Осыдан 7 жыл бұрын облыс әкімдігі, Қазақстан халқы Ассамблеясы және Қазақстандағы корей этносы қауымдастығы «Хендэ» ауруханасымен меморандумға қол қойған болатын. Мақсаты – жыл сайын өңір тұрғындарына тегін медициналық қызмет көрсету.
Бұл жолы тұрғындарды кардиолог, хирург, травматолог, ортопед, гастроэнтеролог қабылдауда. Оларды клиниканың бас дәрігері Ким Бу Соп бастап келді. Бас дәрігердің айтуынша, 7 жылда 6000 адам тексеруден өтіп, 200 адамға тізе буынына ота жасалған.
Жарақат бөлімінде Корея дәрігерлері ота жасаған Таңсық Қарақұланова шетелдік мамандарға алғысын жаудыруда.
– Сонау 30-жылдары анам Нұрғайза Киікбайқызы Кореядан жер аударылып келген бір отбасын екі жылдай үйде тұрғызып, асырап-баққан еді. Жұмыстан қайтқанда екі уыс бидайды тығып әкеледі екен. Сөйтіп бір отбасын аштықтан аман алып қалыпты. Бүгінде мені кәріс дәрігерлері емдеп жатыр. «Дүние – кезек» деген осы, – деп аяғына ота жасаған шетелдік дәрігерлерге алғысын айтуда.
Бұдан кейін олар «Айналайын» балалар үйінің тәрбиеленушілері мен Текелідегі қарттар пансионатының тұрғындарына қызмет көрсетпекші.
Меморандум аясында қазақстандық дәрігерлерге Оңтүстік Кореяда білім алу мүмкіндігі беріледі. Мұндай қолдаудың себебі – 30-жылдары Қазақстанға депортацияланған корейлерді қазақ халқының аман алып қалуымен байланысты. Бұл – Корея тарапынан алғыс ретінде жасалып жатқан шара.
Нәтижесінде, тұрғындар жоғары кәсіби диагностикадан өтуде. Күрделі травматологиялық және хирургиялық ем жасалуда. Қазақстандық дәрігерлер үшін жаңа технологиялар мен әдістерді меңгеру мүмкіндігі ашылды.
Гүлжан ТҰРСЫН





