Талдықорған: +24°C
$ 470.46
€ 543.10
₽ 5.86
  • Комплаенс қызметі
  • Сыбайлас жемқорлық картограммасы
  • БАСТЫ БЕТ
  • ЖАҢАЛЫҚТАР
    • Алтын қол
    • Ардың ісі
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Дін мен дәстүр
    • Екі тізгін
    • Жансарай
    • Жас қалам
    • Ізгілік ізі
    • Күлтөбе
    • Күндерек
    • Құқық-заң
    • Мереке айшығы
    • Мінбер
    • Он саусақ
    • Руханият
    • Саясат
    • Таным-таразы
    • Түпсана
    • Ұлт ұяты
    • Экономика
    • Алтын қол
    • Ардың ісі
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Дін мен дәстүр
    • Екі тізгін
    • Жансарай
    • Жас қалам
    • Ізгілік ізі
    • Күлтөбе
    • Күндерек
    • Құқық-заң
    • Мереке айшығы
    • Мінбер
    • Он саусақ
    • Руханият
    • Саясат
    • Таным-таразы
    • Түпсана
    • Ұлт ұяты
    • Экономика
  • АРНАЙЫ ЖОБА
  • БАЙЛАНЫС
  • ЖАРНАМА
  • ГАЗЕТКЕ ЖАЗЫЛУ
жазу
No Result
View All Result
Writy.
  • БАСТЫ БЕТ
  • ЖАҢАЛЫҚТАР
    • Алтын қол
    • Ардың ісі
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Дін мен дәстүр
    • Екі тізгін
    • Жансарай
    • Жас қалам
    • Ізгілік ізі
    • Күлтөбе
    • Күндерек
    • Құқық-заң
    • Мереке айшығы
    • Мінбер
    • Он саусақ
    • Руханият
    • Саясат
    • Таным-таразы
    • Түпсана
    • Ұлт ұяты
    • Экономика
    • Алтын қол
    • Ардың ісі
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Дін мен дәстүр
    • Екі тізгін
    • Жансарай
    • Жас қалам
    • Ізгілік ізі
    • Күлтөбе
    • Күндерек
    • Құқық-заң
    • Мереке айшығы
    • Мінбер
    • Он саусақ
    • Руханият
    • Саясат
    • Таным-таразы
    • Түпсана
    • Ұлт ұяты
    • Экономика
  • АРНАЙЫ ЖОБА
  • БАЙЛАНЫС
  • ЖАРНАМА
  • ГАЗЕТКЕ ЖАЗЫЛУ
No Result
View All Result
No Result
View All Result
Басты бет ЖАҢАЛЫҚТАР КҮНДЕРЕК

«ТАБЫС ТОЛАЙЫМ»: АМАНДЫҚ БАТАЛОВ ХАЛЫҚ АЛДЫНДА ЕСЕП БЕРДІ

17.02.2021
КҮНДЕРЕК
"ТАБЫС ТОЛАЙЫМ": АМАНДЫҚ БАТАЛОВ ХАЛЫҚ АЛДЫНДА ЕСЕП БЕРДІ
WhatsAppTelegramFacebook

Алматы облысы әкімі Амандық БАТАЛОВ онлайн тәртіпте ел алдында есеп берді. Бұл туралы «Жетісу» газеті хабарлады.

Есепті кездесуде аймақтың өткен жылғы әлеуметтік-экономикалық даму барысы баяндалып, алдағы уақытта жүзеге асырылуы тиіс жұмыстар таныстырылды. Әкім баяндамасынан байқағанымыздай, Жетісу жерінде көңіл көншітерлік  көп жұмыс атқарылған. Аймақтағы әлеуметтік мәселелерді шешу бағытында орындалып жатқан істер де аз емес.

Алдымен: «Құрметті жерлестер! Өздеріңіз  білетіндей, өткен жыл пандемияға байланысты қиын жыл болды. Дегенмен, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тапсырмасы бойынша қабылданған қолдау шараларының арқасында облыс экономикасының барлық негізгі салаларында оң серпін сақталды.Өнеркәсіпте (1 трлн.168 млрд.) және ауылшаруашылығында (918 млрд.) өсім 2,3 пайызды, құрылыста – 6,8 пайызды құрады (310,2 млрд.). 957 мың шаршы метр тұрғын үй іске қосылды, бұл 2019 жылғы деңгейден 7 пайызға артық. 4 пайыз өсіммен 680 млрд.теңгеден астам инвестиция тартылды. Бұл көрсеткіштерге қол жеткізуге Жұмыспен қамтудың жол картасы көп ықпал еткенін атап өткім келеді. Бағдарлама бойынша біздің облысқа 105,6 млрд. теңге бөлініп, 19,5 мың жұмыс орнын құрумен 898 жоба аяқталды. Ал, жалпы облыс бойынша барлығы 60,7 мың жұмыс орындары құрылды. Мемлекеттік бюджетке түсімдер 562 млрд. теңге мөлшерінде қамтамасыз етілді, оның ішінде меншікті кірістер 25 пайызға өсіп, 284 млрд. теңгеге жетті», – деп сөз бастаған Амандық Ғаббасұлы аймақтың даму көрсеткіштерін одан әрі баяндады.

Облыс басшысы ағымдағы жылы Президенттің «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауын және 26 қаңтарда Үкіметтің кеңейтілген отырысында берген тапсырмаларын іске асырудың жалғасатынын, онда экономикалық дамудың жоғары қарқынын қалпына келтіру, инвестициялар тарту және халықтың табысын ұлғайту бойынша нақты шаралардың айқындалғанын атап өтті. Сондай-ақ, осы міндеттерді орындау мақсатында жыл басында облыс аумақтарын дамытудың 2021–2025 жылдарға арналған жаңа бағдарламасы қабылданған, ол «Nur Otan» партиясының «Өзгерістер жолы: әркімге лайықты өмір!» атты сайлауалды бағдарламасы.

Партия Төрағасы, Тұңғыш Президент, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасы бойынша оны іске асырудың Жол картасы әзірленген, онда халықтың барлық тобының мүдделері ескерілгендігі, сондықтан әрбір тармақты бақылаудың аса маңызды екені айтылды.

Осыған байланысты облыс әкімі орынбасарлары мен жауапты тұлғаларға, облыстық басқармалардың басшыларына, аудандар мен қалалардың әкімдеріне тапсырма жүктей отырып, аталған бағдарламалық құжаттардың уақытылы әрі тиімді орындалуын, экономикалық өсу қарқынын қалпына келтіру жөнінде шаралар қабылдауды міндеттеді.

