Облыс әкімі Амандық БАТАЛОВТЫҢ төрағалығымен өткен алқа отырысында төрт айдың әлеуметтік-экономикалық даму барысы мен жылыту маусымы қорытындыланып, алға қойған межелі міндеттер пысықталды. Жиынға аудан, қала әкімдері, облыстық деңгейдегі департамент пен басқарма басшылары, мәслихат хатшылары, құқық қорғау органдары мен кәсіподақ ұйымдарының, «Нұр Отан» партиясы филиалының, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Облыс әкімі Амандық Баталов алдымен күн тәртібінде қаралатын негізгі мәселелермен таныстырды. Бұдан соң облыс әкімінің орынбасары Жеңіс Тұяқов төрт айдың ішінде атқарылған жұмыстар мен алдағы уақытта іске асырылуы тиіс шаруа жайын баяндады. Азды-көпті кеткен кемшіліктер де назарға алынып, түзету жолдары қарастырылды. Онда мәлім болғандай, өңір экономикасын дамытып, өнімді еселеуде жыл басынан бері біраз істің басы қайырылып, оң нәтижелерге қол жеткізіле бастаған. Қай салада болсын алға басу бар. Соның бірі – ауылшаруашылығы. Мәселен, аталған сала бойынша жыл басынан бері 96,9 млрд. теңгенің өнімі өндіріліп, нақты көлем индексі 103,3 пайызды құраған. Қаңтар-сәуірде өңірдің агроөнеркәсіп кешеніне 1,9 есе өсіммен 13,1 млрд. теңге инвестиция тартылыпты.
Аймақта қант қызылшасын өсіру жұмыстары да талапқа сай жүргізілуде. Өнеркәсіптік картоп шаруашылығын дамыту мақсатында үш жүз тоннаға жуық голландиялық «Санте» және «Агрия» сұрыпты элиталық тұқымды картоп сатып алынған. Жер жырту, сүдігер тырмалау, дақыл түрлерін себу сияқты көктемгі дала жұмыстары да уақытылы атқарылған. Төрт түлік мал санының өсу деңгейі де жаман емес.
Өнеркәсіп өндірісінің көлемі 249,8 млрд. теңгені құрайды. Азық-түлік өнімдерінің өндірісі, сусындар мен жеңіл өнеркәсіп, қағаз және қағаз өнімдері, машина жасау, химиялық және фармацевтикалық өнімдердің көлемі артқан. Ал темекі мен киім, металлургия, дайын металл бұйымдарын шығару бірнеше пайызға төмендепті. Жаңа он бір нысан іске қосылып, қолданыстағы бес өндіріс орны кеңейтілген. Қосымша үш жүзге жуық жаңа жұмыс орындары құрылған. Жұмыс істеп тұрған шағын және орта бизнес субъектілерінің саны өскен. Олардан бюджет қоржынына 27,8 млрд. теңге қаражат түсіпті.
Кәсіпкерлікті қолдауға да қомақты қаражат бөлінген. Оның ішінде «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы және «Талдықорған», «Қайрат» индустриалды аймақтарына инженерлік инфрақұрылым тартуға қарастырылған қаражат та бар. Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы бойынша шағын несиелендіру мен оқытуға бағытталған қаржы көлемі де аз емес.
Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік түрлерінің басым бөлігі қымбаттаған. Оның ішінде пияз, жұмыртқа, картоп, тұз, сүт, өсімдік майы мен сары май және сиыр еті бар. Азық-түлік бағалары негізінен Іле, Көксу, Ұйғыр аудандары мен Талдықорған қаласында өскен. Сондай-ақ, дизель отынының бағасы да көтерілген. Құрылыс жұмыстарының көлемі 3,9 пайыз өсіммен 37,1 млрд. теңгені құраған. Құрылыс жұмыстарының қарқыны Ақсу, Балқаш, Еңбекшіқазақ, Ескелді, Жамбыл, Іле, Қаратал, Сарқан, Талғар, Ұйғыр аудандары мен Талдықорған қаласында баяулапты.
Биыл газдандыруға 9,3 млрд. теңге бөлінген. Жергілікті маңызы бар жол құрылыстарын жүргізіп, жөндеуге 26,9 млрд. теңге бөлінген. Бұл қаражат жол құрылысы мен қайта жаңғыртылуға және күрделі, орташа, ағымдағы жөндеулерге жұмсалмақ.
Қаңтар мен сәуір айларында аймақта жеті мыңға жуық жұмыс орны құрылған. Білім саласы бойынша 22 нысанның құрылысына 6,2 млрд. теңге қаражат қарастырылған. Оның ішінде 19 мектеп және 30 нысан күрделі жөндеуден өткізілмек. Оқу жылының үшінші тоқсандағы қоры- тындысы бойынша Балқаш, Кербұлақ, Көксу, Ақсу, Қаратал, Талғар, Ескелді және Еңбекшіқазақ пен Ұйғыр аудандарында білім сапасының төмендегені байқалған. Білім саласын цифрландыруға биыл 1,5 млрд. теңге бөлінген.
