Бүгінде ұлттық идеологияны нығайтып, рухани құндылықтарды сақтауға ұмтылғанымызбен, ашық тұрған терезеден енген самалдай бөгде құндылықтардың санамызға үнсіз сіңіп жатқанын аңғарып жүрміз бе? Мемлекет егемендігін мақтан тұтып жүріп, ұлттық болмысымызға қайшы келетін құбылыстардың еркін таралуына өзіміз жол беріп қойған жоқпыз ба? Солай болса, еркіндік пен жауапкершіліктің арасындағы тепе-теңдікті қалай сақтаймыз?
Сауын айту, қымызмұрындық, ерулік сияқты дәстүрлердің түкпірінде жақсылықпен бөлісу ғана емес, айлап көріспейтін туыстың бір-бірінен хәл-жағдай сұрасып, хабар алмасуға ұмтылу амалы да жатыр. Бүгінде оның орнын әлеуметтік желі басты. Алысты жақын ететін бұл жүйенің өз алдына пайдасы да, зияны да болуы кез келген құбылысқа тән дүние.
Қоғамда қызық тенденция орын алуда: ғылыми, әлеуметтік, т.б салаға енген кез келген жаңашылдық бұрынғы дүниетаныммен салыстырылып, бірден сынға ұшырап жатады. Біз ондай сипатта сараптама жасаудан аулақпыз. Біздің мақсат өткенді уысқа ұстап, жаңалықтан қашу емес, тамыры бар тарихымызға сіңген асыл құндылығымызға сүйене отырып, болашаққа бағыт алу.
Әлеуметтік желінің ауқымы барлық саланы қамтыды десек «қате» деп ешкім сөкпес. Тіпті, бұрында атын ғана еститін заң мен тәртіп өкілдерінің ішінара жұмыстары халыққа жария түрде таныстырылатын болған. Бұндай ашықтық өз алдына құптарлық дүние. Десе де әр нәрсенің мөлшері болмаса «шек» пен «шекара» сөзі өмірде қолданылмас еді.
Саяси, қоғамдық алаңда бұл жүйенің басымдығы мен ыңғайлылығын пайдалану заман ағымына тән, керек десеңіз әр адам үшін қажетті қабілет. Алайда, күнделікті күйбеңнің көлеңке жағын көрсетуде аса сақтықпен, кейде «ұят болады» қағидасына салып қараған жөн. Себебі, адамның жеке өмірі, аты айтып тұрғандай «жекелікті» талап етеді. Мәселен, Жапонияда әлеуметтік желіні пайдалану деңгейі жоғары болғанымен, адамдар жеке өмірін жариялауға өте сақ қарайды. Көпшілік өз шынайы атының орнына лақап ат қолданады, ал балалардың суретін жариялағанда жүзін жабу немесе мүлде көрсетпеу жиі кездеседі.
Өзбекстанда әлеуметтік желідегі жауапкершілік мәселесіне ерекше көңіл бөлінеді. Ел заңнамасы блогер мен контент авторына жариялайтын ақпараттың шынайылығын тексеруді, өзгенің жеке өміріне қол сұқпауды және бейәдеп немесе заңға қайшы материалды таратпауды міндеттейді. Бұл әлеуметтік желідегі еркіндікпен қатар жауапкершіліктің керектігін көрсетеді.
Өкініштісі, әлеуметтік желі «Атың шықпаса жер өрте», яғни «Қалай да танымал боламын» деген мақсатты көздеген алаңға айналып барады. Иә, бұл ғылым, білім, мәдениет, өнер тұрғысында таптырмас әдістердің бірі. Алайда, оған өрісі жетпегендер өмірінің жасырын, өзіне ғана аян болуы шарт тұсын жариялау арқылы қаралым жинауға көшкен. «Қазаннан қақпақ кетсе, иттен ұят кетеді» дегендей, бұл алдымен тәртіптің мәселесі. Мысалы, Аустралия 16 жасқа толмағандардың әлеуметтік желіні пайдалануына қатысты әлемдегі ең қатаң шектеулердің бірін енгізген ел ретінде танылған. Бұл шешім баланың психикалық денсаулығы мен цифрлық қауіпсіздігін қорғау мақсатында қабылданған. Яғни, шек бар, ереже бар, тәртіп бар.
Психикалық денсаулық демекші, интернет кеңістігінде отыратын адамды бұл санатпен бөліп қарастыру еш мемлекетте ескерілмеген. Көрсетілген контентті қабылдау он адамда он түрдегі процесс болуы мүмкін. Кейде сорақылықтың бетін ашып көрсетеміз деп жүріп, психикалық тұрақсыздығы бар адамның соны «жасап көруге» деген ықыласын ашып жіберуіміз мүмкін. Бұған мысал да жоқ емес. Әлемнің бірнеше елінде балалар мен жасөспірімдер TikTok-та тараған қауіпті челлендждерді қайталап, жарақат алған немесе көз жұмған жағдайлар тіркелген.
Фильмге еліктеу салдарынан жасалған құқық бұзушылықтар өз алдына бөлек тақырып. Мәселен, «Крик» фильміндегі басты кейіпкерге еліктеп, қылмыс жасаған бірнеше оқиға тіркелген. Сарапшылар мұндай жағдайда фильмнің өзі емес, адамның психологиялық күйі мен әлеуметтік ортасы негізгі фактор болғанымен, көрген контенттің әрекетке «дайын сценарий» ұсынуы мүмкін екенін жоққа шығармайды.
Алайда, виртуалды ортада бейәдеп, құндылыққа сай емес контент жасаушылар ел алдында қолдауға ие. Олар қазіргі түсінікпен қарағанда, «батыл», «қайсар», «мықты» адамдар. Себебі, ол танымал. Қандай әдіспен екені көбін алаңдатпайды. Олардың батылдығы, жастар тілімен айтқанда, «Құлдық санадан арылу» деп аталады-мыс. Психологтың «Ата-аналар баласымен жеке тақырыпта ашық сөйлескені дұрыс» деген насихатын көбі көрсетіп беріп жүр. Алайда, ашық тақырыпта сөйлесу – адамның жеке тұлғалық қабілетін, мінезін, психикалық жай-күйін, қабылдауын т.б есепке ала отырып жасалатын жоралғы. Ал әлеуметтік желіде осындай ерекшелікті елемей, ашық болу – қоғамға жасалған қастандық деп есептейміз.
Жаһандану, инновация, жасанды интеллектің дамуы сияқты құбылыстар заманның бір орында тұрмайтынын және адам санасының шексіздігін айғақтайды. Десе де, бұлар – өткеннің күретамырын үзу дегенді білдірмейді. Ежелден келе жатқан ұлттық құндылығымыз уақыт иірімінде қалмай, болашаққа ілесіп барғаны жөн. Замана ағымына ілесу деген – жаңашылдықтың бәрін бойдағы сүзбесіз қабылдай беру емес. Ал самал желдің өзі тиюге ұялатын екеудің арасындағы тақырып – сүзгінің бетінде қалатын дүние. Адам талғамының биіктігі оның таразылай білуінде.
Айша ҚАДЫР





