Қазақ тарихының қилы кезеңдерінің бірі – Екінші дүниежүзілік соғысы. Сол от-жалын жылдары мыңдаған боздақ ел үшін жанын шүберекке түйіп, майдан даласында ерлікпен көз жұмды. Солардың бірі капитан Жұмәділ Әубәкіров еді.
Ақсу ауданы Арасан ауылының перзенті, елдің елдігі үшін еңсесін тіктеген Жұмәділ Әубәкіровтің ғұмыр жолы – төзім мен табандылықтың көрінісі. 1911 жылы кедей отбасында дүниеге келіп, жетімдіктің дәмін татқан, жоқшылық көрген, жалшылықпен есейіп, маңдай терін еңбекпен төккен қарапайым қазақтың баласы. 1933 жылы әскерге шақырылып, полк мектебінен бастап, лейтенанттар курсын үздік аяқтап, капитан дәрежесіне дейін өскен. Соғыста №100-ші дербес атқыштар бригадасының комиссары қызметін атқарған. Қызыл Армияның капитаны, Қызыл Ту, Қызыл Жұлдыз жоғары дәрежелі ордендерінің кавалері.
Ел аузында айтылар тағы бір дерек – осы бригадада ержүрек қыз Мәншүк Мәметова мен жазушы Әзілхан Нұршайықов Жұмәділ Әубәкіровтің қарамағында болған. Бұл – тарихи шындық. Демек, ол тек жауынгер ғана емес, ұрпаққа өнеге болар ұстаз, ұлағат иесі.
Алматының «Тастақ» ауданында жасақталған бригада Великие Луки түбіндегі кескілескен шайқаста жауға қарсы тұрып, сол майданда капитан Әубәкіров 32 жасында қаза тапқан. Қолына қару алып, Отан үшін от кешіп, болашақ ұрпақ үшін жанын қиған есіл ердің есімі бүгінгі ұрпақ жадында жаңғыра түссе игі.
Бұл тұрғыда батыр жайлы ел ішінде аз айтылып жүрген жоқ. Қызы Рена-Орал Әубәкірова жазған «Капитан Әубәкіров» атты кітап әке рухына деген адалдық пен жүрек қанына суарылған сағыныштың жемісі. 2008 жылы 23 қазан күні облыстық «Jetisy» газетінде белгілі журналист Қуат Қайранбаевтың «Ерлігі елге өнеге» атты мақаласы жарық көрген. Бұл мақалада да Жұмәділ Әубәкіровтің ерлігі, өмірі жайлы тың деректер берілген.
Жазушы Әзілхан Нұршайықовтың өзі кезінде сол тұстағы облыс басшысына арнайы хат жолдап, батырдың есімін Ақсу ауданы, Суықсай ауылындағы Ю. Гагарин атындағы мектепке беруді сұраған. Өкінішке қарай, бұл хат та көмескіленіп кеткен секілді.
Бүгінде осы мәселеге байланысты батырдың келіні Нұршайым Рахатаева мен Әубәкіровтің ұрпақтары да үн қосып отыр. Олар көп жылдан бері тиісті мекемелерге хат жазып, ұсыныс білдірумен келеді. Ендігі тілек, осы азаматтық ниетке құлақ түрілер кез жетсе екен.
«Аруақ риза болмай, тірі байымайды» дейді қазақ. Олай болса, Жұмәділ Әубәкіровтей атпал азаматтың атын ардақтап, жаңғырту – елдік пен ерліктің тұтасып тұрар тұғыры.
Санжар СҰЛТАНҒАЗЫ