– Бұл үшін бізде барлық мүмкіндік, жеткілікті әлеует бар. Облыстың инвестициялық қоржынында жалпы құны 5,4 трлн.теңге болатын 546 жоба бар, ол жобалар жүзеге асқанда 44 мың жұмыс орны құрылады. Бұл жерде трансұлттық компаниялардың тоғыз жобасы 7,6 мың жұмыс орнын құруды көздейді, жалпы инвестиция сомасы 250 млрд.теңгені құрайды. Оның ішінде үш жоба іске асырылды (Маревен Фуд, Лукойл, Willo). Ағымдағы жылы қуаты жылына 60 мың тонна болатын «Фид Миллс» құрама жем зауыты пайдалануға беріледі. Наурыз айында облыста алғашқы қуаты 1,2 млн. тонна, инвестиция көлемі 47 млрд.теңге болатын және 360 жұмыс орнын құратын «Алацем» цемент зауыты іске қосылады. Ішкі нарықты отандық тауарлармен молықтыруға «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы ықпал етеді, оның шеңберінде 56 млрд. теңге сомасына 183 жоба мақұлданды. Жыл соңына қарай өнеркәсіп өнімінің көлемі 1,3 трлн. теңгені, шикізаттық емес экспорт 400 млн. АҚШ долларын құрайды, – деді аймақ басшысы.

Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесіне тоқталған Амандық Ғаббасұлы оның аса маңызды міндет болып қала беретінін айтты. Сөзінше, оны өнімділігі жоғары ауылшаруашылығы мен бәсекеге қабілетті қайта өңдеу өндірістерін құрмай шешу мүмкін емес. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың 2022–2026 жылдарға арналған ұлттық жобасы әзірленуде. Жоба аясында еңбек өнімділігін 2,5 есеге, өңделген өнім экспорты көлемін 2 есеге ұлғайту міндеті қойылған. Бұл үшін ет, сүт, қант дайындау, дәнді, майлы дақылдар, көкөністер мен жемістер өсіру бойынша ірі инвестициялық жобалар айналасында жеті  экожүйе  құрылмақ. Осы ретте: «Біздің әлеуетіміз жеткілікті. 1,3 млн. бас ірі қара мал, 4 млн. бас қой мен ешкі, шамамен 1 млн. гектар егіс алқабы бар, оның жартысы суармалы болып табылады, сондықтан экожүйелер құруға қатысатын боламыз», – деді облыс әкімі.

Әкім есебінде белгілі болғандай, биыл қант қызылшасының егіс алқабы 16,3 мың гектарға, қант өндірісі 55 мың тоннаға дейін жеткізілмек. Көксу қант зауытында қуаттылығы 12 мың тонна құрақ қанты желісі іске қосылды, бастапқы кезеңде 7,5 мың тонна шикізат әкелінді. Бұдан басқа, қызылша сығындысын қайта өңдеу және түйіршіктелген жем шығару зауытын салу жоспарлануда.

Сояны өңдеу жұмысы жақсы жүріп жатыр, оның республикалық көлемінің 95 пайызы Жетісу жерінде өсірілуде. Мәселен, өткен жылы Еңбекшіқазақ ауданында, «Талдықорған» индустриялық аймағының аумағында «Жетісу Мажико» және май зауыты, «Жетісу Соя» үш нысаны пайдалануға берілді.

Биыл Іле ауданында қуаты 6 мың тонна «Агритеч» зауыты іске қосылмақ және соя өңдеу деңгейі 25 пайызға жетеді деп күтіліп отыр. Ет өңдеу бойынша трансұлттық компаниялардың қатысуымен жобалар бар. Осылайша, германиялық «Бауманн» компаниясы қуаттылығы жылына 30 мың тонна болатын қой мен ешкі етін терең өңдеу бойынша «Жетісу қой» жобасын іске асыруды бастамақ. Америкалық «Тайсон Фудс» компаниясы жылына 500 мың бас ірі қара етін өңдейтін зауыт салуды жоспарлап отыр, оларға Қапшағай қаласының маңында жер телімі бөлінді. Осы ретте аймақ басшысы бұл нысандарды тезірек іске қосу үшін инвесторларға жан-жақты көмек көрсету қажет екенін айтты.

Облыс құс еті мен жұмыртқа өндірісі бойынша жетекші орында, соңғы үш жылда құс етінің экспорты артты. Өткен жылы аймақта екі ірі құс фабрикасы іске қосылды. Ол Іле ауданындағы «НаурызАгро» ЖШС, ол 32 млн. дана көлемінде инкубациялық жұмыртқа береді. Екіншісі, Ұйғыр ауданындағы қуаты жылына 30 мың тонна құс етін беруге мүмкіндігі жететін «OTAN GreenFood» ЖШС. Сондай-ақ, «Прима Құс» ЖШС қуаттылығы 37 мың тонна етті бағыттағы құс фабрикасының құрылысын бастауды жоспарлауда.Ұлттық тауар өткізу жүйесі шеңберінде облыста Еңбекшіқазақ ауданында және Қапшағай қаласында екі көтерме-тарату орталығы құрылуда.

Қазіргі заманғы біріккен есеп айырысу орталығы өнімді жинақтауға, оны шығынсыз сақтауға және ішкі нарыққа ғана емес, экспортқа да жеткізуді ұйымдастыруға мүмкіндік береді.

Осылайша, ағымдағы жылдың қорытындысы бойынша ауыл шаруашылығының жалпы өнімінің көлемі бір триллион теңгеге жетпек. Еңбек өнімділігі бір адамға 2,8 млн. теңгені құрайды.

Пандемияға байланысты ауыр жағдайларға қарамастан шағын және орта бизнес субъектілерінің саны азайған жоқ және 262 мың адам жұмыс істейтін 123 мыңнан астам кәсіпорын жұмысын жалғастыруда.

Осыған байланысты Амандық Ғаббасұлы: «Әрине, мұнда «Бизнестің жол картасы», «Еңбек» бағдарламасы шеңберінде және 15 млрд.теңгеге дейін ұлғайтылған «Даму» қорының қаражаты есебінен мемлекеттік қолдау үлкен рөл атқарды. Несиелер, гранттар, шағын несиелер бойынша пайыздық мөлшерлемелерді субсидиялау түріндегі көмекті төрт мың кәсіпкер алды. Дағдарысқа қарсы жоспар аясында 119 мың бизнес субъектісі салықтық ынталандырулар алды, 641 субъектіге 24 млрд. теңгеге несиелер бойынша кейінге қалдырулар берілді. 6,5 мың жалға алушыға жалдау ақысы 30 пайыздан 90 пайызға дейін төмендетілді.

