы жарты миллион гектарға жуық жер мен Бостандық ауданын сұрап отыр. Мен олардың бұл өтінішін қанғаттандыруға дауысымды беремін. Өз дауысымды бере отырып, мен өзбек жолдастарға өзімнің бір тілегімді айтпақшымын. Біз сіздерге Кеңес одағындағы Бостандық ауданы сияқты ең бай және көркем жерді қиып беріп отырмыз. Бұл жерді бейнелеп айтқанда, қызымызды ұзатқандай қиналып, қимастықпен әрі қуанышпен беріп отырмыз», – дейді.
Зерттеушілер кезінде Киров ауданының жүзім шаруашылығының директоры Молчановтың Бостандық ауданын Өзбекстанға беруге қарсы шыққанын да назардан тыс қалдырмаған. Ол:«Социалистік құрылыстарды алғашқы болып салғандар кімдер еді, ағайын?! Атап айтқанда, мынау Киров каналы. Құрылысқа қатысқан қаншама қазақтар қырылып қалды?! Ойлансаңдаршы! Құлазыған қу даланы суландырып, егін егіп, жемісін жей бастағанда басқа біреудің қолына өтуі кім-кімнің де болса да қабырғасын қайыстырады ғой. Мұндағы еңбек орнында қазақтардың маңдай тері төгілген. Мектеп, аурухана салынды. Қызыл бұрыштар жасалды. Мен орыс адамымын. Былайша айтқанда, маған бәрібір. Ал, еңбек адамы әрі басшы ретінде айтарым – қазақтардың бұл мекенге істеген еңбегін көз алдыма елестетсем, оларға жаным ашиды. Жалпы, мен бұл жерді Өзбекстанға беруге қарсымын. Неге десеңіз, бұл жердің иесі де, гүлдендірген де, суландырған да жергілікті қазақтар» («Қазақ әдебиеті» 1998 жыл, 28 тамыз).
Бостандық ауданының шындығы осы. Ақын Несіпбек Айтұлы бұған не дер екен? Ол Хрущевтің пәрменінен қаймығып, Бостандық ауданын Өзбекстанға өз еріктерімен берген біздің басшыларға арнап емес, сол кезде қазақтың намысын жыртып, қарсылығын ашық білдірген совхоз директоры Молчанов туралы поэма жазғаны оң болар. Нағыз батыр сол ғой.
Ия, ұлтарақтай болса да жер қымбат. «Берсең қолыңнан, бермесең жолыңнан» деп Хрущевтің төбеден төніп, желкелеп тұрғанында қарсыласып көр. Сол кезде бірінші басшы Брежневтің орнында кім болса да Хрущев дегенін істер еді. Айтып айтпай не керек, билік өз қолыңда болмаған соң өзегің өртеніп, қылышыңды тасқа шабасың. Ал Досанов романындағы қазақтың бір пұшпақ жері үшін жанын да аянып қалмайтын Жоғарғы Кеңес Төралқасының төрағасы Тәшенов әуелі комиссияның қарсы шешімін шығарған. Бірақ сол ермінездік ұстанымында тұрмай, артынша Жоғарғы Кеңес сессиясында Бостандық ауданын беруге мәлімдеме жасағанын Айтұлы қалай қабылдар екен? Шындық ащы. Арлының шымбайыңа батады.
Қазақтың жері іргедегі елдер көздерінің құртына айналғаны қашан. Басқа республикалардағыдай емес, жерінің асты мен үсті толған табиғи байлық. Оның үстіне Ресеймен шегарамыз жеті мың шақырымнан асады. Ұлттың саны анау, күрмеуге де келмейді. Осының бәрі сол кездегі нақты жағдайға қатты ықпал еткен. Бұл арыдан тартсақ ұзақ сөз. Беріден қозғап, анық-қанығына жеткеніміз жөн болар.
Өзбек ағайындар сол үш ауданға 1949 жылдан бастап-ақ көз тіккен. Сталиннің кезінде де әрекеттеніп баққаны бар. 1953 жылы наурызда ең жоғары билікке келген Хрущевтің бүйрегі соларға бұрып тұрса да әуелгіде КСРО Министрлер Кеңесінің төрағасы Косыгин ыңғай танытпаған соң жымысқы ойын іске асыра алмады. Оның үстіне сол кездегі Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің төрағасы Нұртас Оңдасынов Хрущевке: «Бұл менің жерім емес, қазақ халқының жері. Мәселені солар шешеді», – деп алдына кесе-көлденең тұрып алған. Содан соң олар қолайлы сәтті күтті. Сол сәт Исмаил Юсупов 1962 жылы Оңтүстік Қазақстан өлкесіне бірінші басшы болып тағайындалған кезде ғана туды.
«Іштен шыққан жау жаман». Өлкелік партия комитетінің бірінші хатшысы Исмаил Юсупов алдына келген үш облыстың басшылары «Исеке.., Исеке…», – деп құрақ ұшып бастарын иіп тұрса, көкірегіне нан піспей қайтсын. Мансаптан басы айналып, өлкенің алқалы бір жиынында «Жылқы мен есектің еттерін қосып, азық-түлік жоспарын орындаймыз» деп тыңнан жаңалық ашқандай болғанда қарамағындағы ләпбайлап тұрған басшылардың бірі де «Исеке, мұныңыз қалай?» деп қарсы келе алмай іштен тынған. Сондай астамшылық бұл қызметін тақиясына тар келтірсе, жаны қалай тыныш тапсын. Неге бұдан да жоғары лауазымға қол жеткізбеске? Оның үстіне қызмет бабымен Мәскеуге тіке шығып жүр. Ия ол үшін Хрущевпен қалайда тіл табысу керек. Жатса да, тұрса да, ойлағаны сол болды.
Хрущевтің Қазақстанның мақта шаруашылығымен айналысатын үш ауданын Өзбекстанға қосу жөніндегі мәселені ауық-ауық көтеріп жүргенін біледі. Оның үстіне бұл мәселе Өзбекстан Компартиясы ОК-нің бұрынғы бірінші хатшысы Нуриддин Мухитдинов пен Жоғарғы Кеңесінің төрағасы Ядгар Насриддинова Хрущевпен жарасып қалғалы бері жиілеп кетті. Хрущев өзіне майда тілімен майдай жаққан Нуриддин Мухитдиновті КОКП ОК-нің салалық хатшысына өсірді. Юсуповтың күткені де осы еді. «Жаны ашымастың қасында басы ауырмас». Юсупов: «Кетсе қазақтың жері кетеді. Ал менің нем кетеді?». Ыңғайлы сәті оңынан келіп тұрғанда Мухитдиновпен келісіп, неге Хрущевқа жағынып қалмасқа.
Мәскеуге барған сайын Мухитдиновпен астыртын байланыс жасап, үш ауданды Өзбекстанға қосу жөнінде ұсынысын білдірген. Мухитдиновке де керегі сол, қуана-қуана келісіп: «Исмаил, Хрущевтің атына хат жазып, өз қолыңмен апарып бер. Арғысы менің жұмысым», – деген. Ол Хрущевке оның табанын жерге тигізбей мақтап, Қазақстанды басқаруға өте лайықты, бұдан асқан жанды таппайсыз деп дәріптейді. Хрущев кездесу кезінде табанын жалауға бар адамның үш ауданды Өзбекстанға қосу жөніндегі хатын оқып, салған жерден ұнатқан. «Міне, Қазақстан Компартиясын басқаратын адам!». Солай Юсуповтың шиырған асығы алшысынан түсті. Тек Хрущевтан Мақтаарал, Ильич және Киров аудандарын Қазақстанның қазіргі басшылары қолымен Өзбекстанға өткізіп беруді өтінген. Солай өзгенің қолымен от көсеп, республикаға сүттен ақ, судан таза болып бару. Оның бұл бақай есебін алаяқтықпен әдейі жасаған қаскөйлігі деп қалай айтпайсың.
