Алматының Арбатында орын алған жайт қазақы қайнардан ажырап, жат дәстүрдің жетегіне ерген ұрпақ тағдырының бүгінгі көрінісі. Ес-түссіз сұлап жатқан жастар бейнесі жұрттың жанын түршіктірді. Әлеуметтік желіден сол бейнебаянды көрген әрбір көрерменнің жүрегіне кірбің ұялағаны анық. Бауыр ет баласының бейшара күйі бейқам қоғамның бейнесі сияқты. Жерге қарап қалған көздер ұлттың ертеңіне бейжай қарайтын қарашық секілді.
Алматы қаласының балалар омбудсмені Диана Ерлан жағдайды тек «ішімдік ішкен» деп сипаттаса да әлеуметтік желідегі пікірлерге үңілсек, ел ішінде күдік басым. Тағы бір мәрте бейнероликке көз жүгіртсеңіз жастардың ішіндегі бір қаракөз қыз қатты қаталап, шөлдегенін айтып, жанына келгендерден су сұрайды. Әлемжеліден әбігерге түскендер туралы: «Бұл қарапайым мас күй емес, синтетикалық удың салдары», – деп жазғандар жетерлік. Яғни Instagram мен Facebook желілерінде пікір қалдырғандар көкейдегі күмәнін бүкпеді. Кейбірі «мұндай күйге қалай түсті, кім итермеледі, кім сатты, кім пайда тапты?» деген сұрақтарды қарша боратты. Халықтың үрейі бекер емес.
Бұл жағдайға полиция департаменті шұғыл үн қатып, 5 жеткіншектің мас күйде болғанын жеткізді. Тіпті екі жасөспірім қалалық балалар ауруханасына түсіп, медициналық көмек алған. Ресми деректерге сүйенсек, қазіргі таңда тергеу жүріп жатыр. Олардың кіммен, қайда, неге ішкені анықталуда. Алматы қаласы полиция департаментінің өкілі Салтанат Әзірбектің айтуынша, ата-ана баланың алғашқы тәрбиешісі. Сондықтан, жауапкершіліктің жүгі ең әуелі солардың иығында.
Десек те бұл ұлтқа төнген үнсіз қатер. Жастар ішіп-жемнен емес, рухани аштықтан, тәрбиенің жоқтығынан азып, адасып барады. Телефонға телмірген, TikTok-тан тәлім алатын, ойын мен ойсыздықтың ортасында жүрген бұл буын кезінде бесік жырымен ұйықтап, ертегімен есейетін ұлттың ұрпағы еді.
Кезінде дана қазақ тәрбие тағанын қалаған. Ал бүгінде әкеден өсиет естімеген бала, анадан тәлім алмаған қыз қайда барады? Әрине, бойында рухы жоқ жеткіншекке дүние мен әлеуметтік желі жол бастайды. Әке орнында смартфон, шеше орнында бейне жүрген кезде, тағдыр тар жолға бастары анық.
Тіпті соңғы уақытта ақшадан тарыққан кейбір жастар оңай олжаға ұмтылып, Telegram секілді күңгірт платформаларға жүгініп жүр. Сөйтіп ар мен иманды тәрк етіп, есірткі тасымалына, жарнамасына, тіпті таратуына дейін барып жатыр. Бүгінде «қап арқалап күн көргеннің» заманы өткен. Есесіне жастар жеңіл пайдаға жетемін деп смартфонды серігіне, сауданы сорға, кәсіпті кесапатқа айналдырып, жанын майда тиынға айырбастайтын хәлге душар болған.
Telegram-дағы «жасырын дүкендер» жастардың санасын бұлдырататын біртүрлі «базар». Осылайша, баланың бойындағы ізгілік өшіп, орнын ашкөздік, жауапсыздық пен немқұрайдылық басып барады. Қалтаны қампайтамын деген ой қаракөз ұрпақты қараңғылықтың құрдымына әкетіп жатыр.
Жастар ақшадан қысылып жүр дейін десеңіз, оның жеткіліксіздігі сылтау ғана. Баяғыда жоқшылықта өмір сүрген ата-әжеміз рухани жетімсіреген жоқ. Олар киген киімнің ескілігін емес, жүректегі иманның толықтығын ойлады. Қазір, керісінше, киім бүтін, алайда жүрек бос.
Көшеде сұлап жатқан жеткіншек қазақтың баласы. Ертең Отан қорғайтын ұл, ұрпақ тәрбиелейтін қыз. Солардың сағы сынған тұста ұлттың тамыры кесіледі. Бір сөзбен айтқанда рухани құлдыраудың қара таңбасы.
Мақтанғанға мәз болмайық, шынайы тәрбие сөзде емес, іс пен ықыласта. Жастар – қоғамның көктемі. Ал егер көктемнің көгіне у себілсе, ертеңгі егініміз не болмақ?
Қазақ: «Бала – бауыр етің» деп бір ғана сөзбен тұтас тәрбиенің тінін тарқатып кеткен. Сол етті езіп алмайық. Алғы буын артқы буынның айнасы. Айнаның сынып жатқанын сырттан көрмейік. Бүгінгі оқиға елдігімізге сын. Сондықтан, бұл жайтты «кезекті келеңсіздік» деп емес, «үлкен сабақ» деп қабылдайық. Қанаты қатпаған бала құлап жатса, көкке самғаған қыран құстай ел бола алмаймыз.
Тоқетері, бүгінгі «мас баланың» орны мектеп болуы керек еді. Болмаса, спортзал немесе кітапхана. Бірақ олар көшеде сұлап жатыр. Бұл бүкіл қоғамның ұйқысын бұзуға тиіс жағдай.
Cанжар СҰЛТАНҒАЗЫ





