Ауылыма бармағалы қай заман, тіпті соңғы рет қашан барғаным есімде де жоқ. Әншілік өнердің кемесіне отырып алып араламаған, көрмеген ел де, мен ән шырқамаған сахна да кемде-кем шығар. Көрші ағайын жұртты айтпағанда Англия, Италия, Франция, Америка, Жапония, Египет, тағы басқа толып жатқан қияндағы елдерге сапарлап жүріп мына тұрған өз ауылыма жете алмаппын ғой. Көргенім – тыңдарман қауымның қошеметі, ыстық ықыласы, құшақ толы гүл, қол шапалақтау… Сол қызық думан, той-томалаққа кейіннен консерваториядағы ұстаздық қарбалас жұмыс қосылып, «ақырын, ақырын жылыстап» ондаған жылдар керуені өте шығыпты. Мүмкін, ауыл жақтан әке-шешемді, іні-қарындастарымды ертеде қалаға көшіріп алған соң артыма қарайлайтындай қимас етжақын ағайын қалмағаннан да шығар.
Аудан әкімінен «Құрметті Қасенхан Хамзаұлы, сізді ауданымыздың 80 жылдық мерейтойының аса сыйлы қонағы болуға шақырамыз. Аудандық мәслихаттың шешімімен сізге ауданның «Құрметті азаматы» атағы берілгені туралы да қуана хабарлаймыз»» делінген шақырту қағазы келгенде ғана ойға шомдым. Әншейінде өзіме толымды, нәтижелі көрінген ұзақ өміріме разы едім, енді бір сәт қайта таразыласам сол қызық ғұмырымның тасадағы бір жақ бұрышы ойсырап, үңірейіп тұрғандай екен. Құдай-ау, ол жақта кіршіксіз шуақты әлем, жасыл белдерім, сылдырлаған бұлақтарым, ақшабақтар шоршыған мөлдір өзенім бар еді ғой…
Мерекелік шаралар ел көңілін желпітіп өз кезегімен жақсы өтіп жатты. Осы ауданнан шыққан атақты ақын-жазушы, ғалым, қоғам қайраткерлері қатарында мен де құрмет-қошеметке бөлендім, жерлестерімнің сағынышын, ыстық ықыласын анық сезіндім. Жақындығы болмаса да алақан созып алдымнан қарсы алған ақсақалдардың, ізетпен, сүйіспеншілікпен сәлем беріп жанарынан жылы ұшқын жылтыраған жастардың ілтипатына разы болғаным соншалық жазғы бақтағы концертте соңғы жылдары әлсірегені біліне бастаған даусыма тыңнан күш бітіп әуелете шырқадым-ау бір. Ойпырмай дерсің, аспандаған ән әуені Шыбынды тауынан ары асып Алатауға, мына жағы Тарбағатайға, былайғы Сарыарқаның жайпақ жазығына құлаш жайып, қайтадан қуат алып шымырлай сіңіп бара жатқандай арқаландым. Қайта түлеген кәрі бүркіттей сілкіндім. Көптен бері өзіме-өзім разы болғаным осы еді. «О, туған жер, неткен ұлы жер едің, жүрегімді нендей күйге бөледің!?» деп, келетін әйгілі өлең жолдарының сиқырлы қасиетін енді шын сезінгендей болдым.
Түстен кейін Мәдениет сарайында бір шара өтіп, жергілікті әнші-күйшілер өнер көрсетіп жатты. Мен залдағы алдыңғы орындардың бірінде Құрметті азаматтар қатарында отырғанмын. Мерекелік шараға жауапты қызметкердің бірі келіп құлағыма сыбырлады:
– Аға, кешіріңіз, сізді сыртта бір кісі шақырып жатыр, маңызды шаруа бар дейді.
Ауа тар қапырық залда шаршаңқырап зеңіп отыр едім, қуана- қуана сыртқа шықтым. Сыртта да ел көп екен, арасынан мен танымайтын бір әйел суырылып шығып маған қарай беттеді. Бидай өңді, бет жүзін күн сүйген кәдімгі ауыл адамы. Ауыл мүғалімдері, дәрігерлер құсап біршама әдемі, ықшам киінген, жүрісі ширақ, өз-өзіне сенімді. Жас шамасы қырықтарда болар деп шамаладым.
– Аға айып етпеңіз, анамның сізге өз қолына тапсыр деген аманаты бар еді, соны табыстайын деп келдім. Кешеден бері сізді оңашалаудың реті келмеген соң шақырып алуға тура келді.