«Қазахстанская правда» газеті 2004 жылы 21 сәуірде тілші Ғалия Шымырбаева мен Қазақстан Компартиясы ОК-нің 1962-1964 жылдардағы бірінші хатшысы Исмаил Юсуповтың сұхбатын жариялады. Сұхбат тақырыбы «Қазақстан халқының алдында менің арым таза» деген Юсуповтың сөзінен алыныпты. Ол бірқатар қазақ газеттеріне де осындай тақырыпта сұхбаттар берген.
«…Сол жылдары Қазақстанның мақта өсіретін үш ауданын Өзбек КСР-на беру туралы шешім шығарылды. Содан бастап оны мен берді деген сөздер елге тарап кетті. Ал негізінде Өлкелік партия комитетінің хатшысы ретінде менің құқым жоқ еді. Мен Қазақстан Компартиясы ОК-нің бірінші хатшысы Д.А.Қонаевқа бұл аудандарда мақта өсіру қиындап бара жатқанын ескерткенмін. Қалай айтқанда да Қазақстан халқының алдында және өз балаларымның алдында арым таза», – дейді Юсупов. Өтірікті шімірікпей судай сапырған жанкештіде қызаратын бет болсайшы.
Ал мұрағат құжаттары не дейді? 1962 жылы 21-24 желтоқсанда болған Қазақстан Компартиясы ОК-і бюросы мәжілісінің №30 хаттамасында Исмаил Юсуповтың мына хаты қоса тіркеліпті. «Каз. правда» соны сұхбат ортасын ойып тұрып жариялаған.
«07. 12. 1962 г.
ЦК КПСС т-щу Хрущеву Н. С.
ЦК Компартии Казахстана т-щу Кунаеву Д. А.
Совета Министров Каз ССР т-щу
Бейсебаеву М. Б.
Исходя из общегосударственных интересов дальнейшего углубления специализации и правильного размещения сельскохозяйственного производства, Южно-Казахстанский крайком партии и крайисполком, Чимкентский обком партии и облисполком просят ЦК КПСС, ЦК КП Казахстана и Совета Министров Каз. ССР рассмотреть вопрос о передаче Узбекской ССР хозяйства Пахта-Аральского, Ильичевского и Кировского районов, а также все земли, подлежащие освоению и на центральном массиве в Голодной степи и создать там крупну
ю специализированную на пройзводстве хлопка новую административную область, лучше использовать имеющиеся единые каналы, оростительную воду.
Секретарь Южно-Казахстанского крайкома ЦК Компартии Казахстана И. Юсупов».
Міне, екіжүзділіктің үлгісі. Юсупов бәрін Қонаевқа жауып, өзін қиянаттан ада көрсеткісі келген. Соған дейін таптырмай келген оның бұл хаты «Каз. правдадан» кейін халықаралық «Түркістан» газетінде К. Адырбекұлының 2006 жылы 14-28 қыркүйек аралығындағы «Казахское дело» сериялық зерттеуіндегі «Дінмұхамед Қонаев» бөлімінде жарияланып, бүкіл республикаға тарап кетті.
Дінмұхамед Қонаев:«…Мен Хрущевке телефон соғып, концертке шақырдым. (Қазақстан өнер шеберлерінің Мәскеудегі қойылымын меңзеп отыр). «Міндетті түрде барамын. Мүмкін, Кремльге маған келіп кетерсіз», – деді. Мен жиырма минуттың ішінде сонда болдым. Хрущевтің кабинетіне кірсем, Микоян отыр екен. Аман-саулық сұрасқан соң Н. Хрущев: «Бүгін Оңтүстік Қазақстан өлкелік партия комитетінің бірінші хатшысы Юсупов келіп кетті, – деді маған көз қиығын бір секем көңілмен тастап, сөзін сабақтады. – Ол мақта өсіретін аудандарды Өзбекстанға беру туралы мәселе қойып отыр. Меніңше, өте құнды пікір».
Төбемнен жай түскендей үнсіз отырып қалдым. Маңдайымнан біреу періп жібергендей күй кештім. Ойым он саққа кетті. «Бұ қалай болғаны?» – деп ойладым. Осы бүгін ғана Юсуповпен кездесіп, сөйлесіп едім. Ондай ойдың ұшқынын да білгенім жоқ. Сол екі арада есебін тауып, идеясын өткізбек қой. Жоқ, бұлай ел тағдырымен ойнауға болмайды. Әйтсе де ойымдағыны іркіп қала алмадым. «Мен Юсупов ұсынып отырған ұсыныстың пайдалылығын өз халқыма дәлелдеп бере алмаймын. …Оңтүстік Қазақстан республикадағы тұрғылықты халықтың ең тығыз орналасқан жері. Никита Сергеевич, біз отпен ойнап отырмыз. Республикалардың арасында жағдай шиеленісіп кетуі мүмкін». Өкінішті-ақ! Менің айтқан уәждерім Хрущевке мүлдем ұнамады. Өйткені, ол әлдеқашан өз байламын жасап қойған-ды. …Концерт жайына қалды. Құлағым шыңылдап, басым мең-зең. Сахнада не болып жатыр. Көріп те отырғаным жоқ, есітіп те жарытпадым.
Үзіліс кезінде Хрущев әңгімені қайта көтерді. Ол маған Юсупов жазған хатты ұсынып жатып: «Аманатты орындау үшін тапсырамын, – деді. Онымен қоймай, Юсуповты жер-көкке сыйғызбай мақтады. – Іске мемлекеттік тұрғыдан қараған мұндай азаматқа барынша қолдау көрсету керек!».
Біз қасірет арқалап шықтық». («Ақиқаттан аттауға болмайды». 247-бет).
Несіпбек, кімнің айтқаны көкейге қонады? Сен қорлаған Қонаевтікі ме, әлде жанын жалдаған жәдігөй Юсуповтікі ме?
«Өтіріктің арты бір-ақ тұтам» деген осы шығар. Юсуповтың мұрағаттан осы хаты табылмағанда Несіпбек Айтұлы Қонаевтың аруағын қорлайтын сөздің бұдан да зорын айтар ма еді… Кім білсін. «Шындық ешқашанда өлмейді» деген рас екен.
Үш ауданның мәселесі Қазақстан ОК бюросында төрт күн бойына талқыланғанына қарағанда өте ауыр жағдайда өткені анық. Бюро мүшелері үш ауданды қалайда бермей алып қалудың жолын барынша қарастырған. Қазақстан Компартиясының салалық хатшысы Мұхамеджан Әбдіхалықовтың айтуына қарағанда, Қонаев Саяси бюроның мүшесі Анастас Микоянмен сыр тартып сөйлесе береді екен. Ол қысылған шақта сол кісіге телефон шалып, мақта өсіруде қазақстандықтардың да тәжірибесі жететінін, тек ауылшаруашылығын Өзбекстандағыдай өнімділікті арттыратын жаңа техникаларымен жабдықтаса, жоспарды өзбек ағайындардан кем бермейтінін айтып, Хрущевқа жеткізуге қолқа салған. Өкінішке қарай, Хрущев Микоянға да құлақ аспаса керек.
Қонаев: «Жер мәселесін елден, халықтан жасырып шешуге болмайды. Мұны ОК-те ғана талқыдан өткізбей, Жоғарғы Кеңестің Президиумы мүшелері де қарағаны жөн», – дейді.
Жоғарғы Кеңестің мәжілісінде жазушы Дмитрий Снегин ғана Хрущевтің шешімінің жөнсіз екенін айта келіп: «Қазақстанның жерін бөлшектеу, елін бөлшектеу», – деп үш ауданды Өзбекстанға беруге қарсы тұрған. Ал Мұқанов пен Мүсірепов секілді марғасқалар үнсіз қалды.
Көп кешікпей Хрущев Қонаевты қызметінен босатып, орнына Юсуповты тағайындады. Қонаев өз мамандығы бойынша Ғылым академиясының Геология институтына жіберуін өтінеді. Бірақ Хрущев өтінішін қабыл алмай Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің төрағасы Мәсімхан Бейсебаевтың орнына тағайындайды.
