Теледидардан күн сайын түрлі жаңалықтар мен тағылымды хабарларды тамашалаймыз. Алайда сол көріністердің әр сәтін таспаға түсіріп, көрерменге жеткізетін мамандардың еңбегі көп жағдайда көзге көріне бермейді. Сондай жандардың бірі – облыстық «Жетісу» телерадио компаниясының тәжірибелі таспагері Жасұлан Шынкенже.
Жасұлан Ақсу ауданына қарасты Қапал ауылының тумасы. Балалық шағының бір бөлігі Алажиде стансысында өтіп, 5-сыныпқа дейін сол жерде білім алған. Кейін әкесінің қызметіне байланысты Талдықорған қаласына көшіп келіп, ол №17 Мағжан Жұмабаев атындағы мектепте 9-сыныпқа дейін оқыды. Жоғары сыныптарды Алматы қаласында тамамдап, политехникалық институттың «электрлендіру» мамандығы бойынша білімін жетілдірді.
Жоғары оқу орнын бітіргеннен кейін Алматы қаласында әртүрлі салада еңбек еткен ол уақыт өте келе туған өлкесіне қайта оралады. Алғашқы қадамын «Арай плюс» жекеменшік телеарнасында бастап, таспагерлік мамандыққа деген қызығушылығы арта түседі.
2003 жылы жаңадан құрылған «Жетісу» телеарнасына қызметке орналасқан Жасұлан Рымжанұлы содан бері осы қара шаңырақта еңбек етіп келеді. Жалпы еңбек жолының 23 жылы телеарнамен байланысты болса, соның 20 жылын таспагерлік қызметке арнаған.
– Таспагерлік мамандықты жай ғана жұмыс деп қабылдаған емеспін. Бұл өмірімнің бір бөлшегі десем болады. Қолымнан келгенше жастарға білгенімді үйретіп, осы саланың қызығы мен жауапкершілігін түсіндіруге тырыстым, – дейді кейіпкеріміз.
Ол аға таспагер қызметін атқарып, жас мамандарға бағыт-бағдар берді. Телеарнаға келген талай жастың кәсіби қалыптасуына үлес қосып, тәжірибесімен бөлісті. Жұмыспен қатар білімін жетілдіруді де назардан тыс қалдырмады. Сырттай Ө. Жолдасбеков академиясында «құқық және бизнес» мамандығы бойынша оқып, екінші жоғары білім алды.
Телеарнадағы қызмет жылдары ішінде Алматы облысының түкпір-түкпірін аралап, өңірдің тыныс-тіршілігін халыққа жеткізді. Оған әр сапар жаңа тәжірибе мен тың әсер сыйлады. Осы жылдар ішінде көптеген маңызды оқиғаның куәсі болып, тарихи сәттерді таспаға түсірді.
Өзінің кәсіби қалыптасуына ықпал еткен ұстаздарын Жасұлан Рымжанұлы ерекше құрметпен еске алады. Ол Айдар, Шалқар Құсайыновтар, Мәулен Несіпбеков және
Қанат Қазтұрғанов сынды тәлімгерлерінен таспагерлік өнердің қыр-сырын меңгергенін айтады.
– Бүгінгі жеткен жетістігімнің бәрінде ұстаздарымның қолтаңбасы бар. Олар маған тек мамандықты ғана емес, еңбекке адал болуды, жауапкершілікті де үйретті. Сол кісілерге алғысым шексіз, – деген Жасұлан аталған мамандыққа баулыған жандарды көпке үлгі ететінін риясыз жеткізді.
Жасұлан Рымжанұлы еңбек жолында өңірді басқарған бірнеше облыс әкімдерімен бірге жұмыс істеді. Шалбай Құлмаханов, Серік Үмбетов, Аңсар Мұсаханов, Амандық Баталов, Қанат Бозымбаев және қазіргі облыс әкімі Бейбіт Исабаевтың қатысуымен өткен маңызды іс-шаралар мен сапарларды түсіріп, ел тарихының бір бөлшегіне айналған оқиғаларды таспаға жазды.
Арнайы іссапарлар аясында Малайзия, Сингапур, Тайланд, Сербия, Түркия, Қытай, Қырғызстан және Өзбекстан мемлекеттерінде болды. Бұл сапарлардың басым бөлігі инвестиция әкелу, халықаралық ынтымақтастықты дамыту және жаңа технологиялармен танысу мақсатында ұйымдастырылды.
Әсіресе Сербия мемлекетіне жасаған сапары оның жадында ерекше сақталған. Онда қазақтың ұлы ақыны Жамбыл Жабаевқа арналған ескерткіштің ашылу рәсімін түсіріп, тарихи оқиғаның куәсі болды. Салтанатты шараға екі мемлекеттің басшылары қатысқанын, қазақ руханиятының дәріптелгенін өз аузынан естідік.
Жалпы, ол Қазақстанның барлық өңірінде болып, сан алуан маңызды оқиғаны таспаға түсірді. Сол арқылы көрермен қауымға ел өміріндегі өзекті жаңалықтарды жеткізуге үлес қосты.
Бүгінде Жасұлан Шынкенже өзінің жетістігін жеке еңбегімен ғана байланыстырмайды. Ол мұның бәрін алдымен Жаратқанның, одан кейін өзі еңбек етіп жүрген облыстық «Жетісу» телерадио компаниясы ұжымының қолдауы деп біледі.
Кадр сыртында жүріп аймақ шежіресін таспаға түсірген Жасұлан Рымжанұлы секілді мамандардың еңбегі құрметке лайық. Өйткені уақыт өте ұмытылатын талай тарихи сәттің бүгінге жетуі дәл осындай өз ісіне адал азаматтардың қажырлы еңбегінің нәтижесі.
Медет ОРАЛБЕКҰЛЫ