Менің таңырқай қараған түріме бір күліп алды да:
– Тағы да кешірім өтінемін, айтпаппын ғой. Балшекер Хаметова деген кластас досыңыз есіңізде ме? Мен сол кісінің қызы боламын, Сәнім менің атым.
– Балшекер?
Балшекер дегенге бірден есіме түсе қоймады. Мүмкін Шекер шығар. Біз Шекер деуші едік қой.
– Құдай ау, Балшекер дейсің бе… Өзі қайда?
– Мамам қайтыс болып кеткен. Сізге тапсыр деген аманаты бар еді, бүгін реті келді-ау, ақыры. Аға, жүріңізші, мен алыс тұрмаймын, үйім әне, арғы көшеде, көп уақытыңызды алмаймын, – деп Сәнім бұрылып жүре берді. Бір түсініксіз күштің демеуімен мен оған үнсіз ілесіп келемін.
Үйі шынымен алыс емес екен, келесі көшеге бұрыла бере жеттік. Ағаш «штакетникпен» қоршалған шағын ақ кірпіш үй. Үй ішінде артық кем ештеңе жоқ, қарапайым орташа тұрмыс, тап-таза салқын бөлмелер. Қонақ бөлмеге кіре бере өз көзіме өзім сенбей таңырқап тұрып қалыппын. Бұл бөлме менің, яғни, Қазақстанның Халық әртісі, профессор Қасенхан Хамзаевтың музейі сияқты. Бір қабырғаны тегіс иемденіп менің әр жылғы суреттерім, газет, журнал қиындылары, плакаттар, концерттік жарнамалар ілінген. Арасында өзім өмірі көрмеген суреттер бар. Мына сурет менің алғашқы концертімде түсірілген сурет. Мынау Италиядағы концертім. Мынау Елбасының маған орден тағып тұрған сәті. Кітап сөресінде мен туралы жазылған кітаптар, өз кітаптарым, өнер туралы оқулықтарым да орналасыпты.
– Мамам өле-өлгенше сізді ерекше құрметтеп өтті. Оның сізге деген махаббаты шексіз еді, кейде ауру ма дейтінбіз. Папам алғашқы жылдары қызық көріп күліп жүріпті, келе-келе қызғаныш отына күйіп мамамды тастап кетті. Содан бері ол да жалғыз, мен де жалғыз болдым.
– Мамаң не жұмыс істеді, қалай күн көрдіңдер?
– Мамам медучилище ғана бітіре алған, аудандық ауруханада медбике болып істеді, мені оқытты, жеткізді. Елге өте сыйлы, абыройлы болды, құрметті атақ та алды, медаль тақты. Өмірі бәрібір орны толмас өкінішпен, сағынып, сарғаюмен өтті. Қайран мамам… Алматыға барып сіздің концерттеріңізге кіретін, көрдім, түнгі қаланы жаяу аралап, балалық шақты еске алып көп сөйлестік деп келетін. Оның өтірік екенін, сізбен кездеспей сырттай телміріп қайтатынын кейін білдік қой.
Сәнім көнелеу диван қасында тұрған қызыл сандықты ашып ішінен бір шағын қорап алып шықты. Қорапты аса бір ыждаһаттықпен тебірене ашты да ептеп сарғайған қолорамал шығарып бүктеуін жазды.
– Міне, осы орамалды күндердің күнінде сіз ауылға бір соғар, сонда өз қолына бер деп аманаттап кеткен. Құдайға шүкір, ана аманатын орындадым. Алыңыз. Бұл енді сіздікі…
* * *
Мерекелік шаралардың жалғасына қатыспай қонақүйдегі бөлмеме келдім де бүк түсіп жатып қалдым. Аудан әкімі кісі жіберіп іздеттірген екен. Оған «шаршап қалдым, ауырыңқырап тұрмын» деп, кешірім сұрап хабаршыны қайырып жібердім. Ішім алай-дүлей, астан-кестен. Әлдеқашан ұмытып кеткен бір жанның тағдырында осыншама орын аламын деп кім ойлапты.