Юсупов қитұрқы ісін солай жүзеге асырды. «Іс бітті, қу кеттінің» кері.
Поэма авторы Қонаевтың сол үш ауданды Өзбекстанға беруге қарсы болғаны үшін бірінші хатшы қызметінен алынғанын да жақсы біледі. Бірақ ішіңдегі қыжылы істің ақ-қарасын айтқызбай отыр. Әйтеуір қалың оқырманға сөзін өткізу үшін әлгіндей аққа қара бояуды жаға берген.
Қонаев өзбектерге кеткен жерді Хрущев тұрғанда айқай-шумен ала алмасын біліп, ақылға салып, артын күтті. Егер КСРО-ның билік басына Брежнев келіп, Қонаев сол үш аудан жерінің, Айтұлы айтқандай, пұшпағын ғана емес, көп бөлігін қайтармағанда бүгінде өзбектерден соның өзін қайтып алу мүмкін емес еді. Оны мен айтпасам да әркімнің іші сезеді. Бір кем дүние-ай?!
Жырдың «Түгендеп қайтып алса кеткен жерді, кім қақты Қонаевтың қолын сонда?» деген жолдары былайғы жұртқа тауып айтылғандай көрінер. Айтұлының осы сөзі сол кездегі жағдайдан бейхабар базбіреулерге қамшы болып, «Шынында Қонаевтың қолын кім қақты?» деп реніштерін тудыруы бек мүмкін. Айтұлының көздеген мақсаты да сол сияқты. Ал жерді түгендеп алу Қонаевқа және Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Төралқасының төрағасы Сабыр Ниязбеков пен Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің төрағасы Мұстахым Ықсанов басқарған мемлекеттік комиссияға оңай болды ма?
Әттең, сол кезде Айтұлының болмағаны-ай! Арнайы құрылған комиссияны Ниязбеков емес, Айтұлының өзі басқарғанда өзбектерге кеткен жерді түп-түгел қайырып алатын еді. Осылайша ол түйінді мәселені оп-оңай-ақ шешіп тастар еді. Алайда бұл миссияны атқару оның пешенесіне жазылмаса не шара? Бірақ бүгін оған сәуегейлік айту бұйырыпты. Ия, айтуға оңай.
Қазақ «Біреуге қараған күнің құрысын» дейді. Билік кімде, қаржы да соның қолында. Бәрін де Мәскеу шешетін кер заман. Ондағы тізгін ұстаған шовинистер ешкімге өздігінен ештеңе істетпейтінін Айтұлының өзі де жақсы білді. Енді, міне, жоғары биліктегі ахуалды біле тұра білмегенсіп, бәріне Қонаевты жөнсіз кінәлауда. Қонаевтың қолында тәуелсіз билік болса, жердің бір пұшпағы түгілі, бір тұтамын да ешкімге бермес еді. Кезінде компартияға мүше болып, соның тәртібіне бас иіп, республикаға белгілі мәдениет саласындағы мекеменің дүрдей бастығы болған жазушы Сәбит Досанов оны жақсы біледі.
Мақтаарал аупарткомының бірінші хатшысы Ошақбай Көлбаев «Естен кетпес демалыс» естелігінде былай дейді. «…1993 жылдың шілде айында демалысқа шықтым. Фатима жұбайым екеуміз Талдықорған облысындағы «Қапал-Арасан» шипажайына бардық. Біз барып жайғасқаннан кейін кешкісін Димекең де келіп, сол жердегі бөлек жайға жайғасыпты.
Димекеңнің жады өте мықты. Кезі келгенде: «Димаш аға, 1971 жылдың март айында үш аудан Қазақстанға қайта оралды, – деп бастадым да сөзімді әрі қарай сабақтадым. – Бірақ 1962 жылы Өзбекстанға өткен үш ауданның Шымқорған, Қызылқұм, Амангелді атындағы «Арнасай», Ильич атындағы мал совхозымыз бен көп бауырларымыз сол елдің құрамында қалып кетті ғой», – дедім. Дінмұхамед аға ауыр күрсінді: «Бұл комиссияның кешірілмес қатесі. Олар екіжақты келісімшартқа 1962 жылы өткен аудандарды бұрынғы әкімшілік-аумақтық құрылымы шегарасымен толық қайтарылсын деп жаздырып, қатаң қадағалаулары керек еді. (Өзбекстан үш ауданды уақытша пайдалануға қосып алысымен қулыққа басып, олардың біраз бөлігін жырымшылап, өздерінің Жызақ облысының іргелес Фарыш ауданына қаратып, картасын қайта сыздырған). Өкініштісі сол, комиссия алғашқыда өзбектердің сол қулықтарын байқамай алданып қалады. Олар мұны кейін аңғарып қалып, маған хабарласты. Мен сол бойда Брежневке тағы өтініш жасадым. Ол «Комиссия уақытында шегараға мұқият қарап, шешім қабылдауы керек еді», – деді де қойды. Брежневтен екінші қайтара қолдау болмаған соң бұл мәселенің біз күткендей шешіле қоймасы белгілі болды», – деді көңілсіз үнмен».
Брежнев лауазымы өзінен төмен Өзбекстанның бірінші басшысы Шараф Рашидовқа тағы да телефон шалғысы келмеген. Шынында да оған үлкен басын кішірейтіп, жалынғандай болғаны жараса қоймас.
Үш аудан арада 9 жыл өткен соң ел құрамына қайтты. Қазақ «Бір құмалақ бір қазан айранды ірітеді» дейді. Міне, «Менің қазаққа қылаудай қиянатым болған жоқ» деген Исмаил Юсуповтың кесапаты. Сонша жыл елді әуре-сарсаңға салып, едәуір жерімізден айырды. Бұл бүгінгілерге де үлкен сабақ болса игі.
Айтұлы жырының мына бір тұсында «Әулие тұтқанменен айналасы, халықтың өкпесі көп Қонаевқа» деп бір қайырыпты. Оның жалпы халықтың атынан сөйлегені қалай? Сондай ерекше құқығы бар ма еді? Қонаевты ақиреттік сапарға шығарып салған сол үш жүздің халқы емес пе. Мемлекет және қоғам қайраткері Сұлтан Жиенбаев: «1993 жылы 22 тамызда Қонаев дүниеден өткенде, онымен қоштасуға келген халықта есеп болмады. Опера театрынан Кеңсай зиратына дейін жолдың екі жағы адамға толып, сүйікті перзентін ақырғы сапарға шығарып салды. Сірә, Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтай адамдарды әсте өлді деуге болмайды. Ол артында өлмейтұғын іс қалдырған халықтық тұлға. Ол әрқашан халықпен бірге жасайды. Олардың жадында өмір сүреді», – дейді. («Егемен Қазақстан» 2012 жыл 12 қаңтар).
Кеңсайға дейінгі жолдың екі жағында иін тіресе тұрып, жанарларынан жас ағып, мәйітінің жолына гүл шоқтарын төсеген солар ғой. Халық өкпелесе солай қимай қоштасар ма еді. Сол халықтың құрметтеген сөз ұстар жекелеген тұлғалары, Қонаевпен қызметтес болған мемлекет және қоғам қайраткерлері Нұртас Оңдасынов, Бәйкен Әшімов, Сұлтан Жиенбаев, Манаш Қозыбаев, Серікболсын Әбділдиннің ел үшін атқарған қызметін жоғары бағалаған жүрекжарды лебіздері Айтұлы үшін жай сөз болғаны ма? Шымкент қорғасын зауытын он бес жыл басқарған Рзабай Хобдабергеновтей азаматтардың ыстық ықыласын қайда қалдырасың? Айтұлының осы асылық сөзін өзі қатты құрметтейтін халықтың танымал тұлғасы, үлкен ғалым Мырзатай Жолдасбеков пен атақ-дәрежесі өзінен артық болмаса бір мысқал да кем емес Мемлекеттік сыйлықтың иегері, жазушы-доктор Әкім Тарази құптай қояр ма екен? Немесе бір өзі мыңға татитын ғарышкер Тоқтар Әубәкіров мақұлдай ма?..
