«Жетісу Медиа» ақпарат алаңында ҚР Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің Жетісу облыстық департаменті бастығының орынбасары Жандос Асылбеков пен Әлібек Балғабаев аймақтағы құқықтық тәртіп пен әділет саласы бойынша жүргізілген жұмыстардың жартыжылдық қорытындысын баяндады.
Мамандардың айтуынша, биылғы алты айда аймақтағы қылмыс деңгейі 6,8 пайызға төмендеген. Нақтылап айтсақ, былтыр осы уақытта 1690 қылмыс тіркелсе, биыл 1575-ке азайған. Атап айтқанда, Талдықорған қаласында 658, Панфилов ауданында 158, Алакөл ауданында 125 және Текелі қаласында 116 қылмыс орын алып, алдыңғы қатарға шыққан. Дегенмен қылмыстың барлық санаттары бойынша азаю бар. Нақтылап айтсақ, аса ауыр қылмыс 48,5 пайызға, ауыр қылмыс 12,1 пайызға, орташа ауырлықтағы заң бұзушылық 18,3 пайызға, ал жеңіл қылмыс 3,3 пайызға төмендеген. Аса ауыр қылмыстың 95,8 пайызы, ал ауыр қылмыстың 80,7 пайызы ашылып, қылмыстың ашылу көрсеткіші 72,6 пайызға өскен.
Осы статистикаға талдау жасау барысында ұрлық, тонау, бұзақылық азайғанымен алаяқтықтың артқаны байқалған. Яғни, жалпы ұрлық 41,8 пайызға, тонау 45 пайызға азайған. Ал қарақшылық пен топпен жасалған бұзақылық мүлде тіркелмеген. Керісінше, алаяқтық қылмысы 8,4 пайызға артқан. Ең көбі Талдықорғанда 259 дерек және Текеліде 41 дерек тіркелген. Интернет арқылы жасалған алаяқтық бір жылда 43,9 пайызға өсіп, 272 дерекке жеткен.
Бұрнағы жылдары облыстағы есірткіге қатысты құқықбұзушылық жиі айтылушы еді. Бірақ биыл оның саны азайған. Оның жартысынан көбі Талдықорғанда тіркелген. Қоғамдық орындарда жасалған қылмыс пен көшедегі төбелес азайған. Алайда жасөспірімдер арасындағы қылмыс 83,3 пайызға өсіп отыр. Оның басым бөлігі Алакөл мен Панфилов аудандарында тіркелген.
Биыл отбасылық жанжал ушығып тұр. Заңнамадағы өзгерістерге байланысты мұндай оқиғалар енді қылмыстық іс ретінде тіркелуде. Соның нәтижесінде, тұрмыстық саладағы құқықбұзушылық 4,4 есеге артқан. Аудан бойынша қарастырғанда, Сарқанда 14, Панфиловта 11,5 есе көбейген. Мұның себебі, соңғы кезде қабылданып жатқан заңдардың әсерінен болуы мүмкін. Суицид оқиғалары азайғанымен жасөспірімдердің өз-өзіне қол жұмсау деректері өскен. Қысқасы, бір жағы төмендесе, енді бір жағы өскен.
– Ең криминогенді қалалар ретінде Текелі және Талдықорған аталып отыр. Қорытындылай келе өңірде бірқатар оң нәтиже бар. Дегенмен, алаяқтық, есірткі және кәмелетке толмағандармен байланысты құқықбұзушылық әлі де өзекті мәселе болып отыр, – деп сөзін қорытты Жандос Бауыржанұлы.
Өкінішке қарай, кейінгі кездері әлеуметтік желі мен ақпарат құралдарының жаңалықтарының дені облыс жолдарындағы көлік апатына толып тұр. Облыстық құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі департаменттің деректеріне сүйенсек, биылғы алты айда өңір жолдарында 535 жол апаты тіркелген. Бұл көрсеткіш өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 77,7 пайызға жоғары. Апат салдарынан 59 адам қаза тауып, 848 адам жарақат алған. Қайтыс болғандар саны былтырғыдан 22,9 пайызға көп болса, жарақат алғандар саны 437-ден 848-ге дейін – екі есеге артқан.
Жарақат алғандардың 469-ы ер адам, 379-ы әйел. Ең көп зардап шеккендер – 20-29 (171 адам) және 30-39 жас аралығындағылар (153 адам). Апаттардың көбі таңғы (07.00–09.00) және кешкі (18.00–22.00) уақыттарда тіркелген. 535 апаттың 384-і елді мекендерде орын алған. Әсіресе, Талдықорғанда 186, Панфилов ауданында 97, Ескелді ауданында 26, Қаратал ауданында 18, Кербұлақ ауданында 16, Алакөл ауданында 16, Текеліде 12 жағдай тіркелген. Сонымен қатар, республикалық маңызы бар жолдарда 88, облыстық трассаларда 51 жол-көлік оқиғасы болған. Апат санының артуы бойынша Талдықорған қаласы тағы да көш бастап тұр.
– Жол-көлік оқиғаларының негізгі себептері жылдамдықты арттырудан (123 жағдай), жол белгілерін елемеуден (65), жаяу жүргіншіге жол бермеуден (97), қиылыста ережені бұзудан (43) және маневр жасау тәртібін сақтамаудан (38) орын алған, – дейді Әлібек Рашидұлы.
Бүгінде жаяу жүрсек қауіптен алыс жүреміз деуге келмей қалды. Жыл басынан бері 149 жаяу жүргіншіні көлік қағып кеткен. Оның 9-ы көз жұмса, 140 адам түрлі деңгейде жарақат алған. Бұл оқиғалардың басым бөлігі Талдықорған (80), Панфилов (30) және Ескелді (12) аудандарында орын алыпты. Оқиғалардан 67 бала зардап шеккен. Талдықорғанда (35), Панфиловта (16) және Ескелді ауданында (5) тіркелген.
Жол қозғалысы ережелерін сақтау – әр адамның қауіпсіздігі үшін маңызды.
Қажет АНДАС





