Қазақстан азаматтарының төлқұжаттарында жаңа қорғаныс элементі пайда болады. Бұл туралы Үкімет отырысында Ішкі істер министрінің орынбасары Бауыржан Әленов мәлімдеді, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
«Ұлттық төлқұжатты қорғау деңгейін көтеріп жатырмыз. Қазақстандық паспорт халықаралық стандарттарға толықтай сай келеді. Қажетті қорғаныс элементтерін одан әрі жетілдіру жұмыстарын жалғастырып келеміз,» – деді министр орынбасары.
Жаңа қорғаныс белгісі төлқұжат нөмірінің төменгі бөлігінде орналасқан. Бұл жаңашылдық құжаттардың жалған көшірмелерінен қорғау мүмкіндігін арттырып, қауіпсіздік деңгейін күшейтеді.
Қазіргі таңда Қазақстан азаматтары визасыз 43 елге еркін бара алады. Министрлік өкілінің айтуынша, халықаралық талаптарға сай қорғаныс жүйесі – отандық құжаттардың сенімділігі мен беделінің артуына оң әсерін тигізеді.






