Бұл Азиядағы көрнекті қалалардың бірі. Тіршілігі бір сәтке тоқтамай, қыз-қыз қайнап жатқан алып шаһар. Әркез туристер ағылып келіп, демалыстың нағыз ошағына айналдырған. Әлем бойынша астаналардың ішінде өзіндік орны бар, мәдениеті қалыптасқан, сән-салтанаты келіскен қала – Бангкок. Тайландтың астанасына жасаған сапарымызда көзбен көріп, көңілге түйгенімізді оқырман назарына ұсынамыз.
Сиқырға толы қала
Алматыдан ұшқан «Air Astana» ұшағы 6 сағат ішінде Бангкокқа жетті. Ұшағымыз жерге қарай еңкейе бастағанда-ақ, иллюминатордан жарыса мойын созып қарап, қала көрінісіне сүйсініп отырдық. Азиядағы ірі әуежайлардың бірі саналатын «Суварнабхуми» (мағынасы – алтын жер) құшағын кеңінен ашып қарсы алды.
Бангкоктағы климат – тропикалық. Жыл бойы ауа райы ыстық әрі ылғалды. Ұшақтың сыртқы есігі ашылып, далаға шыққанда-ақ қапырық сезіліп, ыстықпен «арпалыс» басталды.
Тайландтағы белгілі 30 қабаттан тұратын «The Grand Fourwings Convention» қонақүйінің ең жоғарғысынан Бангкокқа қарап тұрмыз. Ығы-жығы, іркес-тіркес, «ережесіз» ағылып жатқан көліктер. Машинаның шуына қаптаған мотоциклдердің ащы дауысы қосылып, құлағыңа бір сәтке де тыныштық бермейді. Панорамалық көрініске сүйсініп, нағыз еңбекқор халықтың шеберлігін мойындайсың. Қарағаныңда көз шарасына толық сыймайтын, шеті мен шегі көрінбейтін қала көрінісінің әсемдігіне таңғаласың. Алып шаһар ресми 5 миллионнан астам халықты бауырына басып жатыр. Әр қаланың өзіне тән тартымдылығы, өзгеден айқындап тұратын ерекшелігі бар. Бангкок – Тайландтың өткені мен бүгінін тоғыстырғандай. Көз жіберіп қарағанда көшедегі көрініс соған дәлел. Шаһардың өзіндік сиқыры бар. Көшедегі иіс, дәм, түрлі дауыс адам бойындағы барлық сезімді оятады. Бұл жай ғана қала емес, «тірі ағза» сияқты. Көшедегі қозғалыс тәулік бойы тоқтамайды. Ал алып сауда орталықтары мен жайма базарлар ерекше атмосфера сыйлайды.
Бангкок тағам мәдениетімен де әйгілі. Көшедегі дәмханаларда тай асханасының саналуан дәмін көруге болады. Әсіресе «пад тай», «том ям» және манго қосылған жабысқақ күріш туристер арасында танымал. Қаланың сұлулығына жоғарыдан қараған сайын сүйсінесің. Әсіресе, түнгі қала көрінісі ертегілер әлеміне жетелеп алып кеткендей, сиқырға толы. Әр бұрыштан менмұндалаған жарықтар қалаға ерекше көрік беріп тұр.
Патшалар өзені
Қаланың ортасын қақ жарып Чаупхрая өзені ағып жатыр. Бұл – шаһардың негізгі күретамыры іспеттес. Өз араларында «Тайландтың өмір өзені», «Патшалар өзені» деп атайды. Өзеннің ұзындығы шамамен 372 шақырым. Бангкокта көлік кептелісі жиі болатындықтан көптеген тұрғын мен турист өзендегі қайықтарды, паромдарды пайдаланады. Осыған орай Чаупхраяны кейде «Бангкоктың су магистралі» деп те атап жатады.
Өзеннің суы бір көрген адамға лай немесе лас болып көрінуі мүмкін. Оның негізгі себебі – табиғи шөгіндінің көп болуы. Өзен кең жазықтар арқылы ағып өтетіндіктен, жаңбырлы маусымда таулар мен егістік алқаптарынан топырақ, құм және саз араласып келеді. Қала арқылы ағатындықтан, өзенде қайықтар, паромдар мен жүк кемелері үздіксіз қатынап, түбіндегі лайды көтеріп отырады. Сондықтан суының түсі көбіне қоңыр немесе сарғыш болып көрінеді. Мұнда балықтың көптеген түрі мекендейді. Тай халқы ғасырлар бойы осы өзеннен балық аулап күн көрген.
