Жетісу облысында жыл басынан бері 47 мыңнан астам әкімшілік құқықбұзушылық анықталды. Олардың ішінде 30 мыңға жуығы жол қозғалысы ережелерін бұзу фактісі. Ең сорақысы жол-көлік оқиғасының салдарынан 3 айда 29 адам көз жұмып, 314 адам жарақат алған. Бұл жайлы баспасөз мәслихатында айтылды.
Облыстық полиция департаменті жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Қайсар Мұхметовтың айтуынша облыс бойынша мас күйінде көлік басқарғаны үшін 142 жүргізуші жауапкершілікке тартылған. Жол жүрісі қағидаларын мүлтіксіз сақтау керектігін айтты. Жаяу жүргіншілерге көшені белгіленбеген жерден кесіп өтпеу, бағдаршамнан өтер кезде көлік құралының сізге жол беріп тұрғанына көз жеткізіп бірақ өту керектігін де ескертті. Жүргізушілер жаяу жүргіншілер өткелдеріне жақындаған кезде жылдамдықты алдын ала азайтулары және қажетті ара қашықтықты сақтауы тиіс.
Департамент қызметкерлері жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету және облыс жолдарындағы апаттылықты төмендету бойынша түрлі шара ұйымдастыруда. Өкінішке қарай, еш нәтиже жоқ. Полиция қызметкерлерінің күндіз-түні атқарып жатқан жұмыстарына қарамастан облыс көлемінде жол-көлік оқиғаларының саны артуда.
Санжар СҰЛТАНҒАЗЫ