Міне, алдымда Шекердің орамалы жатыр. Шағын қол орамалдың шет-шеті қызыл жіппен әдіптелген, жіптің сыртынан айнала жасыл жіппен өрнек тіккен. Төрт бұрышында және ортасында оюлап салған қызыл жасыл гүлдің суреті. Бұл орамалды кестелеуге Шекер біраз уақытын жібергені байқалып тұр. Бар өнерін салған екен. Өнер ғана емес жүрегінің әлдебір жұмбақ сөздерін де түсірген сияқты. Кенеттен, о, ғажап! Ортадағы үлкенірек гүлдің ішінде жіппен тоқыған бір жазу көрінді. Ұзақ қараған адам болмаса көре алмайтын, гүл суретімен астасып кеткен жазу. Әлгі бүгінгі жастар жауабын тауып ойнайтын сурет ішіне жасырынған көзжұмбақ секілді. Жазуды оқыдым, бар болғаны «Есіңе ал» деген екі сөз. Жүрегім кеудеме сыймай дүрсілдеп ала жөнелді. Қорыққанымнан сөмкемнен дәрімді алып іштім.
Шекер екеуміз бір класта оқыдық, оның үстіне көрші тұрдық. Ол үйдегі жалғыз бала болған соң ба, ұл сияқты еркін өсті. Ұлдармен ойнайтын, бойшаңдау, шымыр, күшті еді. Аса сұлу болмаса да көздері үлкен, қараторының әдемісі. Кейбір өзіне қырын қараған ұлдарды іштен түйіп қалып, жылатып та қоятын. Ол кезде мектеп оқушылары кезектесіп өз кластарын өздері жуып тазалайтын. Шекер екеуміз бір кезекте еден жуатынбыз. Өйткені кешкі алаң-елеңде үйге қайтқанға қолайлы, қауіпсіз болсын деп класс жетекшіміз әдейі солай кезекшілікке қоятын болса керек.
Еден жуғанда ескі ауыр қара парталарды көтеріп жылжыту да оңай емес. Мен қара жұмысқа әлсіздеу болып өстім. Партаны көтеруге шамам келмей тыртыңдап жатқан мені көріп Шекер жымиып күледі де, бір сөз айтпай партаны өзі тік тұрғызады, сосын астын жуып алып қайта орнына қоя салады. Мұрным пысылдап ұялып мен тұрамын.
– Жарайды, жұмыс істемей-ақ қой. Ән айтып берсең болды, –дейді.
Ән айту мен үшін ауыр жұмыс емес, қайта қуаныш еді. Реті келген жердің бәрінде ән айтамын. Мектептің көркемөнерпаздар үйірмесінің нөмірі бірінші жұлдызы едім. Шекер оркестрде домбыра тартады. Концерттен кейін де үйге бірге қайтатынбыз. Аудандық өнер жарыстарына да бірге барып жүрдік.
– Сен осы не деген жәдігөйсің, а? – деп, Шекер кейде ұрыс бастайды.
– Ол не деген сөз? – деймін мен түсінбей.
– Сен неге ана қызға бір, мына қызға бір жәдігөйленіп, жалпақтай бересің? Әлден сөйтесің, кейін не боласың? Адамда тұрақтылық деген болу керек қой, ғашық болсаң тек біреуіне ғана ғашық бол. Шын махаббат адамда біреу-ақ болады. Ол бір рет қана келеді.
– Ол не ол, махаббат деген? – деп түсінбеген боламын, жынына тиіңкіреп.
– Махаббат деген ол… ол ма…
Шекер менің қылжақтап тұрғанымды сезіп қалады да желкемнен түйіп жібереді, қыз қолы мұнша ауыр болар ма?
Қардың қыртыс-қыртыс көбесі сөгіліп, күнгейдегі жон-жоталардың беткейі қарайысымен қыстан көтерем шыққан бес-алты қой-ешкіні өріске шығарамыз. Малын шыбықпен айдап Шекер де шығады. Ауыл шетіндегі таудың тебіндей бастаған қозыкөрпешіне малымызды жайып салып өзіміз де маужырап күнге жылынамыз. Балалық шақтан есте қалған бұл да бір қызық сурет.
Шекер үйден бір кішкене қара шөңкесін ала шығады, қапшығымызда бір-екіден жұмыртқа болады. Соны от жағып майға қуырып жейміз. Сосын арқамызды күншуаққа тосып, үнсіз рахаттанып отырамыз. Қыстай мал ғана емес, біз де қиналып шықтық қой. Ол заманда үй жылыту оңай емес, көмір деген жоқ, шөптің малдан қалған кәшегін жағамыз, болса қи, ағаш жағамыз. Оған үй жылынғанмен тез суып кетеді.