Тайландқа табан тиген күннен бастап жолбасшы болып, Бангкоктың әр кереметін көрсетіп, барынша түсіндіріп жүрген Суан Сунандха Раджабхат университетінің студенті Таньярет Наэнна: «Паромдар тәулік бойы жұмыс істемейді. Әдетте олар 06.00-ден 21.00-ге дейін қатынайды. Шамамен әр 10-15 минут сайын жүреді. Жолаушы көп болса арасын жиілетеді. Жол ақысы әр адамға 3-10 бат (шамамен 150 теңге)», – дейді.
Жөн сұрай келе, тағы бір қызық ақпаратқа тап болдық. Бүгінгі Бангкоктың жетістігі дәл осы Чаупхрая өзенімен тікелей байланысты. Кезінде өзен арқылы Қытай, Үндістан сынды дамыған өзге де елдерден саудагерлер жиі келіп тұрған. Алыс-беріс арқылы шағын сауда орталықтарынан басталған өзен бойындағы тіршілік, бүгін де алып шаһардың қанат жаюына себепші болды. Кеш қарайған соң өзен мүлде басқа кейіпке енеді. Ғимараттардың жарығы су бетіне түсіп, өзен айна секілді жарқырайды. Туристер арасында кешкі круиздерге сұраныс көп.
Ізгілік пен мәдениеттің белгісі
Тай халқының мейірімділігін, жанашырлығын, бауырмалдығын көргенде ата тектің де ұстанымға берік, дін мен салтқа адал, ұқыпты болғанын аңғарасың. Бангкокты тану үшін алдымен көне, ең үлкен діни-тарихи кешендердің бірі саналатын, бірінші дәрежелі корольдік храм мәртебесіне ие Ват Пхо ғибадатханасын аралау қажет. Есіктегілер иық пен тізенің жабық болғанын қадағалайды. Кіру бағасы – 200 бат (шамамен 3 мың теңге). Король Рама І Бангкокты астана деп жариялағаннан кейін, 1782 жылы ғибадатхананы кеңейтіп, өзінің бас храмы ретінде белгілейді. Дүниеден қайтқаннан оның күлін осы жерге қойған. Кейін Король ІІІ храмды одан әрі кеңейтіп, жаңартты. ЮНЕСКО тарапынан 2008 жылы храм мәдени маңызды орындардың бірі ретінде мойындалды. XVI ғасырда салынған шіркеуде 1000-нан астам будда мүсіні мен ұзындығы 46 метр болатын атақты Алтын будда бар. Ғибадатханаға келушілердің қарасы көп.
Ват Пхо ғибадатханасы – Тайландтағы ең алғашқы қоғамдық университет. Мұнда көне медицина, география және астрономия ғылымдарын оқытады. Сонымен қатар, бұл жер – әлемге әйгілі дәстүрлі тай массажының негізгі ошағы. Храм ішінде әлі күнге дейін ресми массаж мектебі жұмыс істейді. Жөн сұрап, бәрін білгіміз келген кейіп танытқанымызда «көшеден кезіккен кез келген массаж жасаушылар «дәл осылардың атын пайдаланып жүргендер» деп қарастырсақ болады. Ал сертификаты бар мамандар нағыз өз ісін білетін, ауырған жеріңе дөп түсетін шеберлер» деп қайырды.
Әйгілі Чаупхрая өзенінің бойында орналасқан Ват Пхо ғибадатханасына қарсы, батыс жағалауда Ват Арун храмы тұр. Бұл да тайлықтар үшін ерекше орындардың бірі. Күн көкке көтерілгенде ең бірінші сәулесі дәл осы жерге түседі. Храмның басты ерекшелігі «Prang» деп аталатын мұнаралары. Фарфор сынықтары, түрлі-түсті шынымен безендірілген. Күн сәулесі түскенде жарқырап тұрады. Орталық мұнараның биіктігі шамамен 82 метр. Мұнараның пішімі Кхмер сәулеті дәстүрінде: жоғарыға қарай тарылып, ұшында үнді құдайы Шиваның үш тармақты найзасы – тришула орнатылған. Храмның атауы – «Арун», тай тілінде «таң» дегенді білдіреді. Сонымен қатар үнді мифологиясындағы Таңның құдайы Арунадан алынып, таңертең күн сәулесі храмға тиген кезде оның беті жарқырап, таңғажайып көрініс береді дегеннен шыққан. Ғибадатхана кешені бірнеше ғимараттан тұрады: аула, павильондар, мүсіндер мен әдемі безендірілген қабырғалар. Сондай-ақ, храмның тарихы мен жәдігерлерін көрсететін галерея да бар.