Несіпбек, екеуміз алдымызды ғана көрсек, Әубәкіров Жер әлемге ғарыштан көз жіберген, бос сөзге жоқ, ойы терең, аузы дуалы абзал жан. Ғарышкердің әлеуметтік желідегі Қонаев туралы жүрекжарды лебіздері қандай?! Әлде сен үшін атақ пен даңқы Одаққа әйгілі болған Кәмшат Дөненбаева мен Бибігүл Төлегенова апаларымыздың Қонаевқа деген ілтипаты түкке тұрғысыз ба? Бүгінде исі қазақтың алғысына бөленіп жүрген ақын Жүрсін Ерман кемеңгердің 100 жылдық мерейтойы қарсаңында «Қонаевтай ер қайда!» деген тақырыппен Алматыда ақындар айтысын өткізгенде, Балуан Шолақ атындағы спорт сарайына сыймай сыртында жүрген қалың нөпір ше? Олар халық емес пе? Осындай ел таныған тұлғалардың ілтипатын тізе берсем, газет-кітап беттеріне сыймас. Айтұлы жаққан қара бояуды сол асыл әрі аяулы жандардың кітапқа түскен, ақпарат құралдарындағы естелік-пікірлерді ақпен бояп, қайта ағартатынына сенімім мол.
Кейбір зерттеушілер Тәшеновтің қайраткерлік қасиетіне жұрттың көзін жеткізу үшін Юсуповтың пікірін дәлел ретінде пайдаланғанын қайтерсің. Қазаққа жаудың ісін жасаған жанкештінің жалған айтқаны соншалық маңызды ма еді? Ой, Алла-ай! Абай айтпақшы, осындайда ар мен намысты былай жинап қойып, қазаққа ниеті жаманмен табыса қалатынымыз қалай? Айтұлы мақтаған Тәшенов сөзінің тұрлауы жоқ Юсуповқа басын иіп, төрелік сұрап барар ма еді? Жоқ! Намыстан жарылып кетер еді. Ал Айтұлына салсақ Юсупов өзбектерге үш ауданның жерін бергенде «жаман», Тәшеновке пікір айтқанда «жақсы» болып шыға келгенін қарашы. Біздің әлсіздігіміз де осында. Құбылып тұрамыз.
Несіпбек, Абай «Өлең шіркін – өсекші, жұртқа жаяр» деп босқа айтпаған-ау. Тарихи тұлғаның мәніне бармай сапырған жырың содан аспады. Өйткені Дінмұхамед Қонаевтың есімі тек мәрмәр тасқа ғана емес, миллиондардың жүректеріне жазылған. Енді оны өшіру мүмкін емес. Нөпір халықты мойындата алмаған соң тыраштанып қайтесің. Поэмаңды шын жүректен қозғап, әдептен озбай жазғаныңда, бәлкім, басқаша болар ма еді? Ал халық кімге құрмет көрсететінін екеумізден де жақсы біледі. Қонаев та, Тәшенов те халық үшін аянбай қызмет еткен ұлттың тарихи тұлғалары. Оларда жазық жоқ. Жазық екеуін қарама-қарсы қойып, жұртты екіге жарып жүрген сендейлерде. Өйткені сенің жырлағаның ғылыми талдау емес. Көңіл ауанымен жазылған өсекші өлең. Жырыңда шындықты батыл айтқансып, бірін мұқатып, бірін асыра мақтап, арасына сына қаққаныңды, жұрттың арасына жік салғаныңды, өзің айтпақшы, «айналаңдағы» ат төбеліндей жандар болмаса қалың қазақ жөн дей қоймас. Өйткені поэмаң әділдіктің, мәдениеттіліктің ауылынан тым алыс. Имандылықтың, поэзияға тазалықтың маңына да жуымайды.
Публицист-ғалым Камал Смайлов: «Қаншама тамаша таланттар өсіп, елге, әлемге танылды. Бәрін тізіп шығу мүмкін емес. Қазақтың осы заманғы ұлттық маманданған өнері мен әдебиеті Димекең ел басқарған 30 жылда қалыптасты. Соны ұмытар ма тарих?!». («Елу жыл ел ағасы» естеліктер жинағы. «Санат» 2002 жыл. 114 бет).
Әдептен озған Айтұлы секілді біреулер тарихи тұлғаны ұмыттырмақ түгілі мүлдем жоқ қылғысы бар. Мақсаттары бола қояр ма екен?!. Бола қоймас!
3. Кінә Қонаевта емес,бодандықта…
Журналист-жазушы Қайым-Мұнар Табеевтің 2020 жылдың 11 желтоқсанында «Қордайдағы қазақ-дүнген текетіресі 86-жылдың жаңғырығы», 18 желтоқсанда «Камалиденов «маскүнемдер» мен «нашақорларды» қолдан жасады» атты мақалалары «Қала мен дала» газетінде жарық көрді.
Мақаланың алғашқы бөлігінде ол:
«…Осы ретте, билікте ұзақ жыл отырған Дінмұхамед Қонаевтың мына бір мойындауы еске түседі. «Жалғыз ғана көзімнің жеткені – көп уақыт билік басында болуға болмайды. Айналаңдағы адамдарды тану түйсігің жоғалады, тың ойларды түсінбейсің немесе қабылдамайсың, өзіңе өзің сын көзбен қарауды қоясың. Сосын міндетті түрде қателіктер жасайсың, әсіресе кадрлық саясатта». («Бірлесу» тәуелсіз газеті, 15 қыркүйек 1990 ж). Ал кадрлық саясаттың теріс жүргізілуі орны толмас өкініштерге апарып соқтыратынын уақыт көрсетті.
Сталиндік саяси қуғын-сүргінде бір Қазақстанның өзінде 110 мыңнан астам адам лагерьлерге тоғытылды. 25 мыңдай Алаштың қаймағы «халық жауы» ретінде атылды. Оған «Асыра сілтеу болмасын, аша тұяқ қалмасын!» науқанында қынадай қырылған қандастарымызды қосыңыз», – дейді.
Біріншіден «Бірлесудегі» мақаланың авторы кім? Көрсетілмеген. Өйткені автордың кейіпкерге көзқарасына көп байланысты. Белгісіз автор Қонаев мойындағанын жазған. Ал Кеңестер Одағы тарихында билікте ұзақ отырғанды мойындаған кім бар? Қонаевтан басқа ешкім жоқ. Бұл оның саналылығын, парасаттылығын көрсетеді. Екіншіден, кадрдан қателесудің орны толмас өкінішке апаратынын айта келіп, елде болған қуғын-сүргінге, алапат аштыққа әкеп тіреген. Ұлттық кадрлар Қонаевтың кезінде ғана көбейді. Соған дейін колхоз-совхоздардан бастап, аудан, облыстарда қазақ кадрлар саусақпен санап аларлықтай ғана еді. Орыс тілін білген, оқыған қай қазақтың басшы болғысы келмеді. Абай жақсы айтқан, қазақ шен-шекпенді жақсы көрген. Ал жоғары қызмет орны санаулы. Қай қазақтың көңілін тапсын. Қонаев қызметте ешкімді алаламаған. Іскер, ұйымдастыру қабілеті жоғары үш жүздің қазақтары қызметсіз қалған жоқ. Оған қоғамды зерттеушілердің жасаған социологиялық талдауларының статистикалық көрсеткіштері дәлел. Ал Қонаевтың орнына мен бола қоймадым дегендердің өкпесі қара қазандай болғаны рас. Автор билікте ұзақ отырғандардың халықты қасіретке алып келгенін меңзейді. Рас, тарихта ондай ауыр зұлмат жағдайлар болған. Тек Қонаевтың кезінде емес. Қонаев билікке келгенде 2 млн. 400 мыңдай қазақты 1986 жылға дейін 6 млн. 700 мыңнан астамға жеткізді. Кеткеннің орнын толтырды.