– Қасен, ән айтшы? – деді, бір кезде Шекер.
– Қай әнді айтайын?
– «Кестелі орамалды».
Соғыстан кейінгі 50-ші, 60-шы жылдары әскери тақырыптағы патриоттық әндер көп шырқалатын. Бұл әнді неге сұрағанын білмесем де Шекердің өтінішін орындап ақырын дауыспен ыңылдап айта бастадым.
Кестелі ақ жібек орамал,
Алыстан жолдаған сүйген жар.
Жауынгер жарым сен есіңе ал,
Деп жазған оюлап хаты бар, – деп қайталанатын қайырмасына келгенде дауысымды көтеріп ұзарта шырқаймын.
– Қасен, сен атақты әнші боласың әлі. Осы өнеріңді тастама, шыңдай бер. Түбі біз далада қаламыз, саған қол беруге жарамай. Сен болсаң алыс-алыс елдерді аралап, құшағың гүлге толып концерт беріп жүресің. Киноға да түсетін шығарсың, бәлкім. Сол кезде бізді ұмытпай есіңе алып жүр, жарай ма? – деп бетіме бажайлай қарады.
– Қойшы, қайдағы әншілік бізге, оқуға түсе алмай қайтып келіп трактор айдайтын шығармыз.
– Ондай сөзіңді қой, осыдан әнші болмай ауылға қайтып келетін болсаң көретініңді менен көресің, – дейтін.
Шекердің бетіне бұрылып қарасам шын айтып тұр екен, түсі тым суық көрінді.
Тоғызыншы класта оқып жүргенде 23-ші ақпан Кеңес армиясының күні қарсаңында қыздар әбігерге түсті. Өйткені жылдағы әдет бойынша ұлдарға кітап беріп, ашықхат жазып құттықтайтын. Ұлдар 8 наурызға дайындала бастайды. Олардың да, біздердің де қиналатын тұсымыз осы. Қалтада ақша жоқ, көбіміз көпбалалы ата-ананың қарауындамыз, кейде құрғыр сол кітапқа да ақша болмай қалады. Әйтеуір, ілдалдалап мерекеден шығамыз.
Химия мұғалімі Шәрбану тәтейдің сабағында қыздар он, он бес минутқа рұқсат сұрап, жиналыс ашып, жылы сөздер айтып, біздерді құттықтай бастады. Әр қыз үлесіне тиген бір-екі ұлдан таңдап алып кітап сыйлап жатыр. Кезек Шекерге келгенде ол тұрып маған беторамал ұсынды. Ұсынса да ұялып екі беті қызарып кеткен.
– Орамал бергені несі, ей, мына қыздың? – деп Шәрбану тәтеміз шәпілдеп атып тұрсын. Жетіп келіп менің қолымдағы кестелі ақ орамалды жұлып алды. – Ұятсыздар, cендер бесіктен белдерің шықпай жатып махаббат ойнай бастадыңдар ма? Көрсетем мен сен қызға! Бетімен кеткен!
Шәрбану тәтей әй-шайға қарамай тұлданып шыға жөнелді, барар жері мұғалімдер кабинеті, не директордың бөлмесі екені белгілі. Басында біз де тосылып не істерімізді білмей қалдық. Бір кезде Шәрбану тәтей қайта оралып онсыз да абдырап, жасып тұрған Шекерді қолынан сүйреп ала жөнелді. Кейін естідік, мұғалімдер кабинетіне кіргізіп, көп ұстаздың алдында айтпаған сөзі жоқ көрінеді. Оған біраз мұғалім қосылған. Директорды шақырған. Директорымыз Аталық ағай аса ұстамды, сабырлы адам еді, әйелдердің айыптау сөзін үнсіз тыңдап араласпай отырыпты. Сонымен, Шекердің бұл қылмысын мектеп оқушыларының жалпы жиналысына салып, болашақта басқаларға сабақ болуы үшін «оқушыларды моральдық азғындауға апаратын бұндай ескіліктің қалдығын түп-тамырымен жұламыз»,– деп шешіпті.
Шекер жылап еңіреп келді де болған оқиғаны қысқаша ғана айтып беріп, кітап, дәптерлерін жинап үйіне қайтып кетті.
– Оқымаймын енді бұл мектепте, көрмегенім осылар болсын! –деп бұрқанып кете барды. Шекердің мінезін бәріміз білеміз, оның айтқан бетінен қайтпайтыны рас еді.