Қазақ пен тайдың ұқсастығы
Өзге ел, бөгде мәдениет болған соң көзімізге көрінген ғимаратты, мүсіндерді жөн сілтеушіміз Таньярет Наэннадан сұрай береміз. Ол да ерінбей жауап беріп, барынша ақтарылады. Айтып болғаннан кейін «түсінікті ме?» дегендей сұраулы жүзбен бір қарайды. Біз де өз тарапымыздан шынайы эмоция көрсетіп, ұнаған тұсын жасырып қалмаймыз. Бангкоктағы көрікті жерлерді көреміз деп біраз жүріппіз. Аялдап, демалып алу қамына кіріскен тұста Таньяреттен «Қазақстан мен Тайландтың ұқсастығын біз өзімізше тұспалдадық. Ал сен қалай түсіндіресің?» деген сұрақ қойдық. Осыған дейін ғаламтордан біздің ел жөнінде көріп, зерттеп, қандай халық екенін шамалаған қыз өзінше ой түйіпті. Таньяреттің айтқанынан:
Тайланд пен Қазақстан арасында көпшілігі байқай бермейтін ұқсастық өте көп. Бұл елдердің әртүрлі аймақтар орналасқанына және климаттық ерекшеліктеріне қарамастан, олардың ортақ сипаттары аз емес. 1. Отбасылық құндылықтарға басымдық беру. Тайлықтар да, қазақтар да өз отбасыларымен тығыз байланыста, үлкендерді құрметтейді және атаулы күндерде жиі бас қосады. 2. Қонақжайлылық дәстүрі. Екі ел де өзінің қонақжайлылығымен танымал. Қазақтар ежелден қонақты төрге шығарып, дәм ұсынуды дәстүрге айналдырса, тайлықтар да өздерінің мейірімділігімен және ерекше қонақжайлылық мәдениетімен аты шыққан. 3. Өз мәдениетіне деген мақтаныш. Тайландтың да, Қазақстанның да бүгінгі күнге дейін сақталған өзіндік ұлттық киімдері, тағамдары, музыкасы мен бай дәстүрлері бар. 4. Спортқа деген махаббат. Тайлықтар волейбол, футбол және муай-тайды (тай боксы) ерекше жақсы көреді. Ал Қазақстан бокс, күрес және ауыр атлетика, волейболмен танымал. 5. Әртүрлі табиғи ландшафттар. Екі ел де сұлу әрі әдемі табиғатымен мақтана алады: Тайланд: Теңіздер, аралдар, сарқырамалар мен тропикалық ормандар. Қазақстан: Таулар, көлдер, кең байтақ далалар мен шатқалдар.
Біз байқаған ұқсастықтарды Таньярет тап басып айтты. «Мен Қазақ-стандағы көптеген жерді көргім келеді. Бір ютубердің шолуын көріп едім, бәрі сондай керемет екен. Мөлдір судың астында ағаштары тік тұрған Қайыңды көлі, Шарын шатқалы, таулар қоршаған алып Алматы және заманауи сәулет өнерімен көз тартатын бас қала Астананы арала-сам», – деп қалды сөз арасында. Біз де өз тарапымыздан шақырып, тамаша жерлерді аралатуға уәде бердік.
Әр елдің өзіндік бір ерекшелігі – өзгеден айқындап тұратын салт-дәстүр, мәдениеті. Соларды көріп, танып, түсінген сәтте әлгі елге деген көзқарас өзгеріп, айшықтала түседі. Біз көрген Бангкок – Тайландтың өткенімен бүгінін байланыстырып, бай тарихты бойына жинап, сан ғасырдан келе жатқан бір елдің мәдениетін әйгілеп тұр. Адамға деген мейірімділік, құрмет ерекше. Заман ағымымен ілесе отырып, өзіне тән ерекшеліктерден ажырап қалмай өмір сүріп жатқан ел. Туристердің түрлі тамашаны көргісі келіп әр қиырдан ағылатындығы да содан шығар бәлкім.
Серік ҚАНТАЙ
арнайы Тайландтан