Денсаулық сақтау саласы бойынша 18 нысанның құрылысын жүргізу және 5 нысанды күрделі жөндеуден өткізу жоспарланыпты. Медициналық мекемелер мен ішкі істер органдарының материалдық-техникалық базасын нығайтуға тиісті көлемде қаражат бөлінген. Облыстың автокөлік жолдарында бес жүзден аса жол-көлік апаты тіркелген, бұл көрсеткіш өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда бірнеше пайызға жоғары. Ал қылмыс жасау азайған.
Әкім орынбасарының баяндамасынан кейін Амандық Ғаббасұлы өз ойын айтып, атқарылған жұмыстарға баға берді. Сонымен бірге облыс әкімі баяндамаға қатысты сын-ескертпелер айтты. Ол өз сөзінде тек баяндамада көрсетілген жетістіктерді оқып, құрғақ сандарды тізіп қана шықпай, кездесіп жатқан проблемалы мәселелерге, кемшін тұстарға, оны түзету жолдарына ден қою қажеттігін назарға салды. Мәселен, «Қай ауданда нендей жұмыстар атқарылып жатыр, шешімін табуы тиіс проблемалар бар ма?» деген сияқты сауалдарды қозғап, оған нақты жауап іздеу қажеттігін және мұны әр басшы мен әкімнің білуі тиіс екендігін талап етті. Осы сияқты басқа да кемшіліктерді сынға алған облыс басшысы оны түзетуде салаға жауапты басшыларға қойылар талаптың күшейетінін жеткізіп, лауазымды тұлғаларға тапсырмалар берді. Бұдан соң Ескелді ауданының әкімі Бағлан Тәнекенов пен облыстық білім басқармасының басшысы Дәурен Жүнісов тыңдалды.
Келесі кезекте облыс әкімінің орынбасары Айдарбек Байжанов өткен жылыту маусымының қалай өткендігі жайында хабарлама жасады. Айдарбек Естебекұлы өткен жылыту маусымының ойдағыдай өткенін айтып, орын алған кемшіліктерді де тізбектеп өтті. Алдағы қысқа дайындалып, ойдағыдай өткізу үшін 6,0 млрд. теңге қаражат бөлінген. Жылумен жабдықтау кәсіпорындарына 332,9 мың тонна көмір, 36,9 мың отындық мазут дайындау жоспарланған. Бюджеттік мекемелерге сұйық отын мен көмір, пеллет сатып алуға да қомақты қаражат қарастырылыпты. Биыл 19 елді мекенді газдандыру жоспарлануда, нәтижесінде газдандыру деңгейі 30,1 пайызға жетпек. «Өңірлерді дамыту – 2020» бағдарламасы аясында 49 нысан бойынша ауыз су мен кәріз жүйелерін қайта жаңғырту және құрылыс жүргізу үшін 8,1 млрд. теңге бөлінген. 377 шақырым сумен жабдықтау мен кәріз желілерін жөндеу және салу көзделуде. Нәтижесінде орталықтандырылған сумен 664 елді мекен қамтамасыз етілмек. Сұйық отымен жанатын қазандықтарды ауыстыруға, бюджеттік сала нысандарының жылыту жүйесін газға ауыстыруға қажет қаражат та тиісті көлемде бөлініпті.
Жиынды қорытындылаған Амандық Ғаббасұлы:
– Жалпы, облыс бойынша барлық салада ілгерілеушілік бар. Алдағы уақытта болған кемшіліктерді қайталамай, межеленген жоспарларды орындау бағытында жұмыс істеуге тиіспіз. Өздеріңіз білесіздер, жақында облысқа Елбасы келіп кетті. Аймақта атқарылып жатқан жұмыстарға оң бағасын берді. Енді бұған масаттанбай қолда бар мүмкіндіктерді тиімді пайдаланып, жыл соңына дейін одан да биік көрсеткіштерге қол жеткізуіміз керек. Мемлекет басшысы қойған мақсат-міндетті кешенді түрде іске асыруда бастамашы бола білуіміз қажет. Әсіресе, өнеркәсіпті өркендету, қайта өңдеу ісін өрістету, ауылшаруашылығы, құрылыс, соның ішінде жол жөндеу мен тұрғын үй салу, газдандыру жұмыстарын жандандыру, шағын және орта кәсіпкерлік пен туризмді дамыту, жаңа жұмыс орындарын құру, балаларды балабақшамен қамтамасыз ету сияқты жұмыстарға ерекше мән беріп, халыққа қызмет ету керек, – деді.
Жиын соңында өткен жылыту маусымының табысты өтуін қамтамасыз еткен бірқатар аудан, қала әкімдіктері мен жылу және электр қуаты мен сумен жабдықтаушы кәсіпорындардың қызметкерлері марапатталып, сыйлықтар табыс етілді.
Атап айтқанда, 1-орынды Қапшағай қаласы, 2-орынды Райымбек ауданы және қос 3-орынды Сарқан ауданы мен Текелі қаласы иеленіп, оларға арнайы техникалар берілді.
Айгүл БАЙБОСЫНОВА,
“Жетісу”