Осының арқасында маусымда демалушылар саны 1,3 млн. адамнан асады деп болжанып отыр. Туристер легі өсіп келеді. Осыған байланысты Алакөл жағалауын жайластыру жұмыстары одан әрі жалғаспақ.Әкім туризм саласын дамыту бағытында да көптеген жұмыстың атқарылып жатқанын сөз етті. Айтуынша, Алакөл жағалауындағы инженерлік инфрақұрылымды дамытуға айрықша көңіл бөлінуде. Үшарал қаласында әуежай салынды, теміржол қатынасы ретке келтірілді, ол үшін вокзал салынды, Ақши ауылына дейінгі ұзындығы 23 шақырым жол қайта жаңартылды.Биыл шағын және орта бизнесті қолдауға 13 млрд. теңге жолдау жоспарлануда, шағын және орта бизнестің жалпы өңірлік өнімге үлесі 34,3 пайызға дейін ұлғаяды, – деген аймақ басшысы әкімдерге тапсырма жүктеп, кәсіпкерлерге өткен жылғы шығындардан кейін көтерілуі үшін көмек көрсетулері тиіс екенін айтып өтті. 
– Өткен аптада мен Алматы облысының мәселелері бойынша Үкімет басшысы Асқар Маминде болғанымды атап өткім келеді. Үшарал қаласының әуежайында ұшу-қону жолағын қайта жаңарту және Ақши ауылында тазарту құрылыстары бар кәріз жүйесін салу жөніндегі жобаларға қолдау көрсетілді. Қызылағаш су қоймасы бойынша бөгеттің құрылысы аяқталды, енді алқаптардың суару желілерін қайта жаңарту қажет, бұл суармалы жерлерді жеті мың гектарға ұлғайтуға және Ақсу қант зауытын шикізатпен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Жалпы құны 8,9 млрд. теңге болатын бұл жоба да мақұлданды, іске асыру 2-3 жыл бойы жалғасады. Бірқатар басқа жобалар да қолдау тапты.Мысалы, Сарыөзек кентінде жаңа емхананың құрылысы және сумен жабдықтаудың төртінші кезеңін жүзеге асыру, Текелі моноқаласында жылумен жабдықтаудың екі жобасы, жалға беру және коммерциялық тұрғын үй құрылысы инфрақұрылымы, сонымен қатар, Балқаш көліне апаратын жол бар.Үкімет бізге көп көмектеседі, көтерілген мәселелердің барлығы дерлік шешілді, – деді Амандық Ғаббасұлы. Сонымен бірге, әкім туризмдегі тағы бір басымдық – бұл Алматы тау клас- тері екендігін, оның аясында Талғар мен Еңбекшіқазақ аудандарында заманауи шаңғы курорттарының салынатынын айтты.

Әкімнің сөзінше, жалпы, 2025 жылға қарай туристік ағын 3,5 миллион адамға жетеді, бұл бюджеттің кіріс бөлігіне айтарлықтай үлес қоспақ. Сонымен бірге облыста тұрғын үйдің қолжетімділігін арттыруға үлкен көңіл бөлінуде. Пәтер алуға кезекте 51,8 мың адам, жер учаскелерін алу үшін кезекте 154,2 мың адам тұр. Өткен жылы 2395 отбасы тұрғын үймен қамтамасыз етілді, оның 1258-і әлеуметтік осал және көпбалалы отбасылар, оның 180-і меценаттар есебінен.

Биыл бір миллионнан астам шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланып отыр, оның ішінде «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша 191 мың шаршы метр тұрғын үй салынады. 1390 пәтерге арналған 37 коммерциялық ғимарат бар. 3731 отбасы жаңа тұрғын үй алмақ, оның ішінде «Бақытты отбасы», «7-20-25», «Шаңырақ» бағдарламалары бойынша 1906 адам үйлі болады. Десе де әкім бұл көрсеткішке тоқмейілсімей, үйлерді көптеп салуды одан әрі жалғастыру қажет екенін айтты.

