Арамшөптер – адамдардың қатысуынсыз мәдени дақылдармен бірге өсуге, дамуға және көбеюге бейімделген ерекше өсімдіктер тобына жатады. Арамшөптер топырақтан керекті қоректік заттар мен ылғалды бойына сіңіріп, дақылдардың өнімі мен сапасын төмендетеді. Олардың ішінде өте зияндылары карантинді арамшөптер тобы болып саналады.
Жалпы карантин деген ұғымның мағынасына ауру ошағын толық оңашалау және ондағы ауруды толық жоюды қарастыратын іс-шаралар жүйесі кіреді. Карантиндік шаралар адамдарға, жануарларға жұғатын қауіпті аурулар бойынша ғана емес, ауылшаруашылығы дақылдары бойынша да жүргізіледі. Кейбір аймақтарда өсетін карантиндік өсімдіктер түрлері басқа жерге, басқа елге әртүрлі дақылдар тұқымы арқылы таралады. Сондықтан көптеген елде, соның ішінде Қазақстанда 1999 жылы қабылданған «Өсімдік карантині туралы» Заңы елімізде өсімдіктер карантині жөніндегі мемлекеттік шараларды жүзеге асырудың құқықтық негізі мен ұстанымын белгілеп берді.
Қазақстанда карантинді арамшөптердің кең тараған түрлеріне жатаған у кекіре (Acroptilon repens D.C), арамсояу (Cuscuta spp.), жусан жапырақты ойраншөп (Ambrosia artemisiifolia L.) жатады. Соның ішінде барлық облыста көп тараған карантинді арамшөп түрі – далалық арамсояу (Cuscuta campestris). Дүниежүзілік флорада арамсояудың 274 түрі кездеседі. Бұл шөп 200-ден астам ауылшаруашылығы дақылдарына зиянын тигізеді. Мысалы, далалық арамсояу басқан алқаптарда қант қызылшасы өнімінің 80 пайызы, пияз бен сәбіздің 85 пайызы, жоңышқа өнімдерінің 95 пайызы жойылады.
Арамсояудың тұқымын жоңышқа тұқымынан ажырату қиын. Сол себепті, тауар өндірушілерінің көп өнімі сатуға жарамсыз болады. Арамсояу мәдени дақылдардағы зат алмасуды бұзады және түтікше тамырлары арқылы мәдени дақылға жабысып, ондағы органикалық, органикалық емес заттарды сорып алады. Сөйтіп, дақылды әлсіретеді және ол біртіндеп өсуін тоқтатып, қурайды. Арамсояу тұқымнан өсіп, тарайды. Бір тұқымнан өскенде ондағы қоректік заттарды пайдаланады. Сөйтіп, 10-13 см. биіктікке көтерілгеннен кейін тұқымдағы қоректік заттар бітеді.
Арамсояу дақылдың топырақпен байланысын жояды. Осы кезде оның сабақтары шыркөбелек айналып, қасында басқа шөптер болса соған жабысып, бүршік тамыршықтары арқылы қоректік заттарды сорып алып өсіп, дами береді. Арамсояудың улылығы гүлдену және тұқым пайда болған кезеңінде күшейеді. Осы кезде арамсояуда алколоид-кускутин және глюкозид, конвольвулин сияқты зиянды заттар көп жиналады. Арамсояу араласқан мал азығы тез шіріп, өзінің бағалы нәрін жоғалтады.
Сонымен қатар, жануарларды ауруға шалдықтырады. Егістікті арамсояудан арылту үшін агротехникалық шаралардың жиынтығын қолдану керек, яғни, ауыспалы егісті дұрыс қолдану (дақыл алмасу), жерді уақытылы, сапалы өңдеу, тұқым себу мерзімін сақтау, дақылды күтіп-баптау, тиімді гербицид шашу қажет. Зерттеулер көрсеткендей, арамшөптің көбі сүдігер жыртылған жерлерде жазғытұрым жерді тырмалағаннан кейін өседі.
Е. УРАЗАЛИЕВ,
С. САЙЛАУБАЙ,
Алматы дәнді дақылдарды жерсіндіру (интродукциялық)-карантиндік көшеттігінің мамандары