Старостамыз Серік дереу класс жиналысын ашты. Өте ұйымшыл, талапшыл класс едік. Ұстаздарымыздың мынау тосын қылығы, асыра сілтеуі бізді қатты ашындырды. Бәріміз қазір мұғалімдер бөлмесіне барып талап қоямыз, Шекерден де, кластан да кешірім сұраттырамыз. Бұл не масқара? Біздің ұстаздарымыз қай заманда өмір сүріп жатыр? Сталиндік лагерлік жүйені аңсап отыр ма деп, қатты-қатты айттық.
Жиырма екі оқушы түсімізді суытып қаздай тізіліп, мұғалімдер бөлмесіне кіріп бардық. Біздің беталысымыздың оңай емес екенін көріп олар біршама мұқалып жүздерін жасырып, төменшіктей берді. Кезек-кезек сөйледік, ашына айттық. «Сіздерден мұндай қылық күткеніміз жоқ. Бізге көрсеткен өнегелеріңіз осы ма?», – дедік. «Жазықсыз қыз баланы соншама жылататындай не істеп еді, орамал сыйласа не бар екен онда тұрған, ұрлық жасаған жоқ, өзінікін сыйлады. Оған нелеріңіз кетті? Шәрбану тәте, сіз қателігіңізді мойындап дереу Шекерден кешірім сұрап, орамалын өзіне қайтарып беріңіз. Олай істемесеңіз біз класс болып ертеңнен бастап сабаққа келмейміз. Ол аз десеңіз, газетке жазып бүкіл ауданды, республиканы шулатамыз, көрсін біздің мектепте қандай ретроград оқытушылар бар екенін деп соқтық. Сөйттік те сөзімізде тұрып үйді-үйімізге тарап кеттік.
Басында құр әшейін балалардың қоқайы деп ойлаған мұғалімдеріміз ертеңінде бос класты көріп шошып кетіпті. Аталық ағай да әбден сыбағаларын берген болу керек, Шәрбану бастаған екі-үш белсенді мұғалім Шекердің үйіне барып кешірім сұраған, қателіктерін мойындаған.
Шекер бірақ айтқан сөзінде тұрып мектепке келмей қойды, басқа ауылдағы ағайының қолына барып, сол жақта мектеп бітірді. Шәрбану тәтей де біздің класқа беттеп кіре алмай, ақыры ол да кетті. Өзіміздің есейгенімізді, ендігі бала емес, әжептәуір жігіт болғанымызды сол жолы сезіндік.
* * *
Қонақүйде әртүрлі ойларға беріліп, мандытып ұйықтай алмай мазам кетті. Маған орамал ұсынып тұрған қыз бейнесі көз алдымда көлденеңдеп тұрып алды. Ертеңінде мені алып кетуге келген машинаға отырып Сәнімнің үйіне келдім.
– Сәнім, қолың бос болса мамаңның бейіті басына барып келейікші…
Біз ауыл сыртындағы төбеге көтеріліп машинаны әудем жерде қалдырдық та ары қарай жаяу жүрдік. Темір шарбақпен қоршалған өзгелерден елеусіз бейітке келіп тізе бүктім. Шағын гранит тасқа Шекердің аты-жөні, туған, өлген жылы, айы, күні қашалыпты. Төменгі жағына кішкене әріптермен жазылған «Есіңе ал» деген жазуы бар. Мен таңырқап Сәнімге бұрылдым.
– Иә, мамам өлерінде осы сөзді жазып қой деп өсиеттеп еді. Сол кісінің қалауы. Cізді келеді, түбі бір келмей қоймайды деуші еді, рас, келдіңіз ғой.
Біраз ойға шомып үнсіз отырған едім, Сәнім: – Аға, Құран оқып жібермейсіз бе? – деді. Жүздеген ән мен арияларды жатқа соқсам да бір екі Құран сүрелерін білмейтінімді ойлап қатты өкіндім. Білмеймін дегендей басымды шайқадым. Сол кезде құлағыма «кестелі орамал», «кестелі орамал» деген сыбыр естілгендей болды. Сөйткенше болмай өзім де еріксіз ыңылдап ақырын дауыспен ән айта бастадым.
Кестелі ақ жібек орамал,
Алыстан жолдаған сүйген жар.
Жауынгер жарым сен есіңе ал,
Деп жазған оюлап хаты бар…
Нүсіпхан ҚЫСТАУБАЕВ
Алматы қаласы





