Жаңа оқу жылының басталуына санаулы күн қалды. Ұстаздар мен оқушылардың алаңсыз білім теңізіне кірігуі үшін қажетті жағдай жасалған ба? Осыған айрықша мән берген Білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіптік одағы Талдықорған аумақтық ұйымының басшысы Садық Әбдіқадыров Көксу ауданындағы бірқатар мектепті аралап, жаңа оқу жылына дайындық барысын саралап қайтты.
Кәсіподақ ұйымының басшысымен бірге аудандық комитеттің төрайымы Сағымбала Төкенова, білім бөлімінің басшысы Тілеумұрат Сетниязов мектептерді аралады.
Садық Нұрсапаұлы алғашқы кезекте Еңбекшіқазақ ауылындағы орта мектепке бас сұғып, мектептің сұйық отынмен қамтылу жайына назар аударды. Мектеп директоры Төлеген Абилов жылыту маусымына қажетті 27998 литр сұйық отын түгелдей дерлік жеткізіліп, арнайы ыдыстарға құйылып, сақтауға қойылғандығын көрсетіп, мектептің қыс маусымына дайындығы ойдағыдай жүзеге асып жатқанынан хабардар етті.
2010 жылы салынып, қолданысқа берілген мектепке биыл ағымдағы жөндеу жұмысы жүргізіліп, барлық кабинет, мәжіліс, спорт залдары, кітапхана әктеліп, сырланған. Оқу шаңырағында жаңа оқу жылында 151 бала білім алмақ. 18 оқушы 1-сыныпқа, 10 бала мектепалды даярлық тобына қабылданбақ. «Мектепке жол» республикалық акциясы аясында 6 оқушыға демеушілер, 20 балаға жалпыға бірдей білім беру қорынан көмек көрсетілуде.
Келесі кезекте Садық Нұрсапаұлы бастаған топ Мәмбет ауылындағы Ж. Егінбаев атындағы орта мектепке бас сұқты. Бұл Көксу ауданындағы интернаты бар жалғыз білім ошағы. Онда тұрмысы төмен отбасы мен малшылардың балалары жатып білім алады. Оқу ошағына 2012 жылы күрделі жөндеу жүргізілген, биыл мектеп пен интернат ағымдағы жөндеуден өтіп, қажетті құрал-жабдықтармен қамтылған.
Садық Нұрсапаұлы білім ошағының қауіпсіздігі жайына ерекше мән беріп, өрт, басқа да зілзала кезінде қолданылатын құрал-саймандардың толық болуына жіті назар аударды. Арнайы орындар мен химия, физика, технология кабинеттерінде қауіпсіздік ережелері тақтасы мен асханада дұрыс тамақтану қағидаттарының ілінуіне айрықша көңіл бөлді. Жаңа оқу жылынан 480 оқушы білім алатын мектеп-интернаттың материалдық-техникалық жағдайына да мән берді.
Мұнда 24 оқу кабинеті, оның ішінде 2 информатика, лингофонды-мультимедиялық және жаңа модификациялы физика кабинеттері бар. Жалпы компьютерлер саны – 58. Барлығы интернет желісіне қосылған. Onlain режиміндегі сабақтарға қатысу мүмкіндігі 100 пайыз. Сонымен қатар мектепте бір интерактивті тақта, экранымен 7 проектор бар. Спорттық құрал-жабдықтармен де толық қамтамасыз етілген. Мектеп-интернаттың жаңа оқу жылына дайындығы ойдағыдай жүзеге асуда.
Кәсіподақ саласының қызметкерлері бұдан соң аудан орталығы Балпық би кентіндегі Б. Құндақбаева атындағы №1 орта мектепте де болды. 2013 жылы пайдалануға берілген жаңа мектеп заман талабына сай жабдықталған. Бүгінде мұнда 53 ұстаз еңбек етеді. Мектептің жаңа оқу жылына дайындық барысы, қауіпсіздік шараларымен толықтай танысқан соң Садық Нұрсапаұлы мұғалімдермен шағын жиын өткізді.
– Біздің мақсатымыз – тексеру емес, ұстаздардың қауіпсіз орында жұмыс істеуін, еңбегіне сай марапатталуын, құқығының қорғалуын қамтамасыз ету. Осы орайда мектептердің жаңа оқу жылына дайындығы барысымен танысып шықтық. Өйткені, ұстаздарымыз жайлы да жылы орында еңбек етуі керек. Денсаулығы, отбасы жағдайы бәрі де қалыпты болуы тиіс. Биыл ұстаздарды қолдау мақсатында кәсіподақ 700-ден астам білім саласының ардагерлері мен мұғалімдерге шипажайларға жолдама берді. Облысымыздан 36 ардагер, 25 оқушы «Экспо – 2017» халықаралық көрмесіне барып қайтты. Ұстаздардың еңбегіне қарай марапатталуы, басқа да жағдайларына мейлінше мән берудеміз. Осы орайда айтар өтініш, тілек, ұсыныстарыңыз болса, тыңдауға дайынбыз. Қандай мәселе болса да шешеміз, – деп ұстаздарды еркін әңгімеге шақырды.
Өз кезегінде ұстаздар қауымы жаңа, жылы да жайлы мектепте еңбек етіп жатқанын алға тартып, әзірге алаңдайтын ешбір мәселе жоқтығын жеткізді. Мұғалімдердің жан-жақты қорғалуына баса мән берген кәсіподақ басшысына алғыстарын айтты.
Жалпы Көксу ауданы бойынша 25 орта білім ошағы, 14 балабақша, бір музыка мектебі бар. Биыл ағымдағы жөндеу жұмысына 4 млн. 210 мың теңге қаражат бөлінген. Жылыту маусымына қажетті сұйық отын толықтай мөлшерде алынған. Жаңартылған бағдарлама бойынша оқулықтар алынып, оқушыларға үлестірілуде. Осының бәрін саралай келе Көксу ауданындағы мектептер мен балабақшалар жаңа оқу жылына дайын деуге болады.
Алма ЕСЕНБАЕВА.
Көксу ауданы.





