Оқырман қолына жаңа кітап немесе жаңа нөмірлі газет тигенде, оның сапалы безендірілуі мен сауатты терілуінің артында қаншама адамның маңдай тері тұрғанын көбі біле бермейді. Саналы ғұмырын баспасөзбен байланыстырғандардың бірі – облыстық баспахананың тәжірибелі маманы Гүлшат Нүсіпова.
Оның еңбек жолы тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы қиын кезеңдермен тұспа-тұс келді. 1994 жылы отбасымен бірге ауылдан Талдықорғанға қоныс аударған жас маман бірнеше ай бойы жұмыс іздейді. Томск политехникалық институтын «инженер-математик» мамандығы бойынша тамамдаған, еңбек жолын Өзбекстанда бастаған білікті маман үшін де жаңа ортаға бейімделу оңай болмаған.
Тағдыр оны баспахана саласына алып келді. Сол кезде мекемені белгілі азамат Әли Ысқабай басқаратын. Бүгінгідей газет тасқыны жоқ, негізінен кітап шығаратын кезең еді. Гүлшат Білісбайқызы кітап теруші болып жұмысқа қабылданады. Қазіргі жастар үшін таңғаларлық көрінуі мүмкін, бірақ сол кездегі компьютерлік технология әлі жетілмеген болатын. Кейде бірнеше жүз беттен тұратын кітапты толық теріп болған соң сақтап үлгермей, бүкіл мәтіннің жоғалып кететін кездері кездескен. Ондайда маман барлығын қайтадан теруге мәжбүр. Бұл – төзімділік пен еңбекқорлықтың нағыз мектебі еді. Гүлшат замандастың айтуынша, оның баспаханадағы алғашқы ұстазы – Айнаш Бияхметова. Жаңа үлгідегі компьютерлермен алғаш осы жерде танысады. Ол кезде небәрі 18 жастағы Айнаш компьютер бөлімінің алғашқы қызметкерлерінің бірі болатын. Екі жылдан кейін келген Гүлшат Білісбайқызына компьютердің қыр-сырын үйретіп, бағыт-бағдар берген де сол әріптесі. Уақыт өте келе облыстағы аудандық газеттердің барлығы дерлік осы баспаханадан шыға бастады. Компьютер бөлімінде бірнеше қыз қатар отырып, газеттердің мәтінін теріп, беттеп, баспаға дайындайтын. Әр газет нөмірі үлкен жауапкершілікті талап ететін. Себебі бір қате бүкіл басылымның сапасына әсер етуі мүмкін еді. Кейін аудандық редакциялар өздерінің компьютерлік техникаларын алып, газеттерін өздері дайындай бастады. Уақыт өзгерді, технология жаңарды. Бірақ баспахананың жүрегі саналатын тәжірибелі мамандар өз орындарында қалды. Бүгінде Гүлшат Нүсіпова мен Айнаш Бияхметова кезінде бірге бастаған қызметтерін әлі де абыроймен атқарып келеді. Отыз жылдан аса жинаған тәжірибе мен кәсіби шеберлік олардың ең басты байлығына айналған.
Гүлшат Білісбайқызы – өз ісіне адалдықтың, еңбекке жауапкершіліктің жарқын үлгісі. Оның өмір жолы жаңа технологияны игеруден қорықпай, үздіксіз ізденудің, кәсібіне деген сүйіспеншіліктің нақты көрінісі. Осындай мамандардың арқасында өңірдің баспа ісі дамып, талай кітап пен газет оқырман қолына уақытылы тиіп келеді.
Газет беттерінде көрінбейтін еңбек иелерінің бірі саналатын Гүлшат Нүсіпованың кәсіби жолы кейінгі буын үшін де өнеге болары сөзсіз.
Гүлжан ТҰРСЫН