СҰРАҚ-ЖАУАП

 Асылбек ЖАЗЫҚБАЕВ, Тұзкөл ауылы, Райымбек ауданы: 
– Аудан облыстағы туристік маңызы бар аймақтардың бірі болып саналады. Ауылымыздағы көпшілік қызығушылық танытатын аймақ – Тұзкөл. Десе де, осы Тұзкөлге апаратын жол жөндеуді қажет етеді. Аталған мәселе шешімін табады ма?
Жауап: – Осыдан 1-2 жыл бұрын Тұзкөлдің жолымен өткен болатынмын. Өткен жылдары Көлсай көліне дейінгі жол жасалды. Ендігі кезекте Қайыңдыға апаратын жолды жасау да жоспарға енгізілген. Жобалық-сметалық құжаттамасы барлығы дайын. Осы жоспардың ішіне Тұзкөл көлі де кіреді. Бүгінгі таңда конкурс өтіп, жұмыс басталып та кетті. 
Балқаш ауданы тұрғындарының атынан: 
– Бірлік ауылына газ тарту мәселесі – тұрғындарды толғандырған сұрақтың бірі. Сондай-ақ, Балатопар ауылында 1970 жылы салынған өтпелі ағаш көпір бар. Ең соңғы рет 1980 жылы жөндеу жұмыстары жүргізілген болатын. Аталмыш мәселелер шешімін таба ма?
Жауап: – Бір жыл бұрын Балқаш ауданына магистралды газ құбырын тарттық. Соның нәтижесінде аудандағы әр ауыл газға қосылады. Ендігі кезекте газ бағасының тарифін реттеу жұмыстары жүргізілуде. Баға тұрғындардың қалтасына күш түсірмейтіндей болуы тиіс. Ағаш көпірдің құрылысына келетін болсақ, қаржы бөліп, құрылыс жұмысын бастаймыз. 
Ақан САТАЕВ, кинорежиссер: 
– Өз тарапымыздан түсірілген кинотуындылардың 70-80 пайызы Алматы облысында түсіріледі. Бұл жолы отандық кинематографияны дамыту мақсатында «Қазақфильм» киностудиясы Алматы облысы әкімдігімен бірлесіп Қапшағай су қоймасының жағасында «Кино полигон» құру жобасын жүзеге асыруға ниетті. Бұл жоба әрқайсысының ауданы кемінде 1000 шаршы метр болатын бірнеше түсірілім павильондарын, декорацияларды, 100-120 жатын орынға арналған қонақүй кешенін, дәмхананы және басқаларды қамтитын болады. Кино полигон киноиндустрияны, туризмді дамыту және «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру үшін жақсы алаң болады. Сондай-ақ, түркі тілді мемлекеттердің қатысуымен кинофестиваль ұйымдастырсақ деген жоспар бар. 
Жауап: – Екі ұсынысты да толықтай қолдаймын. «Жетісу» ӘКК» ӨДИ» АҚ-мен бірлесе отырып осы идеяны жүзеге асыруға болады. Кино қалашықтың құрылысы отандық киноиндустрияның дамуына ғана емес, туристердің келуіне де ықпал етеді. Фестивальді Талдықорған қаласында ұйымдастыруға болады. Себебі, қаланың инфрақұрылымы республикалық, мемлекеттік деңгейдегі іс-шараларды өткізуге толықтай сәйкес келеді. Түркі тілді мемлекеттер қатысатын кинофестивальді ұйымдастыру жағын толықтай өз мойнымызға аламыз. 
Ұлжан ОМАРБЕКОВА, Талдықорған қаласы: 
– Үй кезегінде тұрғаныма бірнеше жыл болды. Тізімде 51-ші болып тұрмын. Соңғы жылдары баспана салуға қатысты прогресс байқалады. Осы қарқын 2025 жылға дейін сақтала ма?
Жауап: – Бүгінгі күні 52 мыңнан астам адам үй кезегінде тұр. Құрылыс қарқыны артқан сайын үй кезегіне тұрушылар саны да көбею үстінде. Жыл сайын 250 мың шаршы метр баспана саламыз деген жоспар бар. Оның ішіне «Нұрлы жер», «Бақытты отбасы» сынды мемлекеттік бағдарлама да кіреді. Бүгінгі күні 120 мың шаршы метрі аяқталды. Биыл 1200 пәтер кілті табысталады. Сондықтан, ағымдағы не келесі жылы сіздің қоныстойыңызға келеміз. 
Баясыл АҚБАСОВ, Сарыөзек ауылы,  Кербұлақ ауданы:  
–  Ауыл тұрғындары су тапшылығынан қиындық көріп отыр. Осы мәселе шешімін таба ма?
Жауап: – Сарыөзек ауылындағы су құбыры мәселесі бұрыннан шешімін таппай келеді. Канализациялық құбырлар да проблемалық сұрақтың бірі. Үкімет басшысы Асқар Ұзақбайұлына екі үлкен мәселені ұсындық. Оның бірі – Сарыөзектегі су мәселесі. Екіншісі, Талғар ауданындағы су жүйелері. Бірінші кезекте Сарыөзектің су жүйесіне қаржы бөлініп жатыр. Қаржы қалай түседі, солай дереу жұмысты бастаймыз.
Аружан МЕЙРАМ, ерікті, С. Демирел атындағы университетінің студенті:
– Ауданда 56 мыңнан астам жастар тұрады. Облыс орталығында жастардың басын біріктіретін жастарға қызмет көрсету орталығы жұмыс жасайтынын білеміз. Сондай ғимараттар аудандарда бой көтере ме?
Жауап: – Соңғы уақытта елдегі ахуалға байланысты аталмыш мәселе тоқтап қалды. Десе де, әр аудан орталығында жастарға қызмет көрсету орталығын салу – бастапқы жоспардың бірі. Қазіргі уақытта әкім орынбасарлары Лаззат Махатұлы, Рустам Әлиұлына тапсырма берілген. Аудандардағы Мәдениет үйінің ескі ғимаратына күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізіп, жастарға қызмет көрсету орталығын салу жоспарда. Сонымен қатар, стационарлық HUB тұрғызу да қарастырылған. Бұл өз кезегінде жастар үшін өте қажет дүние екені сөзсіз.  
Секенбай ШЕҢГЕЛБАЕВ, Көксу ауданы: 
– Ауданда  196 км құрайтын дренаж каналы бар. Қазіргі уақытта каналдардың ахуалы нашар. Бұл мәселе шаруа қожалықтарына зиянын тигізуде. Әсіресе, егін жинау науқаны кезінде. Осы мәселе шешімін табуына қаржы бөлуіңізді сұраймыз. 
Жауап: – Өте күрделі мәселе. Қазіргі уақытта 187 мың  гектар жер көлемін суармалы жердің қатарына қосуға жұмыс істеп жатырмыз. Алдыңғы жылдары «Ислам Банкімен» бірлесе отырып 34 млрд. теңгеге жоспар жасаған едік. Қазіргі уақытта қаржыландыру дұрыс болмай, жұмыс жүрмей қалды. Сол жоспар ішінде дренаж құрылысын жасау болған еді. Әкім орынбасары Серік Тұрдалиев аталған сұрақты бірінші тоқсанның қорытындысына енгізу бойынша жұмыс жасайды. Жөндеу жұмыстарына 200 млн. теңге қаражат бөліп береміз. 
Арман АЛТЫНБЕКОВ, Айдарлы ауылы, Панфилов ауданы: 
– Былтырғы жылы жас кәсіпкер ретінде пенополистирол блок шығару ісін қолға алдым. Десе де, қаржыландыру мәселесінен қолдау таппағандықтан бастаған ісім аяқсыз қалды. Себебі, ауылды жерлерде бизнеске қолдау табу қиындық келтіреді. Шағын және орта кәсіпті дамыту бағытында қандай іс-шаралар атқарылып жатыр?
Жауап: – Бірінші кезекте, Арман Алтынбековты тауып, кездесіп, көмек қолын созу қажет. Шағын және орта кәсіпті дамытуға бағытталған қаншама мемлекеттік бағдарлама бар. Кәсіпкерлерді дамыту палатасы арқылы 100 млн. артық соманы 6 пайызбен алуға мүмкіндік бар. Кәсібін бастаймын деген шалғай ауыл тұрғындары осындай бағдарламалардан бейхабар. Көпшілігі бизнес жоспарын құра алмай, жақсы идеясынан бас тартып жатады. Осы бағытта жұмыс атқарыңдар. 
Ринат НҰРМОЛДАҰЛЫ, Нұр-Сұлтан қаласы: 
– Мен Талдықорған қаласының тумасымын. 2019 жылы Президенттік жастар кадр резервіне қабылданған болатынмын. Осындай модель әр облыс, аймақта да болу керек деп ойлаймын. Себебі, бір Талдықорған қаласының өзінде талантты, білімді қаншама жастар бар. Көпшілігі өз орнын таппай, басқа қала, басқа мемлекетке кетіп жатады. Сондықтан, Алматы облысынан жастар кадр резервін құру туралы ұсыныс айтқым келеді.
Жауап: – Өте жақсы ұсыныс. Соңғы уақытта «меритократия» деген түсінік қолданысқа енгізілді. Алдын ала жастардан құралған кадр резервін дайындап, лайықты жұмысқа орналастыруға құба-құп деймін. Осы мәселені қолға алып, бірлесе жұмыс істейік. Сіз облыстық аппарат басшысымен бірлесіп, осы мәселеге кірісіңіз. 
Айдос ҚАБЫТАЕВ, Қарабұлақ ауылы, Ескелді ауданы: 
–  Облыс аумағында «109» қызмет көрсету орталығы бар. Жүйе қар мен қоқыс- тың уақытылы тазаланбауы сынды мәселелердің шешілуіне септігін тигізеді. Осындай жүйе ауданда да іске асырылса жақсы болар еді. 
Жауап: – Әрине, «109», «101» сынды бірыңғай жүйе әр ауданда жасалу керек. Идеяны жүзеге асыру үшін Цифрландыру басқармасымен бірлесе жұмыс жасалу үстінде. Қоғамда әртүрлі мәселе кездеседі. Соны уақыт созбай, бірыңғай қызмет арқылы шешуге болады емес пе? Көлікке отырып, өзің барып, халықпен түсіндірудің де қажеті болмайды. Автоматты түрде жүзеге асады. Үйде отырып-ақ, барлығын жасауға болады. 
Есімхан ҚҰМАРОВ, Қаратал ауданы, Тастөбе ауылы: 
– Тастөбе ауылына жақын орналасқан Қаратал өзені бөгетті шайып, ауылды су басу қаупі бар. Одан бөлек, «Қаратал» саяжайы бау-бақша кооперативі жанындағы Қаратал өзенінің арнасы бұзылған. Осыған орай, Қаратал өзенінің арнасын бұру, бекітуге атсалыссаңыздар. 
Жауап: – Төтенше жағдайлар Департаментіне тапсырма беремін. Бөгет құрылысының жоспарын жасап, көрсетіңдер. Осы бағыттағы жұмыстарға қаражат бөлінген. Егер жетпей қалған жағдайда әкім резервіндегі қаражаттан бөлеміз. Облыс әкімінің орынбасары Лаззат Махатұлы мен департамент басшысы Асқар Тойшыбековке, Қаратал ауданының әкімі Қайрат Бұлдыбаевқа аталған мәселені шешуді тапсырамын. 
Қанат БЕКЕЕВ, облыстық мәслихат депутаты: 
– Ескелді, Қаратал, Көксу ауданы шаруа қожалықтарына үздіксіз суармалы су беру мәселесіне қатысты қандай жоспарлар бар?
Жауап: – Өте күрделі мәселе. Былтырғы жылы суармалы бағытта біраз қиыншылықтар болды. Тіпті тау мұздықтарынан пайда болған көлдерді тексерген едік. Жағдай қиын. Көлдерде су жоқтың қасы. Олардан тарайтын өзен жағасында су жартылай ғана бар. Сулы кезеңде Іленің өзінде 350-500 текшеметрден артып жығылатын болған. Енді, міне, Іледе жиналатын судың мөлшері 150 текшеметрге төмендеді. Қараталда жылдық тұтынатын орташа мөлшер 150 текшеметр болатын. Енді 10 текшеметрдің өзі жақсы нәтиже дейміз. Бартоғай су қоймасы салынғанның өзінде 350 млн. текшеметрден 19 млн. текшеметр қана қалды. Сондықтан біз суды барынша сақтап қалу бағытында жұмыс істеп, реттестіріп отыруымыз керек. Биыл су көп мөлшерде болады деп ешкім кепіл бермейді. 
Тұрғындар тарапынан мектеп, амбулатория, емхана құрылысына қатысты сауалдар да қойылды. Мысалы, Кеген, Райымбек ауданындарында емхана мен фельдшерлік пункт құрылысын жүргізу туралы мәселе көтерілді. Облыс әкімі Амандық Баталов бірінші тоқсан жоспарына енгізіп, мәселенің шешілетіндігін жеткізді. Сондай-ақ, Есік қаласында мектептің жоқтығы да өз шешімін таппақ. Ол жерде 1200 орынды мектеп құрылысы басталады. Жамбыл ауданында халық санының өсуіне байланысты электр кернеуінің төмендеуі тұрғындарды алаңдатып отыр. Аталған мәселе де жоспарға енгізіліп, бүгінгі таңда осы бағытта жұмыстар атқарылу үстінде. Одан бөлек, өнер саласы да тұрғындарды алаңдатпай қоймады. Қарасай ауданы тұрғындары тарапынан бос тұрған ғимаратты өнер мектебіне айналдыру туралы ұсыныс айтылса, журналист Махаббат Есен тарапынан жас өнерпаздар театрын құру мәселесін көтерді. Амандық Ғаббасұлы аталған мәселені орынбасарларына орындауды жүктеді.

