Балқаш көлі – Жетісу өңірінің маңызды туристік нысандарының бірі. Сондықтан да көл жағалауы тазалық талаптарына сай болуы тиіс. Суға шомылу маусымы басталғалы республикалық «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында көл жағалауында санитарлық тазалық шаралары тұрақты атқарылуда. Таяуда көлге апаратын жол бойындағы Лепсі ауылында жол қауіпсіздігі үшін жылдамдық өлшегіш құрылғылар мен бейнекамералар орнатылып, көл жағалауы күл-қоқыстан тазартылып, 4 тоннаға дейін қоқыс шығарылды.
– Біз жыл сайын Балқаш көлінің жағасын тазалаймыз. Оған эко-белсенділер және ауыл жастары қатысады. Жағалаудың тазалығы үшін аудандық әкімдік 2 арнайы техникамен қамтамасыз етті. Ауыл тұрғындарынан 10 адам тазалық жұмыстарын жүргізеді. Жағалаудан жұмыс күндері 2 тоннаға дейін, ал демалыс күндері 4 тоннаға дейін қоқыс шығарылады, – дейді округ әкімі Ақтөре Қияс.
Балқаш көліне дейінгі жол жаңартылып, құрылыс жұмыстары аяқталысымен көлге келушілер саны айтарлықтай артты. Сол себепті жолдағы қауіпсіздік шараларын күшейту қатаң қолға алынған. Аудандық полиция бөлімінің учаскелік инспекторы Рүстем Ботбаевтың айтуынша, жазғы шомылу маусымы кезінде автокөлік жолындағы қауіпсіздік, жол апатының алдын алу және қоғамдық тәртіпті сақтау шаралары күшейтілген.
– Лепсі ауылына 4 дана «Мерген» жылдамдық өлшегіш құрылғысы мен 4 бейнебақылау камерасы орнатылды. Бұл жүргізушілердің жылдамдықты асырмауының алдын алады. Жолдағы тәртіпті бақылау – біздің басты міндетіміз. Демалушылардың аман-есен келіп-кетуін бақылап, жол-көлік оқиғаларының орын алмауы үшін асқан жауапкершілікпен қызмет көрсетеміз. Ең бастысы, жол апаты орын алмай, адам шығыны тіркелмесе болғаны, – дейді аудандық полиция бөлімінің учаскелік инспекторы.
Балқаш көліне демалуға келген демалушылар көл жағалауының инфрақұрылымын дамыту және санитарлық тазалығын жақсарту бағытында атқарылған шараларға дән риза. Бүгінгі күнге дейін көлде 52 мың адам демалса, жағалау қажетті инфрақұрылыммен қамтылып, даму жоспары іске асырылғаннан кейін мұнда маусымына 450 мыңнан астам адам демалады деген болжам бар.
Е. БАУЫРЖАНҚЫЗЫ
Сарқан ауданы