Қайым-Мұнар Табеев мақаланың «III. Қонаев? Оның тұсында 700-ден аса қазақ мектебі жабылды» атты бөлімінде былай деген: «…Алайда қанша жерден мақтап, әспеттесек те Қонаевтың руханият саласында тек «орыстандыру» бағытын ұстанғанын жасыра алмаймыз. Оның кезінде 700-ден аса қазақ мектебі жабылып қалғаны шындық. «Жаптырмаймыз» десе, билік қолында тұр еді ғой. Жоқ, билігін пайдаланбады. Ал сол кезеңдерде біз сияқты күн кешкен өзбек, түрікмен, тәжік мектептерінің бірде-бірі жабылған емес». Автор тағы бірқатар адамдардың тіл мәселесіндегі пікірлерін тілге тиек еткен. Сонда бәріне Қонаевты кінәлі етіп шығарыпты.
Мен соған дейін Қайым-Мұнар Табеевті тыңғылықты зерттеушілер қатарына қосып, өзіне сырттай болса да құрметпен қараушы едім. Қателескен екенмін. Өйткені айтып отырған мәселенің мәніне бармай ұшқары, жалаң оймен шектелген. Қазақ тарихтың қасіретті жылдарында, ақын Жұбан Молдағалиев жырлағандай, мың өліп, мың тірілген жоқ па?! 1928-29 жылдардағы тәркілеу кезінде қазақтың байлары құл-құтандарымен Қытай, Моңғолия, Тәжікстан, Ауғанстан, Иран асқан. Тіпті бірқатар ғалымдар олардың біразының Кеңеске кеткен малымызды ит жесін деп қора-қопсысымен өртеп жібергендері жөнінде мұрағат құжаттарын жария еткен. Қалың ел жайлаған кең дала солай босап қалды. Рас, адамдардың бәрі бірдей емес. Араларында саны аз да болса Қаратаудың күнгей бетін жайлаған Өскенбайдай байлар да кездескен. Атшабары келіп: «Өсеке, ана ауылдың, мына ауылдың мырзалары Тәжік арқылы Ауған аспақшы болып жиналып жатыр. Біз де қозғалсақ қайтеді?» дегенде ол: «Жұрт үдере көшті деп жылы орнымды суытар жайым жоқ. Бәріміз жан сауғалап кетсек, мына ата-бабамның сүйектері жатқан жер қаңырап қалмай ма? Бос жерге қара шекпенді орыстар қоныстанбасына кім кепіл? Біз қайта ораламыз дегенше не заман. Атақоныс жерімізді таппай қалып жүрмейміз бе? Сен ана малымды кедей-кепшіктерге таратып бер. Өзімде орта шаруаға тиесілідейі қалса жетеді», – дейді. Ол солай отырып қалады. Көп кешікпей тәркілейтін комиссия келген. Оның бір мүшесі Ерғазиев деген жас жігіт екен. (1975-76 жылдары ол университетте «КОКП тарихынан» дәріс оқыған). Студенттер сол кісіден Өскенбайдың тағдырын сұрапты. Ол: «Ақылды жан екен. Малдарын кедей-кепшіктеріне таратып беріпті. «Малым – жанымның садағасы». Алам десеңдер әне. Тек қатын бала-шағама тиіспеңдер» дегені есімде. Голощекиннің талабы қатты болды ғой. Өсекеңнің өзін Түрікменстанға жер аудардық. Одан кейінгі тағдырын білмедім», – деді. Ия, сондай да жандар болған.
1931-33 жылдардағы аштық үш миллионға жуық қазақты жалмап кеткен жоқ па. Ұлтымызға бұл қасірет аз болғандай, соғыс жылдарында шейіт болған бір миллионға жуық қазақты қосыңыз. Арқаның даласы елден мүлдем босап қалған. 1960 жылы Қонаев билік басына келген кезде қалған қазақтың саны 2 млн. 400 мыңдай ғана екен. Республика тұрғындарының 23-25 пайызын ғана құрапты. Ұланғайыр жерімізде олардың бар-жоғы да білінбеген. Жергілікті ұлт өкілдерінің саны мүлдем аз болған соң да Хрущев жерімізге көз тіккен. Оның үстіне аштықты көрмеген өзбек, тәжік, түрікмен секілді бұрыннан отырықшы өмір салтын ұстанып, тығыз отырған жоқ. Ал халықтың саны көп мәселені шешуде үлкен рөл атқарады.
Ұлты неміс, жаны қазақ болып кеткен жазушы Герольд Бельгермен кездескен бір журналист: «Сіз үш жүзге де жатпайсыз. Айтыңызшы, Дінмұхамед Қонаев қандай адам?». – деп сұраған. Ол былай деп жауап қайтарады: «Мен ол кісінің қабылдауында болған емеспін. Өзін анда-санда телеарнадан көріп қалушы едім. Бірақ, қазақтардан ол туралы бір құлағым жақсы қасиетін есітсе, екінші құлағым жамандықтарын естуші едім. Бірақ, қайсысына көңіл тоқтатарымды білмей жүрдім. Бір жолы Әбдіжәміл Нұрпейісов екеуміз Ленин даңғылының жоғарғы жағындағы шағын саябақта әңгіме-дүкен құрып отыр едік, жол шетіне бір ақ «Волга» келіп тоқтады. Кабинадан жеңіл киінген ұзын бойлы кісі шықты. Әбдіжәміл: «Қонаев ақсақал ғой, жүр, сәлем берейік», – деген соң солай қарай беттедік. Ол жылы шыраймен амандасты. Әбдіжәмілді жақсы таниды екен. Мені сыртымнан білетін болып шықты. Үшеуміз ұзын арқалы орындыққа жайғастық. Әбдіжәміл сөз арасында 700-ге жуық қазақ мектебінің неге жабылып қалғанын сұрады. Ол 1950 жылы КОКП ОК-нің «Ұсақ шаруашылықтарды ірілендіру жөніндегі» Қаулысын айта келіп, мән-жайды арыдан түсіндірді. Айтқандары дәлелді болған соң менің құлағыма кірді. Өйткені сол кездегі жағдай менің көз алдымда өтті ғой. Алапат аштық, сұрапыл соғыстың салдарынан қазақтың даласы қаңырап қалды емес пе. Мен өскен Солтүстік Қазақстан облысындағы үш-төрт үйден ғана тұратын ауылдар аудан орталығынан 80-100 шақырым қашықтықта еді. Бүгінгідей тасжол қайда. Жауын жауса езіліп жататын қара жол. Алты, жеті айға созылатын ұзақ қыста қатынаудың азабын айтсайшы. Көліктер де санаулы. Соғыстан кейінгі ауыр жылдар. Алыс ауылдарға электр желісін апаратын Үкіметтің шамасы жоқ. Сол үш-төрт үйлі ауылдарда жас құралыптары әрқалай үш-төрт бала қам кесектен соғылған ашық-тесік жайда оқитын. Бірі бірінші, екіншісі төртінші, үшіншісі жетінші сыныптың оқушылары. Мұғалімі, әйтеуір хат таниды демесең, сауаты шамалы біреу. Күндіз өз шаруасымен жүреді де кешке балауыз шаммен балаларды оқытады. Соғыстан кейінгі жылдарда Үкіметтің сол ауылдарға дейін жол салып, электр желісін тартатын шамалары болған жоқ. 1954 жылы тың көтеріліп, сырттан еуропалық нәсілдегі жандар ағылды. Жаңа совхоздар мен аудан орталықтары бой көтерді. Әлгі шағын ауылдарды Орталық Комитет пен Үкіметтің әлгі шаруашылықтарды ірілендіру қаулысына байланысты жаңа совхоздар мен аудан орталықтарына жинақтау жұмыстары жүргізілді. Қазақ балаларының саны мүлдем аз. Жеке мектеп ашуға келмейді. Оларды әр ауылдан аудан орталығындағы интернатқа жинап, балалар саны көп орыс мектептерінде оқытты. Солай үш-төрт үйден тұратын алыс-алыс ауылдардағы мектептер жабылды. Балалар жақсы білім алды. Мен қазақшаны солардан үйрендім. Кейін олардың арасынан ел басқарған азаматтар, белгілі ғалымдар шықты.
