Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт ТОҚАЕВТЫҢ өткен жылғы қыркүйек айындағы Жолдауында елді ауқымды көлемде көгалдандыру мақсатында берген тапсырмасына сәйкес алдағы бес жыл ішінде Қазақ-станның орман қоры 2 миллиард түп ағашпен толығатын болады. Осыған байланысты ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі ағаш отырғызуға байланысты шаралар қабылдап жатыр.
Жалпы, Қазақстан орман алқабы аз мемлекеттер қатарына жатады. Орман қорына жататын жерлердің жалпы көлемі 30 миллион гектарды құрайды және республикамыздың 11 пайызын алып жатыр. Барлығы 13 миллион гектар жерде орман өсіп жатыр. Ең көп орманды алқаптар Қызылорда мен Жамбыл облыстарында орналасқан. Ол жерлерде негізінен сексеуіл өседі. Ал Шығыс Қазақстан мен Алматы облыстарында балқарағай, майқарағай, самырсын және шырша сияқты аса құнды ағаш түрлері қорларының шоғырланғанын айта кеткен жөн.
Бүгінгі таңда ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі облыс әкімдіктерімен бірлесіп, аймақтар бойынша ағаш отырғызу көлемін анықтады. Ендігі кезекте әкімдіктердің табиғат қорғау және орман қорғау мекемелерінің күшімен 464 мың гектар аумақта 1,1 миллиард түп ағаш отырғызылатын болады. Көбі Түркістан, Қызылорда және Жамбыл облыстарында жоспарланып отыр. Бұл ретте аталған мөлшердің негізгі үлесі сексеуіл егу арқылы жүзеге асырылады. Оның ішінде Арал теңізінің құрғап қалған бөлігінде де осы жұмыстар атқарылмақ. Республиканың орталық өңірлеріне негізінен қарағай, шырша, қайың сияқты негізгі орман құраушы тұқымдарға жататын ағаштар отырғызылатын болады.
Бұдан бөлек, ұлттық парктер мен резерваттар аумағында 62,5 мың гектар алқапта шамамен 200 миллион түп ағаш өсірілмек. Ал компенсация мен халықаралық гранттар есебінен 182 гектар алқапқа 700 миллион түп ағаш егу жоспарлануда. Кешенді шаралар 2030 жылға қарай ормандар аумағын 5 пайызға ұлғайтуға мүмкіндік береді. Сонымен бірге заңсыз ағаш кесуге қатысты заңнаманы күшейту бағытында жұмыстар қолға алынуда.
Соңғы кездері елді мекендерде ағаштар мен бұталарды заңсыз кесу, жою және зақымдау деректері орын алуда. Осыған байланысты аталған министрлік мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп тәртіп бұзушылар үшін жазаны күшейтуге бағытталған бірқатар шараны пысықтады.
Айта кетейік, Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілген ағаштарды заңсыз кесу, жою, зақымдау кезінде 30 есе мөлшерде компенсациялық ағаш отырғызу, сондай-ақ жеке және заңды тұлғаларға тиесілі нысандардың іргелес аумағындағы жасыл желекті екпелерді жойғаны үшін 10 есе мөлшерде ағаш отырғызу көзделетін болады. Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілген әрбір заңсыз кесілген ағаш үшін зиянды өтеу мөлшері 6 айлық есептік көрсеткіштен 1000 айлық есептік көрсеткішке дейін ұлғайтылды.
Әкімшілік және Қылмыстық кодекстерге де өзгерістер енгізілуде. Осыған байланысты ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев құқықбұзушылықтардың қайталануына байланысты айыппұлдар мөлшерінің жеке тұлғаға 10 айлық есептік көрсеткіштен 150 айлық есептік көрсеткішке дейін, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне 30 айлық есептік көрсеткіштен 450 айлық есептік көрсеткішке дейін, орта кәсіпкерлік субъектілеріне 40 айлық есептік көрсеткіштен 600 айлық есептік көрсеткішке дейін және ірі кәсіпкерлік субъектілеріне 100 айлық есептік көрсеткіштен 1500 айлық есептік көрсеткішке дейін артатынын айтты. Қылмыстық кодекстегі өзгерістер бойынша заңсыз ағаш кескендер 160 сағатқа қоғамдық жұмысқа тартылуы немесе 40 күнге қамауға алынуы мүмкін.
Айгүл БАЙБОСЫНОВА