Әкім есебінде инфрақұрылым мәселесіне де назар аударылды. Белгілі болғандай, аймақта 156 елді мекен газбен қамтылған, онда 1,2 миллион адам тұрады, тұрғындардың газға қолжетімділік деңгейі 59 пайызға жеткен.

2014–2020 жылдарға газдандыруға 148 млрд. теңге бөлінді, оның 93 млрд. теңгесі жеке инвестициялар. IV кезең Талдықорғанда аяқталды, өткен жылы бұл орайдағы жұмыс күшейтіліп, бір жылда 16 мың абонент газға қосылған. Барлығы 54 мың абонент қосылуы тиіс болса, оның 22 мыңы қосылған. Бұл жұмыс биыл қарқынды жалғаспақ. Балқаш, Қаратал, Кербұлақ, Көксу, Ескелді аудандары мен Текелі қаласының кварталішілік желілері салынуда. Ақсу, Сарқан, Алакөл, Райымбек және Кеген аудандарын қамтитын Талдықорған — Үшарал және Шелек — Кеген газ құбырлары құрылысының жобалық-сметалық құжаттарын әзірлеу аяқталуға жақын. Құрылысты келесі жылы бастау жоспарланып отыр және 2025 жылға қарай газдандыру деңгейі 76 пайызға дейін артып, 1,5 млн. адам көгілдір отынға қол жеткізеді.