Бір таңғалғаным, Қонаевтың жады өте күшті екен. Солтүстік Қазақстандағы шаруашылықты басқарғандар мен еңбек адамдарының есімдерін жаңылмай айтып отырғанда мен іштей таңғалып, жағамды ұстадым. Ғалымдарға, әдебиетшілерге, өнер адамдарына жасаған қамқорлықтары қаншама. Тағы бір таңғалдырғаны, Сүйінбай, Абай, Жамбылдан бастап, бірқатар ақын-жыраулардың өлеңдерін, үш бидің нақыл сөздерін жатқа айтқанда иманы таза жан екеніне көзім жеткендей болды. Мұндай қасиет ел басқарған жандарда бола бермейді. Қазір Қонаевты жамандаған пенделердің сөзін естігім де келмейді. Менің ойым Дінмұхамед Қонаев Қазақстанды 25 жыл лайықты басқарған».
Жазушы Бельгер жалған сөйлейді деп айту ағаттық. Ол өз көзімен көргендерін баяндаған. Ел ішіндегі жағдай солай болса амал нешік. Сталин басқарған ОК-тің қаулысын орындамай көр. Ал Қайым-Мұнар Табеевке 700 мектеп жабылып қалды деп кесіп айту оп-оңай екен. Сондай қияндағы үш-төрт үйден тұратын ауылдың жағдайын басынан өткізбеген соң қайдан білсін.
Жақсы адамның артынан сөз ереді. Дінмұхамед Қонаев өмірден өткен соң ел ішінде әрқалай сөздер айтылып жатты. Тіптен қисық-қыңыр пікірлер ақпарат құралдарында да жарияланған. Солардың бірі 1962-1964 жылдары Қазақстан Компартиясы ОК бірінші хатшысы болған Исмаил Юсупов 1997 жылы «Қазақстан» баспасынан шыққан «С чистотой помыслов» атты кітабында: «Мен республика басшылығына келген кезде бірқатар менің қара көз достарым Қазақстан шыңына ұйғыр шықты деумен болды. Егер солай дейтіндері бар, неге Қонаев туралы ашып айтпайды? Ол да таза қазақ емес қой. Ұлты бойынша татар. Бұл туралы мен Қазақстанның бұрынғы басшысы ретінде толық жауапкершілікпен айтамын. Қонаевтың және оның ата-аналарын менен басқа ешкім де білмейді десем асыра айтқаным болмас. …Қазақстан басшылығына ұлттық кадрды ұсыну жөнінде мәселе қозғалған кезде Д. А. Қонаев бір түнде өз төлқұжатын құртып, орнына ұлты қазақ деп жазылған жаңасын алған». (19 б).
Ішті өртеген қызғаныштың қыжылы не дегізбейді? Есесі кеткен жандардың осылай еріліп сөйлейтіні бар. Юсуповтың бұл сандырағын ескермей-ақ қоюға болар еді. Бірақ арамызда Қайым-Мұнардан басқа да оның осы сөзін малданып, айналасын көңірсітіп, бықсытып жүргендерді қайда қоясың? Бүгін біздің жазғыштардың Оңтүстік Қазақстандағы үш ауданды өзбектерге бергізіп, қазаққа қастық қылған Юсуповтың айтқанына имандай сеніп, сөзінен цитата алғанын қайтерсің. Кавказ, Балтық жағалауындағы халықтар ондайларды ауыздарына да алмайды. Ал біздегілер мұндайда ар-намыстарын жинап қойып, адал жандардың ақ-қарасын айырмай жағасына жармасады.
Ешкім де өз тегін, өз сүйегін сатпайды. Қонаев өзінің қазақтығын, өз ұлтын жанындай сүйетінін адал ісімен дәлелдеп кетті. Ал алаяқ, қулардан кемеңгер шыққан емес. Ақыл, парасат-пайымы, өресі жоғары жан бәрін де ой елегінен өткізген. Өмірінің соңғы кезеңінде, жаны Алланың алдына біртабан жақын тұрған кезде жазған «Ақиқаттан аттауға болмайды» кітабының алғашқы бетіне Ақарыстан бастаған ата-тек шежіресін өз қолымен жазып қалдырды. Рас, арғы бабасы Қонай татарға үйленген. Содан Меңліахмет туған. Ол Шелек ауылындағы Байырқызы Зәуре апамызбен тұрмыс құрып, Дінмұхамед өмірге келеді. Дінмұхамедтің сыртқы пішіні анасына тартқан. Ұлты татар деудің еш қисыны жоқ. Юсуповтың айтқандары желсөз. Ал оны жалаулатып жүргендердікі де бос сөз. Ешкім де шындықтан қашып құтыла алмайды.
Қайым-Мұнар сөз орайында: «Біз осы күндері «жүзден аса ұлт тұратын…» деген жалған ұранды жиі жалаулатып айтамыз. Соның авторы кім екен деп жүрсем, ол да Қонаев болып шықты. 1977 жылы шыққан «Советтік Қазақстан» атты орыс тіліндегі кітабында бақытты ел қандай деп сауал қойып, соған жауап беріпті. «Это 19 областей, более 80 городов, 193 поселка городского типа, 248 сельских районов, где дружной семьей живут и трудятся представители более 100 национальностей и народностей». Ең өкініштісі, бұл қисынсыз өтірік осы күнге дейін жалғасып келеді», – дейді.
Тағы да Қонаевты кінәләп, күйе жағу. 1961 жылы 24 маусымда Қазақстанның 40 жылдық мерекесі өтті. Салтанатты жиында Қонаев сөз сөйлеп жатқанда Никита Хрущев киіп кетіп: «Сіз неге Сталин туралы еш нәрсе айтпайсыз, – деді шұқшия түсіп. – Сталин халықтар достығының басты ұйымдастырушысы. Оны ұмытуға болмайды. Оны есте сақтау керек».
«…Мен құлаққағысты естімеген адамдай, өзімнің ойымдағыны түгел айтып біттім. Бірақ жоқ жерден Хрущевтің бүйректен сирақ шығарғаны ойлантпай қалмады. Мұнысы несі? – деймін іштей, – Қағытқаны ма, қалжыңы ма? Әлде, сынап көргісі келгені ме? Қалай болғанда да орынсыз, елдің бірінші басшысына лайық қылық емес. Жоқ, бар шыны сол шығар. Ойнап айтса да, ойлап айтса да ол өз арына сын. Мен ақылдан сабыр дегенге жүгініп, Сталин туралы ләм-мим деп тіс жарғаным жоқ». («Ақиқаттан аттауға болмайды» «Санат» 1994 ж. 230 б.).
Қонаев қай облыста, қай ауданда жүрсе де, онда не айтса да Мәскеу бәрін біліп отырған. Қысқасы, басқан ізі аңдуда еді. Іссапармен барған облыстардың еуропалық нәсілдегі бірінші не екінші хатшылары Мәскеуге сол бойда жеткізіп отырса ұлт жөнінде сөз айтып көр. Хрущев халықтар достығын аузына бекер алған жоқ. Қонаев республикада қазақтың аз, кірменің көп екенін ешқашан есінен шығарған емес. «Көп қорқытады, терең батырады».
