Жаз – балалар үшін тынығу мен танымның, достық пен жаңа сезімнің мезгілі. Осы мақсатта Ескелді ауданының Көктөбе ауылында орналасқан «Start Summer» жазғы сауықтыру лагерінің үшінші маусымы басталды.
Екі ай бойы жұмыс істейтін лагерь әр ауысымда 200 баланы қабылдайды. Ауысым аяқталғаннан кейін екі күн санитарлық тазалық жұмыстары жүргізіліп, келесі лек демалушыларды қарсы алады. Мұнда облыстың әр ауданынан келген 5-8-сынып оқушылары тынығады. Басымдық әлеуметтік осал топтағы балаларға берілген.
Лагерьдің аға тәлімгері Анель Қасымбаеваның айтуынша, балалардың қауіпсіз әрі мазмұнды демалысына қажетті жағдай қарастырылған.
– Әр ауданның мектептерінен келген оқушылар осында бір-бірімен танысып, жаңа достар табады. Балалардың денсаулығы мен психологиялық жай-күйіне ерекше көңіл бөлінеді. Осы мақсатта дәрігер-фельдшер, педагог-психолог, ұйымдастырушы педагог және тәрбиешілерден құралған мамандар жұмыс істейді. Қазіргі ауысымда Ескелді ауданының оқушылары демалуда, – дейді ол.
Лагерь аумағында спорттық ойындар, мәдени-көпшілік шаралар, шығармашылық үйірмелер ұйымдастырылады. Балалардың бос уақытын тиімді өткізуіне арналған алаңдар мен бассейн де жұмыс істеп тұр.
Алдабергенов ауылдық М. Байысов атындағы орта мектептің 6-сынып оқушысы Аңсар Батық жазғы демалыстың қызықты өтіп жатқанын айтты.
– Мұнда күн сайын түрлі ойындар өтеді. Футбол ойнаймыз, бассейнге түсеміз. Достар таптық. Асхананың тамағы да ұнайды. Бізге күніне бес мезгіл тамақ береді, – дейді жас демалушы.
Шынында да балалардың дұрыс тамақтануына ерекше назар аударылған. Асхананың бас аспазы Айгүл Қиқымбаеваның айтуынша, мәзір талапқа сай әзірленеді.
– Биыл екінші жыл қатарынан еңбек етіп келемін. Таңғы асқа жеңіл тағамдар мен түрлі ботқа беріледі. Түскі уақытта бірінші және екінші тағам дайындалады. Жалпы асханада 7 қызметкер еңбек етеді. Балалардың денсаулығы үшін тағам сапасына ерекше мән береміз, – дейді аспаз.
Лагерьдің тәрбиелік ортасы балалардың бір-бірімен жақын араласуына мүмкіндік береді. Қарабұлақ орта мектебінің оқушысы Мээрим Байрақтың сөзінше, мұндағы ең әсерлі сәт – ауысым соңындағы қоштасу.
– Осында келген балалар аз уақыттың ішінде бір отбасының мүшесіндей болып кетеді. Бірге ойнаймыз, бірге демаламыз. Сондықтан қайтар кезде қимастық сезімі болады. Мен бұл лагерьге жыл сайын келуге тырысамын, – дейді ол.
Жалпы лагерьдің материалдық-техникалық базасы өте жақсы. Балалардың тынығуына қажетті негізгі мүмкіндіктер қарастырылған. Дегенмен, көптен бері шешімін күткен бір мәселе бар. Ол – ұялы байланыс сапасы. Көктөбе ауылының тұрғыны Айдос Асқарұлының айтуынша, лагерь аумағында интернет пен ұялы байланыс тұрақты жұмыс істемейді.
– Байланысты күшейту үшін арнайы құрылғылар орнатылған. Алайда олардың қуаты жеткіліксіз. Интернет баяу, кейде мүлде ұстамайды. Бұл тек демалушылардан бөлек осында еңбек етіп жүрген қызметкерлерге де қолайсыздық туғызады. Қазіргі заманда байланыс – қажеттілік. Сондықтан осы мәселе назарға алынса деген өтінішіміз бар, – дейді ауыл тұрғыны.
Расында бүгінгі цифрлық дәуірде сапалы байланыс тек ақпа- рат алмасу құралы ғана емес. Ол ата-аналардың балаларымен хабарласуына, қызметкерлердің жұмысын тиімді ұйымдастыруына, төтенше жағдайларда жедел әрекет етуіне де қажет.
Балалардың шат күлкісі естіліп, спорт алаңдары мен бассейн маңынан қуаныш лебі сезіліп тұрған лагерьде демалыс қызықты өтіп жатыр. Ендігі кезекте байланыс мәселесі шешімін тапса, жазғы сауықтыру орнының мүмкіндігі бұрынғыдан да арта түсері анық.
Санжар СҰЛТАНҒАЗЫ