2018 жылдан бастап шағын қалалардағы көпқабатты тұрғын үйлерге газбен жұмыс істейтін блок-модульді қазандықтар орнату арқылы автономды жылу жүйесімен қамтамасыз ету мәселесі шешілген. Үш жыл ішінде Талғар мен Қаскелең қалаларында 4898 пәтерлі 152 үй қосылды. Есік және Жаркент қалаларын қамту арқылы бұл мәселе 2023 жылға дейін толық шешімін табады деп жоспарлануда. Бұл тұрғындарға жайлы жағдай жасап, қоршаған ортаны жақсартпақ.

– Өткен жылы біз Талдықорғанда екі шағын қазандықты газға ауыстырдық, биыл тағы екеуін жоспарлап отыр- мыз, сонымен қатар  газбен жүретін 55 автобус сатып аламыз. Бұл шаралар ластаушы заттар шығарындыларының көлемін едәуір азайтуға мүмкіндік береді және қаладағы ауа едәуір тазарады, – деді аймақ басшысы.

Халықты сапалы ауызсумен қамтамасыз ету мәселесіне тоқталған Амандық Ғаббасұлы Жұмыспен қамту жол картасының арқасында өткен жылы 84 ауылда жалпы сомасы 17 млрд.теңгеге 109 жоба іске асырылғанын айтты. Сондай-ақ, орталықтандырылған сумен қамту деңгейі 98,3 пайызға жеткен, бұл республикадағы ең жоғары көрсеткіш. 2023 жылы бұл көрсеткішті 100 пайызға жеткізу көзделуде.

Жол құрылысы мен жөндеуіне 61 млрд.теңге бөлінді, нәтижесінде жақсы және қанағаттанарлық деңгейдегі жол үлесі 84 пайызды құрады, ағымдағы жылы мұны 89 пайызға жеткізу жоспарлануда.

Амандық Ғаббасұлының айтуына қарағанда, жалпы 347 ауылдағы жолдардың сапасы жақсарған, оның ішінде Жұмыспен камту жол картасы аясында 216 ауылда 18 млрд.теңгеге жөндеу жұмыстары жүргізілген. Сондай-ақ, ауылдық жерлерде қолайлы орта құру үшін 2019 жылдан бастап «Ауыл – ел бесігі» арнайы жобасы іске асырылуда. 19,8 млрд. теңге игеріліп, екі дене шынықтыру-сауықтыру кешені салынған, 17 мектеп, төрт Мәдениет үйі, 3 денсаулық сақтау нысаны, 97 шақырым инженерлік желілер мен 138 шақырым ауылішілік жолдар жөнделген. Екі жыл ішінде 25 ауыл қамтылып, онда инженерлік және әлеуметтік инфрақұрылымды жақсарту бойынша жұмыстар кешенді жүргізілген.

Мысалы, Сарыөзек ауылында сумен жабдықтау, ауылішілік жолдарды, тротуарларды жөндеу, көше жарығын орнату бойынша 12 жоба іске асырылды. Сонымен қатар, бір мектеп, екі балабақша және Мәдениет үйі жөнделді. Бюджет шығыстарының 55 пайыздан астамы әлеуметтік саладағы мәселелерді шешуге бағытталған. Осылайша, пандемия кезеңінде халықты қолдау мақсатында «Еңбек» бағдарламасын қаржыландыру көлемі 16 млрд. теңгеден асты. Жұмыспен қамтудың белсенді шараларымен 34,5 мың жұмыссыз және өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар қамтылды. 18,5 мың әлеуметтік осал отбасы жалпы сомасы 8,7 млрд. теңгеге атаулы әлеуметтік көмек алды. Кепілдендірілген әлеуметтік пакет 19 мыңнан астам балаға 1,2 млрд. теңге сомасында берілді. 42500 теңге көлеміндегі төлемдерді 368 мың адам 15,6 млрд. теңге сомаға алды.

Ал білім беру саласы бойынша мектеп оқушылары мен колледж студенттерін қашықтан оқыту үшін барлық жағдай жасалған. 80 мың компьютер сатып алуға 12,3 млрд. теңге бөлініп, 23,7 мың мектеп компьютері мұқтаж жандарға уақытша пайдалануға бөлінген. Демеушілік қаражат есебінен 2110 бірлік ұйымдастыру техникасы берілген. Сондай-ақ, 1 млрд. теңгеге 70 жаңа жайлы автобус сатып алынған. Үшауысымды оқытуды жою үшін Үкіметтің қолдауымен соңғы бес жылда 27 мың орынды 49 мектеп салынған. Бірақ олардың саны бала туу мен ішкі көші-қонның жоғары болуына байланысты өсуде және бүгінгі күні үшауысымда оқытатын 49 мектеп бар. Өткен жылы барлығы жеті мектеп пайдалануға берілді, биыл 18 мектеп салынбақ. Жұмыспен қамту 2021 жол картасы аясында тағы жеті мектептің, оның ішінде үшауысымның орнына алты мектептің құрылысы басталмақ. Сонымен бірге, Елбасының Бес әлеуметтік бастамасын іске асыру аясында Талдықорған қаласында Жетісу университетінің, медициналық және политехникалық колледждердің, Қаратал ауданында Бастөбе колледжінің жатақханалары салынды. 3 жастан 6 жасқа дейінгі балаларды мектепке дейінгі мекемелермен қамту деңгейі 98 пайызға жетті. 127 балабақша ашылғаннан кейін қамту деңгейі 2022 жылы 100 пайызға дейін жеткізіледі. Әкімнің айтуынша, оң шешімін күткен проблемалық мәселелер де бар. Мәселен, облыс бойынша 193 балабақшаның ыстық суы жоқ, 105-і сумен қамтамасыз етілмеген, 20-сы кәрізсіз.

Амандық Ғаббасұлы: «Президент балаларды ерте жастан дамыту жүйесін, мектепке дейінгі оқытудың баламалы нысандарын құруды және басқа да мәселелерді қамтитын кешенді жоспар әзірлеуді тапсырды. Сондықтан осы проблемаларды шешу жөніндегі облыстық жоспарды мұқият зерделеп, әзірлеу қажет», – деді.