Кеше мақтап, бүгін даттап сөйлейтіндер бар. Олар аз да емес. Енді, міне, Қайым-Мұнар да солардың бірі ме деп отырмын. Ол 2006 жылы «Дайк-Пресс» баспасынан шыққан «Қазақтың Желтоқсаны» кітабында: «…СССР Бас прокуратурасының аса маңызды істермен шұғылданатын тергеушісі, генерал-лейтенант В. Калиниченко қанша тырысса да, Қонаевтың жекебасына қатысты қылмыстық істен еш нәтиже шығара алмады. «Биік қызметте жүріп салдырған үйі, саяжайы, тіпті, автокөлігі де жоқ. Қыруар тарту-таралғыдан бір сабақ жіп алмаған мұндай таза адамды ғұмырымда кездестірмеппін» деп өзі мойындаған. («Литературная газета» 12.04. 89 ж.). Мысалы, өзінің 70 жылдығына Бюро мүшелері сыйлаған жапон қымбат теледидарын өзі отырған кабинетте қалдырып, шетелдік сапарлардан жинақталған сый-сияпаттың барлығын мұражайға өткізуі, академик ретінде мемлекеттен алатын 750 сом стипендиясын 25 жыл бойы №3 балалар үйіне аударып отыруы оның қарапайым жан ретіндегі тұлғасын асқақтата түседі». (126 б).
Дінмұхамед Қонаев бар өмірін ұлтына, халқына арнаған жан. Қайым-Мұнардың соны біле тұра бүгін өз пікірін бірден өзгерткені қалай? Пендешілік деген осы шығар, сірә.
Қонаев ұлт мүддесін ашық қорғап, қолдай бастаса болды, «ұлтшыл» атап, саясат сахнасынан тайдырып жіберетін еді. Сондықтан ұлт үшін үндемей жүріп үлкен істі тындырған. Бұл көзге көрінбейтін істер болатын. Оның жергілікті ұлттың саны көбейгенше ел ішінің тыныштығын ойлағаны сол. Оның «жүзден аса ұлт өкілдері тұратынын» айтқаны уақытша алдамшы амал ғана. Соны түсінбегендер оны орысшыл деп кінәлайды. Қазір де елде көп ұлт өкілдері тұрады. Араларында бұрынғы КСРО-ны аңсайтындар да жоқ емес. Олардың тілімізді менсінбей жүргендері сол. Тіпті оларды былай қойғанда өзіңнің қалалық қазақтарың да бір-бірімен қазақша сөйлеспейді. Соларға өз тіліңді біл деп ақпарат құралдарында айтылып та, жазылып та жүр ғой. Ал шыққан нәтиже қане?.. Ұлт әлі де ұйқыда. Қала берді, бізге әлі де санымызды көбейте түсу керек. Адай ақын айтқандай «Әр қазақ менің жалғызым» деп, ынтымақ, бірлікті берік ұстанбасақ, кім көрінгенге жем болып кетеріміз хақ. Ал бізге қазір бірлік ауадай қажет.
Мақаланың «Бір адам Қонаевтың кетерін күні бұрын білді» деп аталған бөлігінде, Камалиденовтің «Аңыз адам» журналының 2010 жылғы №12 санында жарияланған сұхбатынан үзінді берген. «Желтоқсан оқиғасы – бұл Горбачевтің жіберген үлкен қателігі. Нақтылап айтсам, Қазақстанға Колбинді бірінші хатшылыққа жіберуінің өзі ағат қадам еді, себебі, ол республиканы білмейді». Бұл арада «үлкен ағаттық» деп өзінің тағайындалмай қалғанын айтып отырғаны аңғарылады. Ол кезде Қазақстандағы жоғары биліктен үміткер төрт адамның аты жиі аталып жүрді, – дейді Қайым-Мұнар».
Дұрысы, Горбачев қателескен жоқ. Ол Қонаевтың кезінде билікте жүрген ұлттық кадрлардың тым көбейіп кеткенін жақсы білді. Алматыда өткен тыңның 25 жылдық мерекесіне қатысқан, ОК-тің ауылшаруашылығы жөніндегі хатшысы ретінде Семей облысына іссапармен барған, 1985 жылы ОК-ке Бас хатшы қызметіне сайланған соң күзде Целиноградтағы ауылшаруашылығы белсенділерінің жиналысына арнайы келген. Сол кездерде басшылықта жүрген кадрлардың жетпіс пайызы қазақтар екенін көріп, білді. Колбинді солардың санын қысқартып, империялық саясатты күшейту үшін жіберді. Бірақ жастардың қарсылығына ұшырап, дегені бола қоймады.
Автор мақаланың келесі бір азат жолында:
«…Иә, болары болды. Өзі тәрбиелеп өсірген ізбасарларының жасы келген кезде жан-жақтан талағанына ренжіген ақсақал «Орныңызға лайықты кім бар?» деп Горбачев сұрағанда, ешкімнің атын атамауын енді түсіндік», – деп жазыпты.
Қайым-Мұнар, Талғат Айтбай екеулеріңнің илегендерің бір терінің пұшпағы. Басқалардың да жан жарасын сыздатқан Желтоқсан көтерілісі туралы азды-көпті материалдарды оқып-тоқығаным бар. Сондықтан да сенің мына айтқан тұжырымыңмен келісе алмай отырмын. Сен дәп осы жерде Горбачев пен Қонаевтың орнын ауыстырып жіберген сияқтысың. Керісінше, әлгіндей сұрақты Қонаев Горбачевке қойған. Ақыр зерттеген екенсің, күніне қырық құбылған Горбачевпен ғана шектелмей, Қонаевтың кейінгі жылдары ақпарат құралдарына берген сұхбатына да зер салып барып, ой қорытқаның жөн болар еді.
Қонаев 1986 жылы 11 қарашада Горбачевтің қабылдауында болып, қызметінен босату жөнінде өтініш берген. «В конце разговора спросил Горбачева о том, кто будет секретарем вместо меня. Он ответил: «Позвольте это решать нам самим». (Дінмұхамед Қонаев. «О моем времени». 265 стр.). Сен Горбачевтің сөзіне сенсең, мен Қонаевтың сөзіне сенемін. Біле білсең, Горбачев Қонаевтан пікір сұрауды арсынып, рухани жағынан алшақ кеткені қашан. «Сырт көз – сыншы». Целиноградта өткен партия-шаруашылық белсенділерінің кеңесінде Горбачев Қонаевтың сөзіне құлақ аспай жүре тыңдап, оғаш мінез танытқанын жұрт телеарналардан көріп, оның астамшылығын байқаған. Оны өзің де көрдің. Қонаев естелігінде сол жағдайды да айтқан. «…Аты жүріп тұрған кісінің айдыны биік болады. Горбачевтің ауыздықпен алысып, түкірігі жерге түспей тұрған шағы. Кісімен жүре сөйлесіп, анау-мынау сөзге құлақ аса қоймай, мінез байқатып қалып жүрген тұсы. Екеуміз ет-бауырымыз елжіреп, шүйіркелесіп әңгімелесе қойғанымыз жоқ». («Ақиқаттан аттауға болмайды». «Санат», 1994 жыл.358 б).
Дана халық «Пендені танығың келсе қолына билік бер» дейді. Горбачев Ставрополь өлкесін басқарып жүрген кезінде Минводыға демалуға келген Қонаевты құрақ ұшып қарсы алып, қайтарында жолына құрбан болып кетердей жанұшырып, шығарып салатын. Қазақ мұндайды «Мынаның әртістігін-ай» дейді. КОКП ОК Бас хатшысы болып сайланысымен өңін айналдырып, мүлде басқа кейіпте шыға келді. Солай кеудесін керген Горбачев Қонаевқа иіліп, қалай жөн сұрай қойсын? Қисынға келмейді.
Ия, қызметбасты адамға газет-журналдарды үнемі қадағалап отыруға уақыты бола бермейді. Оны түсінемін. Сен де осы мәселеге байланысты бір маңызды ақпаратты байқамай жіберіп алғансың-ау. Горбачев Қазақстанға кімді бірінші басшы етіп жіберуді Қонаевтың арыз бергенінен бұрын, сол жылы шілде айында-ақ шешіп қойған.
