Табыс көзіне айналған төрт түліктің тұяғын кемітпей, көбейтуге ден қойған малсақ жанның бірі – Мұсағали Молдаханұлы. Ол Еркін ауылының іргесіне жақын, аумағы 4 гектар жерді құрайтын шаруашылық алаңындағы мал қорасында етті бағыттағы қазақы ақбас бұқалардың 100-ге жуығын бордақылауда. Бұған қоса, 30 бас жылқыны баптауда.
– Халқымыз үшін малсыз тіршіліктің сәні жоқ. Табиғи өнімдер – ет пен сүттің, құрт пен майдың қадіріне қайтадан жете бастаған кезде малды өсіріп, өнім алудың маңызы артуда. Менің қуанатыным, мал шаруашылығына ұлымның да етене жақын боп, бірлесе еңбек етуіміз көп істің ілгерілеуіне себін тигізуде. Немерелерім ержетіп келеді. Олардың сапалы білім алып, спортпен айналысуымен қатар атакәсіпті игеріп, мал танып өсуіне апасы екеуміз бар күшімізді салудамыз. Жесе еті тәтті, ішсе сүті бал төрт түлікті өсіруден ажырамай, ұрпақтан ұрпаққа қалдыру басты парызымыз, – деген Мұсағали Әлімжанов он бес жылдан бері өзі жетекшілік жасайтын «Әлімжанов М.М» шаруа қожалығының ісін ұршықтай иіріп келеді. Жылына 25 тонна ет өткізуді дәстүрге айналдырған.
Шаруа қожалығының қарамағында 85 гектар егіс алқабы бар. Оның 70 гектарына жүгері, 15 гектарына жоңышқа егіліп, мал азығының берік қорын жасауда. Биылғы қысқа 150 тонна шөп, 70 тонна арпа және 30 тонна жүгері дайындалған. Нәтижесінде малы қоңды. Мал қорасында техниканың түр-түрі тұр. Қыс маусымында жемшөп турайтын, қора тазалайтын техникалары тоқтаусыз жұмыс істеуде. Етті бұқаларды семіртуде мал азығының құнарлы әрі табиғи болуына баса көңіл бөлетінін айтқан Мұсағали Молдаханұлы осы күні 6 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Жұмысшылардың жатын орнының жайлы әрі жылы болуына жағдай жасалған.
Ірі қарамен қатар екі түрлі жоғары сұрыпты алма бағын жайқалта өсіріп, одан мол өнім алуға дағдыланған шаруашылық иесі алдағы уақытта асыл тұқымды мал басын көбейтіп, алма бағын кеңейтуге, тіптен, балық шаруашылығын дамытуға құлықты екенін айтты.
Ұлбосын ИСАБЕК
Еркін ауылы,
Талғар ауданы





