АҚСУ өңірінің тарихында елдің білімін көтеріп, жас ұрпақтың болашағына жол ашқан, аты ұмытылмауға тиіс тұлғалар бар. Солардың бірі – ағартушы, ұстаз, ұйымдастырушы Мәкей Еркінбеков. Ал оның есімі қазақтың біртуар ақыны, ағартушы Ілияс Жансүгіровпен қатар аталғанда, бұл екі азаматтың тағдырлас, замандас, пікірлес болғанын аңғарамыз. Екеуі де Ақсу топырағынан түлеп ұшып, ХХ ғасырдың алғашқы ширегіндегі ел өмірінің ең күрделі кезеңдерінде халыққа қызмет етті. Бірі білім мен ағарту ісін ұйымдастырып, мектеп ашып, жетім балаларға пана болса, екіншісі қазақ әдебиетінің көкжиегін кеңейтіп, елдің рухани санасын оятты.
Мәкей Еркінбеков 1895 жылы бұрынғы Қапал уезінің Көлденең ауылында дүниеге келген. 1905 жылы Қапалдағы жетіжылдық татар мектебінде білім алады. Жастайынан оқу-білімге құштар болып өскен ол ұстаздық жолды таңдап, бар күш-жігерін жас ұрпақтың сауатын ашуға арнаған. Оның ұйымдастырушылық қабілеті мен білім саласындағы табандылығы небәрі 29 жасында Талдықорған уездік ағарту бөлімінің меңгерушісі қызметіне келуіне себеп болды. Бұл сол заман үшін үлкен жауапкершілік еді. Алайда Мәкей үшін ағарту ісі қызметтік міндетпен ғана шектелген жоқ. Ол ел аралап, мектеп ашып, балаларды оқуға тартып, білім беруге күш салды.
Қытаймен шекаралас Баласаз ауылында мектеп салдырып, оның жұмысын өзі ұйымдастырды. Кейін Қарағаштағы коммуна мектебін, Қарасу орталау мектебін ашып, басқарды.
Мәкейдің ағартушылық қызметі мемлекет тарапынан да бағаланды. Оған «қазақ ССР-нің мектептеріне еңбегі сіңген мұғалім» атағы берілді. 1945 жылғы 24 сәуірдегі құжатта осы марапаттың табысталғаны көрсетілген. Бірақ Мәкей Еркінбековтің азаматтық болмысын айрықша танытатын ең үлкен еңбектерінің бірі – аштық жылдарында жетім қалған балаларға жасаған қамқорлығы.
1930 жылдардағы алапат аштық талай отбасының шаңырағын шайқалтып, сан мыңдаған баланы ата-анасыз қалдырды. Осындай ел басына күн туған уақытта Мәкей Еркінбеков қызметтік міндетін ғана атқарып қоймай, жетім қалған балалардың тағдырын өз жауапкершілігіне алды. Қарасу мектебінің жанынан балалар үйін ашты. Жетім балаларды ел арасынан өзі іздеп жинады. Оларды ат арбамен тасып, баспанасы мен тамағын ұйымдастырды. Балалар үйінің жанынан шаруашылық құрып, астық, тары, жүгері екті. Балалардың өздері де еңбекке араласып, егістікті күтіп-баптады. Мәкей ұстаз тек басшы емес, жеткіншектердің күнделікті өміріне араласқан тәрбиеші болды. Тамағынан бөлек киімін, оқуын, тәрбиесін назардан тыс қалдырмады.
Балалар үйінде тәрбиеленген академик Жүрімбек Сыдықовтың естеліктері де Мәкейдің осы адамдық қырын айқын көрсетеді. Ол жетім балалардың тамағын өзгеге сеніп тапсырмай, өзі бақылаған. Бір баланың екінші баланың асын тартып алмауын қадағалап, әрқайсысына тамақты тең бөліп берген. Яғни Мәкей үшін балалар үйіндегі әрбірінің тағдыры маңызды еді.