2010 жылы «Аңыз адам» журналының №12 санында Зақаш Камалиденовтің сұхбаты жарияланған. Ол былай дейді. «…Үміткер – төртеуміз. Әуелбеков, Назарбаев, Камалиденов, Мұқашев. Осы тізім Разумовскийдің үстелінде жатыр дейді. Журналист: «Бұл қай кездегі әңгіме?». Камалиденов: «Шілде айында. Бәріміз депутатпыз. Мирошхин, Назарбаев және мен. Сессияда отырмыз. Бір уақытта бір офицер келді. «Сіздерді Горбачев шақырып жатыр», – деді. Бізді сессиядан алып кетті. Назарбаев, Мирошхин мен үшеуміз бардық.
Горбачевтің қабылдауында адам көп екен. Обкомның, ОК-нің бірінші хатшылары жүр. Өзара сөйлесіп тұрмыз. Бір уақытта бір ірі кісі келіп: «Сәлеметсіздер ме, мен Колбинмін. Ульянов обкомының бірінші хатшысымын», – деді. Ойымызда ештеңе жоқ, амандасып тұра бердік. Ол кетіп қалды. Сәлден кейін қабылдау бөлмесіндегі жігітке радиодан: «Казахов в конце», – деді. Барлығы кіріп-шығып жатыр. Бізді ең соңынан қабылдаймын дегені ғой. 30 адамдай болды, солардың бәрінің артынан қабылдады. Сосын сол жерде үшеуміз келістік. Мирошхинге: «Сіз Қонаевтың тікелей орынбасарысыз. Сіз бастап жағдайды айтарсыз», – дедік. «Нұрсұлтан Әбішұлы, сіз Совмин төрағасысыз, сіз жалғастырарсыз, сосын мен айтамын», – дедім. Сосын кірдік, төртеуміз отырмыз. Горбачев: «Жағдай қалай?», – деп сұрағанда Мирошхин бастады. Сөзі көп адам еді, тақырыптан ауытқып, басқа нәрселерді айта бастады. Мен оған: «Көп созбай жағдайды баяндасаңшы», – дедім.
…Кейін ойлап отырсам, Горбачев сол кезде бізді бекер шақырмаған сияқты. Колбинді көрсін деп шақырған болуы керек. Демек, Колбинді Қазақстанға жіберуді сол кезден ойластырған болуы керек. Бірақ мені Кремльде жеке қабылдап: «Димаш Ахмет- ұлының орнына сайлайық» деп ұсыныс жасағаны да рас. Бірақ мен: «Денсаулығым келмейді» – деп бас тарттым. Бала кезімде остеомиелитпен ауырып, үш операцияны бастан өткердім. Аяғымды кесіп тастай жаздаған. «Ертең сізді Разумовский шақырады, әңгімелеседі», – деді. Бардым, сөйлестік. Қабылдауында екі сағат отырдым. Сұрақтар қойды. Бірақ ешқандай ұсыныс болған жоқ. Сосын мен қуанып, ауылға қайттым. Мәскеуде сұрағанда «Қонаевтың орнына жалғыз лайық адам, – Назарбаев», – дедім».
Бұрын бұлар көріп, білмеген Колбиннің өзін қарадай тұрып таныстырғанында не гәп бар? Мансапқорлық. «Көп ұзамай сендерге басшы мен боламын» дегені ғой шамасы. Солай да болды.
Сол екі сағат қабылдауда Разумовский не сұрады? Камалиденов қалай жауап берді? Әрине, әңгіменің Қонаев жайында, Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетіндегі ахуал тұрғысында болғаны анық. …Біреуді қызметтен аларда «Правда» мен «Известия» секілді азулы газеттерге жеріне жеткізе сынатады. Ал біреудің лауазымын көтеретін болса, одақтық газеттерге аяқтарын жерге тигізбей мақтататын.
Содан көп ұзамай «Аргументы и факты» газетінде Колбиннің сұхбаты шығып, қайта құру саясатын қатаң жүргізудің арқасында облыстағы тұралаған халық шаруашылығын даму жолына қойғанын мақтанышпен айтқан. Кейін арты ашылып, «Литгазетаның» ол туралы «Оқшантайдан шыққан адам» деп қатты сынап жазғанын жұрттың бәрі біледі.
Автор мақаласында: «Қонаев ел тағдыры сынға түскен ауыр сәтте ұлт қамын ойлаудан гөрі өзінің пендешілік пиғылынан аса алмапты», – дейді. Сонда не айтқысы келіп отыр? Түсінсем бұйырмасын. Әлде Колбиннің «Қонаев алаңға шығып, жастар алдында сөйлеуден бас тартты» дегенін малданғаны ма? Қонаев екінші хатшы Мирошхиннің телефон соғып, Колбиннің алаңға келіп жастар алдында мән-жайды түсіндіріп берсін дегенін жеткізген соң ОК-ке барған. «…Араға аз-кем уақыт салып, Колбин барлық бюро мүшелерін жинап, оларға қосып мені де шақырды. Кірген бойда ол маған: «Сіз боссыз, дем ала беріңіз. Біз өзіміз-ақ тиісті шара қолданып, тәртіпке келтіреміз», – деді. Мен шығар алдында Мирошхиннен: «Не үшін шақыртты, неге сөйлетпедіңіздер?», – деп сұрадым. Ол былай деп жауап берді. «Ақылдаса келіп, сізге алаңға шығып сөйлеуіңіздің қажеті бола қоймас деп шештік».
1987 жылы маусым айында Мәскеуде өткен КОКП Орталық Комитетінің пленумында маған алаңға шығып, сөз сөйлеуге рұқсат етпегенін Мирошхин тағы да растады». («Ақиқаттан аттауға болмайды». 428 б).
Бұдан артық қандай дәлел керек?
Қайым-Мұнар Табеев мақаласында біраз адамдардың Қонаев қақында айтқан сыңаржақ пікірлерін жазыпты. Ал Қонаевтың асыл қасиеттері жайында өте жоғары пікірлер айтқан республикаға белгілі жандардың сөздерін тізе берсек, газет бетінде бос орын қалмас.
Қайым-Мұнар да аспаннан бүгін салбырап түсе қалған жоқ. Ол да жеті атасын жақсы біледі. Шежіре – тарих! Қазақ халқының да тарихы бай. Керей мен Жәнібек қазақ хандығын құрғаннан бері қаншама ғасыр өтті. Солардың жолын жалғастырып ұлтты ұйыстырған Абылай, Әбілқайыр, Жолбарыс хандардың еңбектері ерекше. Жоңғар мен қалмақтардан жерімізді қорғады. Бірақ кейінгі хандар Ресейге бодан болып қолтығына кірді. Санкт-Петербургке барып, шен-шекпен тақты. Ал Кенесары хан неге патша ағзаммен он жыл бойы соғысты? Сен осыны ойландың ба? Тарихшы Ермұхан Бекмаханов оның азаттық күресін тамаша зерттеп жазды.
Жиырмасыншы ғасырдың басында патша өкіметі тақтан тайып, орнына большевиктер партиясы келді. Кеңестер Одағын құрып, ерікті елдер деп әлемге жариялады. Бірақ бұл қағаз жүзінде ғана болды. Большевиктер шын мәнінде патшалық үкіметтің империялық саясатын жалғастырды. Шексіз билік Мәскеудегі шовинистерде болды. Ал Қайым-Мұнар бар билік қолында тұрып, ұлтқа ештеңе жасамады деп Қонаевты кінәлайды. Кінәні сол патшадан шен-шекпен таққан арғы емес, бергі хандардан іздегені дұрыс болар.
Сәбетбек ЕРКІНБАЙҰЛЫ,
Қазақстанның еңбек сіңірген қызметкері,
Алматы облысының Құрметті азаматы




