*Оқушылар назарына!
Облыстық «Орбұлақ жүрегімде» байқауының ережесі мен шарттары
Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласының «Туған жер» бағдарламасында айтылғандай, туған жерге сүйіспеншілік туған тарихыңды тереңнен білуден басталатыны баршаға аян. Еліміздің әрбір тауы мен өзені, сайы мен қыры – тұнып тұрған тарих. Соған сай сол өлкеде халқына пана бола білген, ел есінде қалған біртуар перзенттер бар. Ал олар жайында жас ұрпақтың білгені абзал. Осыған орай Орбұлақ шайқасындағы Ұлы Жеңістің 375 жылдығына және «Орбұлақ» қоғамдық, әдеби-танымдық газетіне 5 жыл толуына орай мектеп оқушылары арасында облыстық «Орбұлақ жүрегімде» байқауы тегін өткізіледі.
Байқаудың мақсаты: Балалардың шығармашылық қабілеттерін шыңдау арқылы ұлттық, азаматтық, патриоттық сезімге баулу. Отанын сүюге, құрметтеуге тәрбиелеу, жас ұрпаққа рухани-адамгершілік тәрбие беру.
Ұйымдастырушылар: Панфилов ауданының әкімдігі және «Орбұлақ» қоғамдық, әдеби-танымдық газетінің редакция алқасы.
Өтетін жері: Панфилов ауданы, Жаркент қаласындағы аудандық Мәдениет үйі.
Қатысушылардың жас ерекшеліктері: 5-11-сынып оқушылары.
Байқаудың шарттары:
1. Шығарма (қатысушылар байқау күні берілген тақырыпқа шығарма жазады. Шығарма жазуға 3 сағат уақыт беріледі. Бағалауда оқушы жұмысының мәтін-мазмұны мен негізгі ойға сәйкестігі, тақырыптың толық ашылуы, баяндау жүйесі ескеріліп, сөздік қорының деңгейіне, сөйлем құрылысына, мәтіннің стильдік біртектілігіне, шеберлігіне назар аударылады).
2. Мүшәйра (жас ақындар Орбұлақ шайқасы туралы, батырлардың ерлігі туралы жазған өз туындыларын ұсынады, сахнада орындайды. Өлең мағыналы, ұйқасы мен өлең жолдарындағы буын сандарының реттілігі көркемдік-эстетикалық талапқа сай болуы қажет.)
3. Бейнелеу өнері (ерлік пен елдіктің шежірелі беттері, батыр бабалардың Орбұлақ шайқасындағы қаһармандық көріністер бейнеленуі қажет. Бұл жұмыс – үй тапсырмасы. Оқушы тақырып мазмұнына сай үйден орындаған жұмысын көркемдік талаптарға сәйкес арнайы рамкаға салып көрмеге қоятындай дайындап алып келуі қажет. Ескерту: Сурет А3 форматында және рамкаға салынған, эстетикалық талаптарға сай болуы шарт. Суреттер көрмеге қойылады).
Екіншісі, еркін тақырып (туған жер, тәуелсіздік, Астана, ерлік, батырлық, балалық шақ, мектеп, арман, достық, т.б.). Бұл тапсырманы оқушылар байқау барысында орындайды. Берілетін уақыт – 3 сағат. Ескерту: байқауға қатысушы үміткерлер сурет салуға қажетті құралды өзімен бірге алып келуі қажет. Суретті қарындашпен, қылқалам, акварель бояуымен, майлы бояумен салу оқушы еркінде.
Өтетін мерзімі: 27-28 сәуір, 2018 жыл. Байқауға қатысу туралы өтініштер 20 наурыз – 20 сәуір аралығында қабылданады. Өтініштерді мына электронды поштаға жіберіңіздер: alekseeva-bxmail.ru, orbulak@mail.ru
Өтінішке байқауға қатысушының аты-жөні, ауданы ( қаласы), мектебі, қай сынып оқушысы екені, қай бағыт бойынша қатысатыны, жетекшісінің аты-жөні, байланыс телефондары нақты көрсетілуі қажет.
Әр бағытқа әр ауданнан бір оқушыдан қатыса алады.
Байқауға қатысты қосымша ақпараттар мен сұрақтарға жауап алу үшін мына телефондарға 87021924993, 87014691385 хабарласуға болады.
Жол шығыны қатысушы тарапынан.
Байқау бағдарламасы:
27 сәуір келу күні. Экскурсия сағат 14.00 (мұражай, галерея, Әулиеағаш)
28 сәуір күні:
09.00-10.00 – қатысушыларды тіркеу;
10.00-10.30 – ашылу салтанаты;
10.30-13.00 – байқау шарасы;
13.00-14.30 – түскі үзіліс;
14.30-17.00 – байқау шарасы;
17.30-18.30 – жеңімпаздар мен қатысушыларды марапаттау.