Балалар үйі 1946 жылы жабылған кезде де ол тәрбиеленушілерін тағдыр тәлкегіне тастап кеткен жоқ. Туыстары бар балалардың жақындарын іздеді. Ал жақыны табылмағандарын баласы жоқ отбасыларға орналастырды. Мұнымен де шектелмей, оларды тәрбиелеп алған отбасылардың үйіне өзі барып, олардың жағдайын бақылап отырды. Бұл – ұстаздықтың қызметтік шеңберден әлдеқайда кең ұғым екенін көрсететін өнеге. Осындай ел үшін елеулі істер атқарған Мәкей Еркінбековтің есімі Ілияс Жансүгіровпен қатар жүреді.
Талдықорған облыстық «Жерұйық» газетінің 1994 жылғы 31 мамырдағы санында Қазақстан Республикасы Журналистер одағының мүшесі Өсербай Жұмаханов «Ескірмеген естеліктер» атты еңбегінде Ілияс пен Мәкейдің қарым-қатынасына тоқталады. Оның айтуынша, Ілияс пен Мәкей – Ақсу ауданының түлектері. Жастайынан бірге өскен жолдас, дос, туысқан, бауырдай болып кеткен зиялы азаматтар. Мәкей Ілиястан бір жас кіші болғанымен, екеуі құрдастардай қалжыңдасып, еркін араласқан.
Рулық жағынан Ілияс Матайдың Құмқайнарынан, ал Мәкей төре тұқымынан тараған. Ілияс досын әзілдеп, атын атамай «Ей, төре, халқың қалай?» деп атаған екен. Мәкей Талдықорған губерниялық халық ағарту бөлімін басқарса, Ілияс Алматыда шығатын «Тілші» газетінде бөлім меңгерушісі болған. Қызмет бабында екеуі жиі араласып тұрған.
Мәкей мен Ілиястың қарым-қатынасы тек қызметтегі кездесулермен шектелмеген. Демалыс кезінде Ілияс Мәкейді ертіп ел аралаған. Мәкейдің де ауыз әдебиетін жақсы білетіні естеліктерден аңғарылады. Демек, олардың әңгімесі күнделікті тіршіліктен ғана емес, елдің тарихы, әдебиеті, мәдениеті мен болашағынан өрбіген. Мұны 1925 жылы Жетісу губерниясының халық оқу-ағарту комитеті инспекторларының кеңесінде қабылданған құжаттар да толықтыра түседі. Сол жылы 10-13 сәуірде өткен кеңес отырысының төрағасы Ілияс Жансүгіров, хатшысы Мәкей Еркінбеков болған. Яғни екі азамат елдің оқу-ағарту ісіне қатысты маңызды мәселелерді бірге қарастырып, шешім қабылдаған. Мәкей де поэзияға жақын болғаны жөнінде Өсербай Жұмахановтың мақаласында жан-жақты айтылады. Мәкей Еркінбеков:
Сараны жас күнімде мен де көргем,
Үш Жақсылық, Тасыбай деген елден.
Қардай боратқанда қара өлеңді,
Екпіні күшті еді соққан желден, – деп ақын Сараның жыр дүлділі болғанын жырға қосқан. Ақсулық айтыс ақыны Қуат Терібаевтің де Мәкеймен сыйлас болғандығы жөнінде деректер бар.
Журналист Өсербай Жұмахановтың жазуынша, екеуі «Мұзбұлақ», «Салқынбел», «Күреңбел» жайлауларында бірге болған. Бір жолы Ілияс Мәкейге «Мұзбұлақ» пен «Ақтасты» тауларына қарап, сол көріністі өлеңге арқау еткенін айтқан. Сонда «Тау суреті» деген өлеңінің:
Мұрыны Мұзбалақтың көкте мүлгіп,
Ақтасты аспанға әдей тірелгендей.