Әкім, сондай-ақ, өткен жылы COVID-19 пандемиясының денсаулық сақтау жүйесіне үлкен қауіп төндіргенін айтып өтті. Осы ретте пандемиямен күреске жергілікті бюджеттен 14 млрд. теңге бөлінген, оның ішінде екінші толқынға дайындыққа 9 млрд. теңге бағыттап отыр. 3 томограф, 18 рентген аппараты, 219 ӨЖЖ, 180 «Жедел жәрдем» көлігі, 12 жылжымалы медициналық кешен сатып алынған. Нәтижесінде медициналық жабдықтармен және санитарлық автокөлікпен жабдықтау деңгейі 90 пайызға дейін көтерілді.

Талдықорған қаласында қысқа мерзім ішінде 200 төсектік модульді жұқпалы аурулар ауруханасы салынды, инфекциялық төсектердің жалпы саны 5280-ге дейін ұлғайтылды.Төтенше жағдай жарияланған сәттен бастап меценаттар, кәсіпкерлер, жастар мен еріктілер пандемиямен күрес жұмыстарына айтарлықтай үлес қосты.

«Самұрық-Қазына», «Лукойл», «BI Group», «Meridian Capital», «СарыарқаАвтоПром», «Шұғыла», «АСПМК-519» және басқа компаниялармен 22 бірлік санитарлық автокөлік, 500 оттегі концентраторы, 30 ӨЖЖ аппараты және 117 мыңнан астам жеке қорғаныс құралдары берілген. Кербұлақ ауданы мен Қапшағай қаласының орталық ауруханаларында екі оттегі стансысы орнатылған. «Biz Birgemiz», «Birgemіz Zhetysu» акциялары шеңберінде 47,5 мыңнан астам адам 313 млн. теңгеге азық-түлік және жеке қорғаныс құралдарымен қамтамасыз етілген. Еріктілер 80 мыңнан астам бет-перде тігіп, халыққа тегін таратып, 6 мың литр антисептик дайындапты.

– Бұл біздің бірлігімізді көрсетті. Бірлескен күш-жігердің арқасында біз кез келген қиындықты жеңе аламыз. Мұндай жанқиярлық жұмыс елеусіз қалмады. Жемісті жұмысы үшін Елбасының Алғыс хатымен «Жетісу еріктілері» ұйымының еріктілері марапатталды, «Халық алғысы» медалімен 13 волонтер марапатталды. Біз олардың әрқайсысына ерекше құрметпен қараймыз және шексіз алғысымызды білдіреміз.  Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы басқа да медициналық қызметтерді ұмытпау керектігін атап өтті. Барлық денсаулық сақтау ұйымдарына түгендеу жүргізу және босандыру мен реанимация қызметтеріне назар аудару тапсырылды. Жыл сайын облыста 10-15 нысан салынады. Мәселен, өткен жылы Жамбыл ауданында әйелдер консультациясы бар 100 төсектік перзентхана, 10 дәрігерлік амбулатория және бір медпункт пайдалануға берілді. Алайда, соңғы жылдары облыста ана өлімі төмендемей отыр, 2019 жылы 11 ана, 2020 жылы 14 ана қайтыс болды. Көп жылдан бері алғаш рет сәби өлімінің 9,4 пайызға өсуіне жол берілді, – деді Амандық Ғаббасұлы.

Осыған байланысты облыс басшысы жауапты тұлғаларға тапсырма бере отырып, перзентханалардың, әйелдер консультацияларының және балалар медициналық мекемелерінің жағдайын жақсартумен тығыз айналысулары қажет екенін айтты. Дәрігерлер тапшылығын жою, медициналық қызметтер мен алдын алу жұмыстарының сапасын арттыру бойынша да шаралар қабылдаудың маңызды екенін атап өтті. Мәдениет және спорт саласында Жұмыспен қамтудың жол картасының, «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасының арқасында 18 ауылдық Мәдениет үйіне күрделі жөндеу жүргізілді, үш нысан ағымдағы жылы аяқталмақ. Бір жыл ішінде мұншама Мәдениет үйлері ешқашан жөнделіп көрмеген. Сондай-ақ, Қарасай ауданының Райымбек, Ескелді ауданының Қарабұлақ және Көксу ауданының Балпық би ауылдарында үш дене шынықтыру-сауықтыру кешені салынды. Соңғы 5 жылда салынған 11 денсаулық сақтау кешені салынып, ағымдағы жылы тағы бесеуінің құрылысы жоспарланған. «Осындай нысандарды тұрғыза отырып, біз халықтың салауатты өмір салтын ұстануына жағдай жасаймыз, ерте жастан бастап балаларды бұқаралық спортқа тартамыз», – деді аймақ басшысы.

2020 жылы полиция органдарының материалдық-техникалық базасын нығайту бойынша жұмыстар жалғастырылған. 79 автокөлік сатып алынды, облыстың автожолдарында фото-бейне тіркеу жүйесінің жабдықтары ауыстырылды. Барлығы 1268 бейнебақылау камерасы орнатылды, оның ішінде Талдықорған қаласында – 871. Ағымдағы жылы 1,4 млрд. теңгеге тағы 500 камера орнату жоспарлануда. Өткен бес жыл ішінде тұрғын үймен біріктірілген 178 учаскелік полиция пункті салынды. Тағы 43 осындай пункттер салынғаннан кейін олардың жалпы саны 221-ге жетеді. Осылайша учаскелік инспекторлардың қызметтік ғимараттары мен тұрғын үйлерінің мәселесі толық шешілмек. Қабылданған шаралардың нәтижесінде барлық бағыт бойынша қылмыстар саны 36,3 пайызға азайды.
Халықтың өмір сүру сапасын жақсартуда цифрландыру барған сайын үлкен орын алады. Баяндамада айтылғандай, бүгінгі таңда облыста мемлекеттік қызметтердің 88 пайызы электронды түрде көрсетіледі. Талдықорған қаласында тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласында «қызмет – 109», қоғамдық көлікте – «Е-билеттеу» жүйесі жұмыс істейді. Ағымдағы жылы Е-ПИК, «халықтық қатысу бюджеті» жүйелерін іске қосу жоспарлануда. «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» аясында барлық аудан мен қалаларда «ашық әкімдіктердің» жұмысы ұйымдастырылған. Өткен жылы 53 мың өтініш қаралып, олардың бір бөлігі 2021– 2025 жылдарға арналған облыс аумағын дамытудың жаңа бағдарламасында ескерілген. 
Облыс басшысы баяндамасының соңына қарай алдағы уақытта жүзеге асырылуы тиіс жұмыстарды да тізбектеп өтті. «Құрметті Жетісу тұрғындары! Биыл ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аталып өтіледі. Мемлекет басшысы мереке кезінде әрбір іс-шараны ел мен өңірге пайда әкелетін нақты істерге айналдыру қажеттігін атап өтті. Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында Жетісу өңірінің ұлы перзенттері Жамбыл Жабаевтың 175 жылдығы, ақын Мұқағали Мақатаевтың 90 жылдығы аталып өтіледі. Алматы облысының әкімшілік орталығының Алматы қаласынан Талдықорған қаласына көшуінің 20 жылдығы биылғы жылдың тағы бір маңызды оқиғасы болып табылады.Тиісті Жарлыққа ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың  2001 жылғы 14 сәуірде қол қойғаны белгілі. Содан бері бұл күнтізбелік күн жетісулықтардың санасында ерекше орын алады. Осы 20 жыл ішінде қала өзгерді, қала экономикасы уақыт өткен сайын айтарлықтай қарқынмен дамуда, жаңа көрікті жерлер пайда болуда, көшелер жабдықталуда. Мәселен, өткен жылы Жетісу университетінің әдемі жатақханасы салынды, жақында тағы бір ерекше нысан – жабық жүзу бассейні есігін айқара ашады», – деді ол.

