Жетісу облысы Алакөл ауданында жалпы ауданы 1655 гектарды құрайтын 14 жер телімі мемлекет меншігіне қайтарылды.
Бұл туралы Бас прокуратура мәлімдеді, деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Құзырлы орган жүргізген тексеріс барысында аталған жер учаскелерінің ұзақ уақыт бойы игерілмей, бос жатқандығы анықталған. Аумақты уақытша пайдалану мерзімі әлдеқашан өтіп кеткеніне қарамастан, жергілікті әкімдік пен тиісті мекемелер тарапынан ешқандай шара қабылданбаған.
Прокуратураның араласуынан кейін барлық 14 жер телімі мемлекет меншігіне қайтарылып, мемлекеттік жер қорына өткізілді. Жер телімдерінің жалпы кадастрлық құны – 100 миллион теңге.
Депутат бастамасы мен «Жер Аманаты» комиссиясының рөлі
Аталған мәселеге қатысты бұған дейін Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек Бас прокуратураға ресми сауал жолдаған болатын. Ол «Жер Аманаты» комиссиясының анықтаған заңсыздықтарын тексеруді сұраған.
Депутаттың айтуынша, 2024 жылғы сәуір айында Жетісу облысының Алакөл ауданындағы Ақши ауылына барған сапарында 351 коммерциялық мақсаттағы жер учаскесінің 10 жыл бойы игерілмегеніне куә болған.
“Осы учаскелердің бәрі 2016 жылдан бері игерусіз жатыр. Заң бойынша үш жыл ішінде пайдаланылмаған жер телімдері сот шешімі арқылы мемлекетке қайтарылуы тиіс еді. Аудан әкімдігі мен тиісті бөлімдер неге шара қолданбаған?” – деді Бақытжан Базарбек.
Депутаттың мәлімдеуінше, ол аталған учаскелердің кадастрлық нөмірлері мен иелерінің аты-жөнін анықтаған және қажет болған жағдайда олар жарияланатынын ескертті.