Қар кете қарлы аланы қақ айыра,
Қаптағай қаптай көшед Бүйенді өрлей.
Түйірлі бұршақ нөсер ұшықтайды,
«Ши ұшық», «қырық аяқ су» жібергендей.
Көкжамбас, көл Көпірлі таудың көркі,
Жатқан мұз Шатыртастың көкше бөркі
Ақиық Демікпеден алған адам,
Алдырар Айдарлыдан Алтай түлкі, – деген өлең жолдары туған екен.
Табиғаттың әрбір құбылысын жүрегімен қабылдайтын ақын үшін бұл жерлер жай ғана тау мен өзен емес, өлеңге айналар рухани әлем еді. Мәкей де Ілиястың осы ерекшелігін түсінген. Ол ақынның табиғатқа сүйіспеншілігін, сөз өнеріне деген талғамын қадірлеген.
Мәкей мен Ілиястың достығын сөз еткенде, олардың екі түрлі салада қызмет еткенін де ұмытпау керек. Ілияс – қазақтың ұлы ақыны, жазушысы, журналисі. Мәкей – ағартушы, ұстаз, білім ұйымдастырушысы. Бірі сөзбен халықтың рухын көтерсе, екіншісі мектеп пен шәкірт арқылы елдің сауатын ашты. Мәкейдің шәкірттері де оның еңбегінің қаншалықты жемісті болғанын дәлелдейді. Оның тәрбиесінен кейін Қазақ ұлттық ғылым академиясының академигі болған Жүрімбек Сыдықов, профессор Иманбек Сүлейменов, «Алтын адамды» тапқан белгілі археолог Бекмұханбет Нұрмұханбетов секілді елге танымал азаматтар шықты. Нағыз ұстаздың еңбегі оның өз атымен ғана емес, шәкірттерінің өмірімен өлшенеді. Осы тұрғыдан алғанда Мәкей Еркінбековтің артында қалған рухани мұраның салмағы зор. Ал Ілиястың мұрасы – халқына қалдырған өлмес шығармалары. Оның жырларында туған жердің табиғаты, елдің тұрмысы, халықтың арманы мен мұңы кең көрініс тапты. Бірі балалардың қолына кітап ұстатса, бірі халықтың қолына жыр ұстатты. Бірі жетім баланың басынан сипап, оған баспана іздеді. Бірі елдің рухани жадын сөз өнері арқылы сақтап қалды. Сондықтан Мәкей мен Ілиястың достығын екі адамның арасындағы сыйластық деп қана қарау аздық етеді. Бұл – бір дәуірдегі қазақ зиялыларының бір-біріне сүйеніп, елдің еңсесін көтеруге ұмтылғанының бір көрінісі.
Ақсу өңірінің тарихын таразыласақ, Мәкей Еркінбековтің есімі оның ағартушылық тарихынан лайықты орын алуға тиіс. Ал Ілияс Жансүгіровтің аты қазақ әдебиетінің төрінде мәңгілік тұр. Мәкей – Ақсудың ағартушысы. Ілияс – Ақсудан түлеген ұлы ақын.
Бүгінгі ұрпақ үшін Мәкейдің өмірі – білімге қызмет етудің, жетімге қамқор болудың, қиын кезеңде адамдық қасиетті жоғалтпаудың үлгісі. Ал Ілиястың ғұмыры – сөзге, өнерге, туған жерге адал болудың өнегесі. Сол себепті Мәкей мен Ілиястың есімін қатар атау – өткенді еске алу ғана емес. Бұл Ақсу топырағынан шыққан азаматтардың ел тарихындағы орнын бағалау, олардың өнегесін кейінгі ұрпаққа жеткізу. Өйткені ел тарихын ұлы істерімен байытқан азаматтардың өмірі ұмытылмайды. Ал Мәкей мен Ілиястың елге сіңірген еңбегі – сондай өшпес мұраның бірі.
Гүлжан ТҰРСЫН