Бұдан соң биыл атқарылатын жұмыстардың жеті басым бағыты аталып өтті. Олар: экономикалық дамудың жоғары қарқынын сақтау, инвестициялар тарту және халықтың табысын ұлғайту, АӨК саласында ет, сүт, майлы дақылдар, көкөністер мен жемістерді қайта өңдеу бойынша ірі инвестициялық жобаларды іске асыру. Шағын және орта бизнесті жан-жақты қолдау. Тұрғын үй құрылысының көлемін ұлғайту, кентішілік жолдарды жөндеу, халықты сапалы ауызсумен қамтамасыз ету. 2025 жылға дейін 77,5 млн. ағаш отырғызу. Үшауысымды оқытуды жою, мектепке дейінгі білім беруді дамыту жөніндегі кешенді жоспарды іске асыру. Медициналық қызмет көрсету сапасын жақсарту және қадамдық қолжетімділікті қамтамасыз ету үшін барлық денсаулық сақтау ұйымдарын түгендеу.

Есеп соңында әкім жоғарыда айтылған барлық жетістікке бірлесіп жасаған жұмыстың арқасында қол жеткізілгенін және оған әрбір азаматтың үлес қосқанын айтып өтті.

Әкім баяндамасынан кейін аймақтың әр түкпірінен онлайн арқылы байланысқа шығып, өздерінің ой-тілектерін жеткізген түрлі сала қызметкерлері әкімнің облыс экономикасын өркендету бағытында атқарған жұмыстарына оң бағаларын беріп, ризашылық танытты. Солардың қатарында Ақсу ауданының Құрметті азаматы, ардагер ұстаз Амангелді Айбаев, Ескелді ауданындағы Нұрмолда Алдабергенов атындағы орта мектептің мұғалімі Анжелика Нестеренко, Еңбекшіқазақ ауданының көпсалалы ауданаралық ауруханасының жұқпалы аурулар және провизорлық бөлімшесінің меңгерушісі Диана Сүлейманова, Қазақстан Республикасының спорт шебері, кәсіпқой боксшы Айдос Ербосынұлы, тағы бірқатар азамат болды.

Бұдан соң әкім жиналғандар тарапынан қойылған түрлі сұраққа жауаптар қайтарды. Халық тарапынан жолданған сауалдардың басым бөлігі ел ішіндегі әлеуметтік мәселелерді шешуге арналды. Сұрақтар әр саладан қамтылды. Оның ішінде, газ тарту, туризмді өркендету, құрылыс жұмыстарын жандандыру, баспанамен қамтамасыз ету, кәсіпкерлікті өрістету, ауызсу мәселесін шешу, инновациялық технологиялар мен цифрландыруды дамыту, медициналық мекемелер және жаңа мектептер салу, ескірген көпірлерді жөндеу, электр энергиясының тапшылығын жою сияқты мәселелер қозғалды. Жалпы, бұл есепті кездесуде сұрақ қоюшылардың қатары көп болды.

Айгүл БАЙБОСЫНОВА,

Еңлік АРЫҚБАЙ

Алматы облысы

Қатысты жаңалықтар

Есірткі сатып есірген

Есірткі сатып есірген

05.04.2026
Ауылдан күш аламын

Ауылдан күш аламын

05.04.2026
Тіл тазалығы – ортақ мәселе

Тіл тазалығы – ортақ мәселе

05.04.2026
Жастар мен жасанды интеллект

Жастар мен жасанды интеллект

05.04.2026
Қорғау да, қолдау да маңызды

Қорғау да, қолдау да маңызды

05.04.2026

«7-su.kz» желілік басылымы

Меншік иесі: ШЖҚ «Жетісу Медиа» МКК

Қазақстан Республикасы, Жетісу облысы, Талдықорған қаласы, Жұмахан Балапанов көшесі 28, 4-қабат. Индекс: 65469

Қабылдау бөлімі: 8 (7282) 40-20-64
Жарнама бөлімі: 8 (7282) 40-20-69

Пошта: jetisu2002@mail.ru

«www.7-su.kz» желілік басылымы Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникация министрлігі Ақпарат комитетінде 2023 жылғы 13 ақпанда тіркеліп, №KZ38VPY00064529 куәлігі берілген.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселелері бойынша сенім телефоны: +7 (777) 388 0990

Facebook Instagram Youtube
  • БАСТЫ БЕТ
  • ЖАҢАЛЫҚТАР
  • БАЙЛАНЫС
  • ЖАРНАМА
  • ГАЗЕТКЕ ЖАЗЫЛУ
  • АРНАЙЫ ЖОБА
© 2011 — 2025 7-su.kz — барлық авторлық құқық заңмен қорғалған.
No Result
View All Result
  • БАСТЫ БЕТ
  • ЖАҢАЛЫҚТАР
  • АРНАЙЫ ЖОБА
  • БАЙЛАНЫС
  • ЖАРНАМА
  • ГАЗЕТКЕ ЖАЗЫЛУ

© 2011 - 2025 7-su.kz - барлық авторлық құқық заңмен қорғалған.